Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпараттық кеңістік шексіз кеңейді, оның ішінде діни мазмұнды ақпараттың да үлесі еселеп артты. Бұл жағдай әсіресе жастар үшін үлкен мүмкіндікпен қатар, айтарлықтай қауіп те әкеледі. Діни білімді жүйелі түрде алмаған немесе сын тұрғысынан ойлау қабілеті қалыптаспаған жас буын радикалды идеялардың ықпалына тез түсіп кетуі мүмкін.
Желіде діни мазмұнды ақпараттың шынайысын жалғанынан ажырату оңай емес. Жастар көбіне TikTok, YouTube секілді платформалардан діни видеолар көреді. Ал мұндай контенттің бәрі бірдей сенімді емес. Ақпаратты талдап, тексеру дағдысы жоқ кезде деструктивті ағымдардың ықпалына түсіп қалу қаупі жоғарылайды.
Көптеген жас діни сауатын мамандардан емес, интернеттен қалыптастыруға бейім. Бұл – діни түсініктің фрагменттелуіне, белгілі бір уағызшыларға тәуелді болуына әкеледі. Қазіргі радикалды топтар бұрынғыдай жасырын емес. Олар заманауи трендтерді пайдаланып, жасөспірімдерге жақын стильде контент жасайды: анимация, мотивация, қысқа видеолар, ойын платформаларындағы топтар. Діни сауаты жүйесіз қалыптасқан, ақпараттық талдау дағдысы әлсіз жастар көп жағдайда «бейресми» уағызшылардың ықпалына түсіп қалады, ал психологиялық қолдаудың жетіспеуі, қоғамдағы орнын таба алмау, өзіндік идентификация дағдарысы деструктивті топтардың қабылдауына жол ашады. Мұндай ортада жастардың діни қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың ақпараттық мәдениетін көтеру, дұрыс діни білім ұсыну, отбасылық қолдауды күшейту, сондай-ақ теологтар мен психологтар тарапынан тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.
Жалпы алғанда, жастар арасындағы діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қоғамның тұрақтылығы мен рухани саулығын сақтауда шешуші маңызға ие міндет. Ақпараттық кеңістіктің ықпалы күшейген қазіргі кезеңде жас буынның діни сауатын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, интернеттегі қауіптердің табиғатын түсіндіру және психологиялық қолдауды күшейту – радикалды идеологиялардан қорғанудың басты тетіктері. Жастардың әлеуметтік ортасын қолайлы ету, олардың тұлғалық дамуына жағдай жасау және дер кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы ғана деструктивті діни ықпалдарға қарсы пәрменді иммунитет қалыптастыруға болады.
«Насихат» қоғамдық бірлестігінің теологі Д. Байжігітов