Деструктивті діни ағымдардың идеологиясы қазіргі таңда тек жаһандық қоғамдастыққа ғана емес, Қазақстанға да нақты қауіп төндіріп отыр. Бұл ағымдардың ерекшелігі — олардың дінді саясиландырып, шынайы рухани-адамгершілік құндылықтардан алыстауы. Мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – қоғамның ішкі бірлігін бұзу, азаматтардың заңға деген құрметін әлсірету, мемлекеттік құрылымды мойындамауға шақыру.
Балалардың құқығын шектеу – діни деструкцияның көрінісі. Деструктивті діни топтар, әсіресе, балаларды ерте жастан өз идеологиясына тартуға тырысады. Бұл – баланың білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, мәдени ортада дамып, толыққанды балалық өмір сүру құқығының бұзылуына әкеледі. Мәселен, соңғы жылдары Қазақстанның кейбір аймақтарында мектепке барудан бас тартқан немесе ұлттық мерекелерді атап өтуге тыйым салған ата-аналар анықталған. Олардың діни сенімі балалардың мектеп киімін киюіне, сурет салуына, ән айтуына немесе мектеп шараларына қатысуына шектеу қойып отыр. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына және Бала құқықтары туралы конвенцияға қайшы келеді.
Деструктивті діни идеология өкілдері көбіне мемлекеттік рәміздерге (Ту, Елтаңба, Әнұран), мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрлерге теріс көзқарас танытады. Олар Отан алдындағы борыш, мемлекеттік құрылым, ұлттық салт-дәстүр сынды ұғымдарды «ширк» деп айыптап, қоғам мүшелерін бөлшектеуге тырысады. Кейбір отбасыларда балаларының мемлекеттік әнұран айтылмай тұрып сыныптан шығуына мәжбүрлеген жағдайлар кездескен.
Көптеген деструктивті топтар Құран аяттары мен хадистерді контекстен бөліп алып, тікелей мағынада түсіндіреді. Олар ислам іліміндегі мәзһабтық жүйені жоққа шығарып, дәстүрлі діни мектептердің орнына «нақты дәлелге сүйену керек» деген желеумен әркім өз бетінше үкім шығаруына жол береді. Бұл – діни білімнің үстірт, үстемелеп қабылдануына әкеледі. Қазақстанда бұл үрдіс 2000 жылдардың ортасында айқын көріне бастады. Жастар арасында интернет арқылы таралған селективті уағыздар мәзһабқа қарсы пікірлердің белең алуына жол ашты. Қазіргі таңда ҚМДБ, теологтар мен мемлекеттік органдар бұл бағытта қарсы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Қоғам үшін тек лаңкестік әрекеттерге қатысы бар топтар ғана емес, сонымен бірге экстремистік идеяны насихаттайтын, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын жоққа шығаратын топтар да қауіпті. Олар халықтың сенімін пайдаланып, заңнан жоғары тұруды уағыздайды. Мысалы, 2016 жылғы Ақтөбе оқиғасы – радикалды идеологияның нақты салдары болды. Бұл оқиғада қылмыскерлер дүкен мен әскери бөлімге шабуыл жасап, жазықсыз адамдардың өміріне қауіп төндірді. Олардың бәрі — діни фанатизм мен мемлекеттік құрылымды мойындамаудың салдары екенін ресми тергеулер көрсетті.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы дін ұстануға еркіндік береді. Бірақ бұл еркіндік басқа адамдардың құқықтарына және мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі керек. Діни сенім — жеке адамның ісі, ал деструктивті әрекеттер — заңмен шектеледі.
Егер сіз елімізде тыйым салынған діни ұйымдардың әрекеттеріне тап болсаңыз, жергілікті полицияға немесе тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуіңіз қажет. Қауіпсіздік – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Деструктивті діни ағымдар — руханиятты емес, араздықты туындататын, сенім емес, күмән мен бөлінушілікті насихаттайтын жүйелер. Қазақстан үшін басты құндылық — бейбітшілік, конфессияаралық келісім және заң үстемдігі. Сол себепті әр азамат деструктивті діни идеологияға қарсы тұрудың маңызын түсініп, діни сауаттылықты арттыруға күш салуы тиіс.
Теолог Байжігітов Диас