
2021 жылы денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар институтын аккредиттеу рәсімін жетілдіруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат"ХАА тілшісі.
"COVID-19 бар пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын бағалау тұрақты негізде жүзеге асырылады", - деді Марат Шоранов. Вице-министр атап өткендей, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру жалғасады. Дәрілік заттарды ұлттық тіркеуден ЕАЭО шеңберінде фармацевтикалық инспекцияларды тіркеуге және жүзеге асыруға көшу жоспарлануда. "Пандемия жағдайында медицина қызметкерлері жұмысының нәтижелері тікелей әлеуметтік әсерге ие екені белгілі болды, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы экономиканың тұрақтылығы да байланысты", - деп қосты Марат Шоранов.