
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес 2021 жылғы 10 қаңтарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы тағайындалды.
Дауыс беру күні 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының әрбір азаматы дауыс беруге қатысып, өзінің сайлау құқығын іске асыра алады.
Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасайды.
Сіздің нақты сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз Сізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады.
Әрбір азамат сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер Сізге 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіз болмайтыны белгілі болған жағдайда, Сіз баратын жеріңіздегі әкімдікке Сізді сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.
Егер сіз тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және тұрғылықты жеріңіз бойынша уақытша тіркелген болсаңыз, Сіз 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні дауыс беретін сайлау учаскесін сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен өзіңіз уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз.
2020 жылғы 26 желтоқсанынан бастап Сізге сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
Ауданымыздың барлық азаматтарын жауапкершілік танытуға және сол арқылы өздерінің азаматтық борыштарын орындауға шақырамыз.
Біржан сал аудандық аумақтық сайлау комиссиясы