Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру қағидалары

Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-8) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат алу тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) құрылыс қызметі (бұдан әрі – құрылыс) – жаңа объектілер салу және (немесе) бар объектілерді (үйлерді, ғимараттар мен олардың кешендерін, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтіру, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндіру), сондай-ақ аяқталмаған объектілер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектілерді кейіннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндірістік және өндірістік емес негізгі қорларды құру жөніндегі қызмет;

      2) объектіні кейіннен кәдеге жарату – күрделі құрылыстың (үйдің, ғимараттың, кешеннің) пайдаланылуы (пайдалану, қолдану) тоқтатылғаннан кейін қалпына келтірілетін элементтерін (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіріп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені;

      3) бөлшектеуге және бұзуға арналған жұмыс жүргізу жобасы (бұдан әрі – ЖЖЖ) – берілген алаңда нақты объектіні бөлшектеу және бұзу жөніндегі жұмыстардың ұтымды технологиялары мен оларды ұйымдастыру мәселелері егжей-тегжейлі пысықталатын құжаттама;

      4) бұзу – бөлшектеу немесе қирату жолымен құрылыстарды немесе құрылыс элементтерін толық немесе ішінара жою;

      5) өз бетінше салынған құрылыс – бұл мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік;

      6) заңсыз құрылыс – бұл өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе тұрмыстық объектілерді жерге тиісті құқықсыз заңсыз салу.

  1. Ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу және бұзу (кейіннен кәдеге жарату) әзірленген жобалау (жобалау-сметалық құжаттама) негізінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

       Ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға (кейіннен кәдеге жаратуға) арналған жобалау құжаттамасын әзірлеу кезінде жауапкершілік деңгейі және ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) белгіленеді.

  1. Объектінің жауапкершілік деңгейіне байланысты жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сондай-ақ инжинирингтік көрсетілетін қызметтер мен сараптама жұмыстарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамада белгіленген рұқсат құжатының (лицензия, сарапшының аттестаты, аккредиттеу куәлігі) негізінде тұлғалар орындайды.
  2. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу кезінде ЖЖЖ дайындау ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын жүргізілген техникалық тексеру нәтижелерін ескереді.

       Жаңа объектіні бір мезгілде тұрғыза отырып бұзу кезінде құрылыс Заңның 60-бабына сәйкес жобалардың ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

      Егер ғимараттар мен құрылыстарды бұзу мемлекеттік инвестициялар қаражатын тарта отырып не олардың қатысуымен жүзеге асыру жоспарланған жағдайда тапсырыс беруші объектіні бұзуға сметалық құжаттаманы дайындауды қамтамасыз етеді.

  1. ЖЖЖ әзірлеу Заңның 60-бабының 2-тармағында көрсетілген объектілер бойынша талап етілмейді. Сонымен қатар мұндай объектілерде бұзу меншік иесімен өз бетінше осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес "Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес объектілерді кейіннен кәдеге жарату (құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат (бұдан әрі – Бұзу туралы рұқсат) негізінде жүзеге асырылады.

       Заңның 60-бабының 1-тармағына сәйкес қоршалған тұрғын үйдің немесе тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстардың бір бөлігін бұзу кезінде жобаны ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізе отырып тұрғын үйдің немесе тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстардың қалған бөлігін күшейту жөніндегі жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу талап етіледі.

  1. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу туралы шешім алу үшін басқа мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу талап етілмейді.
  2. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзуды жүзеге асыру үшін объектілерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сыртқы инженерлік желілерден ажырату қажет.

      Объектіні сыртқы инженерлік желілерден ажыратқаннан кейін ғимараттар мен құрылыстарды бұзу ЖЖЖ сәйкес жүзеге асырылады.

  1. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу барысында құрылысқа қатысушылар адамдардың өміріне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алуға арналған шаралар қабылдайды және уақытша қоршауларды, кірме жолдарды орнату және құрылыс қоқыстарын кәдеге жарату жөніндегі іс-шаралар жүргізеді.
  2. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 46-бабында белгіленген тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпке және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтарда № 4 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы қағидаларға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарды хабардар етеді.
  3. Ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу және бұзудан кейін тапсырыс беруші (меншік иесі) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды бұзу актісін жасайды және үш жұмыс күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға міндетті есепке алуға және тіркеуге ұсынады.
  4. Бұзу актісі сәулет, қалақұрылысы және құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарда міндетті есепке алынуға және тіркеуге жатады.
  5. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға байланысты мүлікке құқықтың тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 27 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20610 болып тіркелген) Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ережелерінің негізінде жүзеге асырылады.
  6. Жерге тиісті құқығынсыз, сол сияқты өз бетінше салу кезінде, сондай-ақ заңды күшіне енген соттың шығарылған шешімдері мен жер қатынастары және/немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың ұйғарымдары болған жағдайда Бұзу туралы шешім алу талап етілмейді.
  7. Өз бетімен салынған құрылысты бұзуды өз бетімен салынған құрылысты адам, ал мұндай адам туралы мәліметтер болмаған кезде өз бетімен салынған құрылыс салынған жер учаскесінің құқық иесі жүзеге асырады.
  8. "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабымен реттелетін авариялық ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға байланысты төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде Бұзу туралы шешім алу талап етілмейді.

      Меншік иесі мүлік ретінде жылжымайтын мүлік объектісінің мүлікті жұмыс істеуі тоқтатылған кезде үш жұмыс күні ішінде бұл туралы сәулет және қала құрылысы саласындағы жергілікті атқарушы органды жазбаша хабардар етеді.

      Иесіз жылжымайтын мүлікті есептен шығару кезінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы үш жұмыс күні ішінде бұл туралы жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылысы саласындағы жергілікті атқарушы органға жазбаша хабарлайды.

  1. Осы Қағидалардың талаптарын орындамағаны үшін жеке, заңды тұлғалар және лауазымды тұлғалар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 20-тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 279 және 280-баптарының көзделген жауаптылықта болады.

 2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

  1. "Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
  2. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті (бұдан әрі – өтініш) "Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген құжаттарды қоса беріп, "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы береді.
  3. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын, мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтер Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес жазылған.
  4. Көрсетілетін қызметті беруші өтінішті және құжаттарды түскен күні тіркейді. Көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінішті мен мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күнінде жүзеге асырылады.
  5. Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алу күнін көрсетіп, мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.
  6. Жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжатты көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
  7. Көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің жұмыскері Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді түрде бас тартады.

 

  1. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, мемлекеттік қызмет берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің жұмыскері ұсынылған құжаттардың дұрыстығын және көрсетілетін қызмет алушының және (немесе) ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің осы Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында бекітілген талаптарға сәйкестігін техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі емес объектілер бойынша 4 (төрт) жұмыс күні ішінде, техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілер бойынша 9 (тоғыз) жұмыс күні ішінде тексереді және 1 (бір) жұмыс күні ішінде объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес ресімделеді.

       Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесінің қызметкері өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім жайында, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша өтініш берушінің ұстаным танытуына мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетін уақыт пен орын туралы хабарлама жібереді.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында оң нәтиже не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту жолданады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 01.03.2022 № 115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Мемлекеттік қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректер автоматты режимде мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне түседі.

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторын sd@nіtec.kz электрондық поштасы бойынша бірыңғай қолдау қызметіне сұрау салу арқылы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы, өтініштің әкімшілік құжатының нөмірі мен коды немесе өтініштің бірегей сәйкестендіру нөмірі, әкімшілік құжаттың нөмірі мен коды бойынша ақпаратты міндетті түрде ұсына отырып немесе рұқсат беру құжатының бірегей сәйкестендіру нөмірі, көрсетілетін қызметті алушының жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес сәйкестендіру нөмірі, авторизациялау сәтінен бастап қатенің нақты уақытын көрсете отырып, қате туындаған сәтке дейін қадамдық скриншоттарды қоса бере отырып хабардар етеді.

 3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

 

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса не әрекет жасаса, ол шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

       Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа шағым жасауға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 01.03.2022 № 115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
  2. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
Дата публикации
20 мая 2022