Біржан сал ауданының жергілікті атқарушы органдары қызметшілерінің және Мемлекеттік қызмет істері Агентігінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің өкілі Әнуар Қожақанұлының қатысуымен мемлекеттік қызмет саласындағы Заң талаптарын сақтау мәселесі жөніндегі онлайн семинарымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Мемлекеттік қызмет қоғам мүддесіне адал болуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға жәрдемдесуге, Мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен А.Е. Бекпаеваның жалақыны уақтылы, демалыс ақы және өтемақы төлемдерін төлемеу туралы өтініші қаралды.
Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi.
Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Қарау барысында Бірсуат ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 1-шілдедегі № 17 өкімімен А.Е. Бекпаева арнайы тексеру нәтижелерін алғанға дейін аппараттың бас маманының міндетін атқарушы болып қабылданғаны анықталды.
Бірсуат ауылдық округі әкімінің 2022 жылғы 26-қыркүйектегі № 22 өкімімен А.Е. Бекпаева аппараттың бас маманы лауазымына тағайындалды.
Аппарат қызметшілерінің 2022 жылға арналған бекітілген демалыс кестесіне сәйкес, А.Е. Бекпаева жоспар тізімінде жоқ.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 93-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленетінін атап өткен жөн.
А.Е. Бекпаева 2022 жылғы 3-қазанда Біржан сал ауданы Бірсуат ауылдық округінің әкіміне 2022 жылдың 7 қарашасынан бастап 14 күнтізбелік күнге созылатын 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап 2022 жылғы 5 желтоқсанға дейінгі жұмыс кезеңі үшін екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының бір бөлігін беру туралы жазбаша өтініш берген.
Біржан сал ауданы Бірсуат ауылдық округінің әкімі осы өтініш бойынша оң шешім қабылдады (өтініш келісілді), бұл туралы «Қарсы емеспін» деген визасы бар.
Бұл ретте, А.Е. Бекпаеваға демалыс беру туралы өкімнің 23 нөмірі берілгені, ал бұйрықтарды тіркеу кітабына сәйкес өкімнің тіркеу нөмірі 2022 жылғы 7-қарашадағы 26 нөмірі берілген.
Бұдан басқа, құжаттау қағидаларының 46-тармағының 4) тармақшасын бұза отырып, А.Е. Бекпаеваның демалысты беру туралы өкімінде құжатты ресімдеу кезінде оны көрсету міндеттілігіне қарамастан «құжаттың күні» деректемесі жоқ.
Бірсуат ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Г.Е. Нұралинаның түсіндірмелеріне сәйкес бұйрықтарды тіркеу кітабында және өкімнің көшірмесінде нөмірлеу А.Е. Бекпаеваның өтініші 2022 жылғы 3-қазанда жазылғандығына байланысты сәйкес келмейді.
А.Е. Бекпаеваның өтініші негізінде «Демалысты беру туралы» 2022 жылғы 7-қарашада № 26 Бірсуат ауылдық округі әкімінің өкімі шығарылды, оған сәйкес А.Е. Бекпаеваға 2022 жылдың 7-қарашасынан бастап екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлей отырып, ұзақтығы күнтізбелік 14 күн ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының бір бөлігі берілді.
Алайда, 2022 жылғы «Мемлекеттік қызметшілердің есептік-төлем тізімдемеcі» және «Ақша алушылардың тиісті шоттарына жүргізілген төлемдер бойынша үзінді көшірмелерді» зерделеу барысында жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу мерзімдері бұзылды, яғни 90632 теңге мөлшерінде демалыс ақысы 2022 жылғы 22 қарашада есептелді және төленді. Бұдан басқа, екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу бойынша төлемдер мен есептеулер жүргізілген жоқ.
Бұл Заңның 54-бабы 1-тармағының талаптары бұзылғандығын көрсетеді.
Бірсуат ауылдық округі әкімінің м.а. Г.Е. Нуралинаның түсіндірмесіне сәйкес, А.Е. Бекпаеваның екі лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеуге қаражат жоқ және кепілге салынған қаражаттың алдыңғы маман З.С. Альжановаға төленуіне байланысты жүргізілмеген. Нәтижесінде Біржан сал ауданы әкімінің өкімімен Г.Е. Нұралина лауазымдық міндеттерін орындамай, қызметшіге сауықтыруға арналған жәрдемақыны уақытылы төлемегені үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.
Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Сіздерден сұрайтынымыз, Сіздер басқарып отырған мемлекеттік мекемедегі мемлекеттік қызметшілердің еңбек демалысына шығу тәртібі заңда белгіленген талаптарға сәйкес болуын қатаң қадағалауларыңыз қажет.
Сол сияқты тағы да, 2022 жылғы 21 желтоқсанда аудан прокурорынан Біржан сал ауданы әкімінің атына 2022 жылғы 23 қарашада Біржан сал ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне учаскелік полиция инспекторы Б. А. Сүлейменовтің баянаты негізінде Степняк қаласы, Біржан сал көшесі, «Пирамида» кафесінің жанында, сағат кешкі 5 шамасында Біржан сал ауданының Заозерное селосының әкімі А.Т. Мешеловтің басқаруымен «ВАЗ-21214» маркалы автокөлігі, «Заозерное селосы әкімінің аппараты» ММ тіркелген, тіркемеде жылқының бір басын тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны жөнінде құқықбұзушылық туралы ұсынысы келді.
Полиция қызметкерлеріне берген түсіндірмесінде А. Т. Мешелов сағат 16:40 шамасында (жұмыс уақытында) Заозерное ауылынан Кеңащы ауылына қызметтік автокөлікпен барғанын, малды тасымалдауға арналған тіркемені қызметтік автокөлікке тіркеп, оған тиесілі жылқыны артқанын түсіндірді, оны Степняк қаласындағы тұрғылықты жері бойынша жануарды тасымалдауға тиісті анықтамасыз алып келген.
2022 жылғы 22 желтоқсанда бұл ұсыныс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Думан Қайратұлы Әбілевке қарау және тиісті шешім қабылдау үшін жіберілді. Нәтижесінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңын және «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің» талаптарын бұзғаны үшін Біржан сал ауданы Заозерное ауылының әкімі А.Т. Мешелов мемлекеттік мүлік - қызметтік автокөлікті жұмыс уақытында қызметтік мақсаттардан тыс пайдаланғаны және жұмыс орнында себепсіз болмағаны үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.
2022 жылғы 14 желтоқсанда Заозерное ауылының әкімімен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларына жол бермеу жөнінде әңгімелесу өткізілді, сондай-ақ одан ағымдағы жылдың 23 қарашасында жасаған бұзушылығы жөнінде түсіндірме алынды, әңгімелесу барысында А. Т. Мешелов өзінің кінәсін мойындап, ешқандай жағдайда әдепті бұзбауға тиіс екенін түсінді. «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің» 6-тармағы 8) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалану, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін талаптар қойылады.
Сіздер Біржан сал ауданы әкімінің «Біржан сал ауданының жергілікті атқарушы органдарының қызметтік автокөліктерінің қозғалысын шектеу туралы» өкімімен таныссыздар, қызметтік автокөлік құралдарын жұмыс уақытында қызметтен тыс мақсаттарда, демалыс және мереке күндері пайдалануға тыйым салынғаны туралы білесіздер.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адалдықпен құзыретті және тиімді орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасына жоғары талаптар қояды.
Осыны естеріңізден шығармаңыздар!
Биыл Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңына өзгерістер еңгізілген болатын, оның ішінде 54-бап бойынша Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы
Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
1-1. Сайланған әкім жоғары тұрған әкіммен келісім бойынша өз актісін шығару арқылы демалысқа кетеді.
Назарларыңызға рахмет!
Әнуар Қожақанұлы, алып қосарыңыз бар ма?
Сұрақтарыңыз бар ма?
Ендеше, бүгінгі семинар аяқталды, қатысқандарыңызға рахмет, сау болыңыздар!