Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Өздеріңіз білетіндей, мүгедектігі бар адамдар халықтың әлеуметтік осал
топтарына жатады, ал мемлекет өз кезегінде оларға түрлі жеңілдіктер береді.
Еңбек заңнамасындағы жеңілдіктер:
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 69–бабының 3-
бөлігіне сәйкес I және II топтардағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге аптасына 36
сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.
ҚР ЕК-нің 89-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес I және II топтардағы
мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл
сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде (бұдан әрі – ҚР ӘҚБтК)
жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі
жыл бойы бермегені үшін (ҚР ӘҚБтК 88-бабы) және жұмыс уақытының қалыпты және
қысқартылған ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін (ҚР ӘҚБтК 89-бабы) жұмыс
берушінің жауапкершілігі көзделген.
Жоғарыда көрсетілген жеңілдіктерді беруден бас тартқан жағдайда, Сіз
Ақмола облысының еңбек инспекциясы басқармасына жұмыс берушіні әкімшілік
жауапкершілікке тарту туралы мәселе қойып жүгіне аласыз.
Салық заңнамасындағы жеңілдіктер:
ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы»
Кодексінің (бұдан әрі – ҚР СК) 490-бабының 3-бөлігінің 6-тармақшасына, 526-бабының
2-бөлігінің 2-тармақшасына сәйкес мүгедектігі бар адамдар көлік құралдарына
(меншіктегі мотоколяскалар мен автомобильдер бойынша – салық салу объектісі болып табылатын бір
автокөлік құралы бойынша) және жеке тұлғалардың мүлкіне (тұрғын үй қоры, соның ішінде
оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша; үй
жанындағы жер учаскелері бойынша; құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы)
шаруашылығын жүргізу, бағбандық және саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша) салық төлеушілер болып табылмайды.
ҚР СК-нің 616-бабының 13-тармақшасына, 617-бабының 4-тармақшасына, 622-
бабының 4, 5-тармақшаларына сәйкес мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ
мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі соттарда (барлық істер мен құжаттар
бойынша), нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде, паспорттар мен жеке
куәліктер берген кезде, автокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін беру
кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
ҚР СК 346-бабының 1-бөлігінің 2, 3-тармақшасына сәйкес стандартты
шегерімдер АЕК-тің 882 еселенген мөлшері (күнтізбелік жыл үшін) болып табылады,
бұл адамның бірінші, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектігі бар адам, сондай-ақ
мүгедектігі бар баланың ата-аналарының бірі болып табылады (яғни, егер Сіздің
жылдық табысыңыз 882 АЕК-тен аспаса, онда Сіз ЖТС төлеуден босатыласыз).
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқорлық жасаңыз!
Ақмола облысын прокуратурасы