
Н
Бүгінгі күнде Ақмола облысы бойынша ASHYQ жобасына қатысуға 3671 өтінім келіп түсті, барлық кәсіпкерлік нысандарына QR-кодтар берілді. Алгоритм талаптарын бұзғаны үшін 33 кәсіпкерлік объектісі екі аптаға жобадан шығарылды. Бұл объектілерде 3 күннен астам уақыт бойы келушілерге check-in жүргізілмеген. Жоба аясында белсенді жұмыс жүргізген 21 кәсіпорын өз QR-кодын ең көп қолданып, ASHYQ жобасының көшбасшылары ретінде танылды. ASHYQ жобасының арқасында Ақмола облысында карантин талаптарын бұзған 1123 адам анықталған, оның ішінде «қызыл» статуспен – 339 адам, «сары» статуспен - 784 адам. «Қызыл» және «сары» статуспен қоғамдық орындарға барған талап бұзушылар Бурабай ауданында - 32 адам, Көкшетау қаласында - 29 адам, Степногорск қаласында - 6 адам, Атбасар ауданында - 4 адам анықталған. Сондай-ақ, облыста Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларының және басқа да облыстардың «қызыл» немесе «сары» статусы бар тұрғындары туристік объектілер мен түрлі мекемелерге барған фактілер анықталып отыр.. Мұндай жағдайлардың ең көп саны Көкшетау мен Бурабай ауданында тіркелген. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында «сары» статусымен -10 және «қызыл» статусымен - 9 ақмолалық анықталған. Үй карантинін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға 71 әкімшілік айыппұл салынды, қысқартылған өндіріс тәртібінде айыппұлдардың жалпы сомасы 2 887 830 теңгені құрады. Қалған тәртіп бұзушылардың үй карантині мерзімі әлі аяқталған жоқ, оқшаулау аяқталғаннан кейін оларға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады. Бұл статистика көрсеткендей, өкінішке орай, кейбір азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайды, адамдар көп жиналатын объектілерге баруға, облыс ішінде жүріп-тұруға тырысады, осылайша басқа келушілер үшін вирус жұқтыру қаупін тудырады.