«Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты жоба қолға алынды
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе азаймай отыр. Осыған байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты алғашқы жобаны қолға алды.
Қанатқақты жоба алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысында іске асырылмақшы. Бұл орайда неге Оңтүстік Қазақстан облысы деген сұрақтың туындауы заңды. Себебі, аталған өңірде зорлық-зомбылық күн өткен сайын артып отыр. Былтыр тұрмыста теперіш көргендерге қатысты 500 факті тіркелген. Күніне 12 әйел отағасынан зәбір көреді екен. Бірақ, ағайын-туғанының сөзінен аяқ тартып, ашық жариялайтындар аз көрінеді. Өткен жылы отбасындағы қылмыс салдарынан 36 әйел, 1 бала қайтыс болған. Күнгейде балаларға жасаған жыныстық зорлықтың 74 пайызы таныстарынан, 22 пайызы әкелерінен зорлық көрген. Азапқа шыдай алмағандардың арасында 4-мыңға жуық әйел, 586 бала өз өзіне қол жұмсаған. Соның салдарынан 742 әйел өлім құшып, 175 жасөспірім қыршынынан қиылған.
Осы және өзгеде себептерді ескеріп Қазақстанның бас прокуратурасы аталған жобаны қолға алған. Жоба жетекшісі Салтанат Тұрсынбекова зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұрт болып жұмылуға шақырды.
«Бұл «Жол картасында» үш бағытта ең өзекті проблемаларды анықтап, оның оңтайлы, тиімді жолдары белгіленді. Біріншіден, зорлық-зомбылықпен күрестің тиімділігін бүгін ешкім бағалап отырған жоқ. Ана мен баланы қорғауға барлық органдар тікелей қатысуы керек» деді ол.
Жаңа жоба тұңғыш болып, түстік облыста сынақтан өтеді. Өйткен, мұнда халық саны басым. Әр түрлі ұлт өкілдері де көп шоғырланған. 54 пунктен тұратын жаңа жобаны Министрлік өкілдері мен прокуратура қызметкерлері 1 ай бойы насихаттайды.
Зорлық-зомбылық мәселесін алдын-алуда мектептің рөлі маңызды
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында ұйымдастырылған Бас прокуратураның «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасын жүзеге асыруға арналған жиын барысында Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы Ержан Жиенбай атап өтті.
«Осы пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде біздің алдымызға бірнеше міндеттер қойылды. Зорлық-зомбылық мәселесін алдын-алуда мектептің рөлі маңызды. Сол себепті біз бір ай бойы мектептерде мұғалімдер мен ата-аналар арасында үлкен ақпараттық науқан жүргіземіз. Яғни, әр мектептің басшыларымен, педагогикалық ұжыммен, сол мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесу өткіземіз. Соның нәтижесінде құқық бұзушылық салдарын анықтап нақты нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын» деді спикер.
Аталған жобаның негізгі мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністерін болдырмау және оның алдын алу жұмыстарында тиімді шараларды анықтау болып табылады.