Ескерту. Қағидалар Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2025 жылғы 16 қаңтардағы № 14 бұйрығымен жаңа редакцияда жазылды (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Осы Объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) шешім беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 6-8) тармақшасына, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) шешім алу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) демонтаждау және бұзу жұмыстарын жүргізу жобасы (бұдан әрі – ДБЖЖ) – осы алаңдағы нақты объектіні демонтаждау және бұзу бойынша жұмыстардың ұтымды технологиясы мен ұйымдастырылуы мәселелері егжей-тегжейлі пысықталатын құжаттама;
2) ғимараттар мен құрылыстарды бұзу – демонтаждау немесе бұзу арқылы ғимараттар мен құрылыстарды немесе олардың элементтерін толық немесе ішінара жою;
3) заңсыз құрылыс – жер учаскесіне тиісті құқықсыз өндірістік, тұрғын, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе тұрмыстық объектілерді салу;
4) құрылыс қызметі (бұдан әрі – құрылыс) – жаңа объектілерді салу және (немесе) қолданыстағы объектілерді (ғимараттарды, құрылыстарды және олардың кешендерін, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (демонтаждау), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды дайындау (өндіру), сондай-ақ аяқталмаған объектілер құрылысын консервациялау және ресурсы біткен объектілерді постутилизациялау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру арқылы өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы негізгі қорларды құру жөніндегі қызмет;
5) объектіні постутилизациялау – объектіні пайдалану (қолдану, іске жарату) тоқтатылғаннан кейін күрделі құрылысты (ғимаратты, құрылысты, кешенді) демонтаждау және бұзу жөніндегі жұмыстар кешені, бұл ретте қалпына келтірілетін элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бір мезгілде қалпына келтіру және қайта пайдалану, сондай-ақ қалпына келтіруге жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдеу жүзеге асырылады;
6) өз бетінше салынған құрылыс – мемлекетке тиесілі, жер учаскелері ретінде қалыптастырылмаған жерде, құрылыс жүргізген адамға тиесілі емес жер учаскесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес ол үшін қажетті рұқсаттарды алмай жасалған тұрғын үй, өзге де құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік.
3. Объектілерді постутилизациялау (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес әзірленген ДБЖЖ негізінде жүзеге асырылады.
Объектілерді постутилизациялау (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) бойынша ДБЖЖ әзірлеу кезінде жауапкершілік деңгейі және ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларымен белгіленеді.
4. Объектінің жауапкершілік деңгейіне қарай жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстары, сондай-ақ инжинирингтік және сараптамалық жұмыстар Заңда белгіленген рұқсат беру құжатының (лицензия, сарапшы аттестаттары, аккредиттеу туралы куәлік) негізінде адамдармен орындалады.
5. Ғимараттар мен құрылыстардың ДБЖЖ-сын дайындау кезінде ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығына жүргізілген техникалық тексеру нәтижелері ескеріледі.
Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу жаңа объектіні бір мезгілде тұрғызу арқылы жүзеге асырылған кезде құрылыс Заңның 60-бабына сәйкес жобалардың кешенді ведомстводан тыс сараптамасынан өткен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу мемлекеттік инвестициялар қаражатын тарта отырып не олардың қатысуымен жүзеге асырылады деп жоспарланған жағдайда, тапсырыс беруші объектіні бұзуға арналған сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етеді.
6. Заңның 60-бабының 2-тармағында көрсетілген объектілерді бұзу үшін ДБЖЖ талап етілмейді. Осындай объектілердің меншік иелері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес «Объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) шешім беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне (бұдан әрі – Негізгі талаптар тізбесі) сәйкес объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) берілген шешімнің (бұдан әрі – Бұзу туралы шешім) негізінде ғимараттар мен құрылыстарды өз бетінше бұзуды жүзеге асырады.
Заңның 60-бабының 2-тармағында көрсетілген объектілер бойынша техникалық тексеру жүргізу талап етілмейді.
Блокталған тұрғын үйдің немесе тұрғын емес ғимарат пен құрылыстың бір бөлігін бұзу кезінде Қазақстан Республикасының Заңының 60-бабының 1-тармағына сәйкес жобаның кешенді ведомстводан тыс сараптамасынан өту арқылы тұрғын үйдің немесе тұрғын емес ғимарат пен құрылыстың қалған бөлігін күшейту жөніндегі жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу талап етіледі.
7. Бұзу туралы шешім алу үшін өзге де мүдделі уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу талап етілмейді.
8. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – Көрсетілетін қызметті беруші) техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілер бойынша берілген Бұзу туралы шешімдер туралы ақпаратты есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күніне дейін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ай сайын жібереді.
9. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзуды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосылуды ажыратуға берілген техникалық шарттарға сәйкес объектіні барлық сыртқы инженерлік желілерден ажырату қажет.
Объектіні сыртқы инженерлік желілерден ажыратқаннан кейін ғимараттар мен құрылыстарды бұзу жөніндегі жұмыстар ДБЖЖ-ға сәйкес жүзеге асырылуы қажет.
10. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу процесінде құрылысқа қатысушылар адамдардың өміріне немесе денсаулығына, жеке немесе заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шараларды көздейді және уақытша қоршауларды, кіреберіс жолдарды орнату және құрылыс қоқыстарын кәдеге жарату жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
11. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарды Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 46-бабында және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау және хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау қағидаларында белгіленген тәртіппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабардар етеді.
12. Ғимараттар мен құрылыстарды демонтаждау және бұзу аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші (меншік иесі) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес ғимараттар мен құрылыстарды бұзу актісін жасайды және оны есепке алу және тіркеу үшін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Көрсетілетін қызметті берушіге ұсынады.
13. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзу актісі Көрсетілетін қызметті берушіде міндетті түрде есепке алынуға және тіркелуге жатады.
14. Ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға байланысты жылжымайтын мүлікке құқықтың тоқтатылғанын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 27 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20610 болып тіркелген) «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының негізінде жүзеге асырылады.
15. Тиісті жерге құқықсыз өз бетінше салынған құрылыс болған кезде, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімі және жер қатынастары және (немесе) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқамалары (ұсынулары) болған кезде Бұзу туралы шешім және (немесе) бұзу актісін алу талап етілмейді.
16. Өз бетінше салынған құрылысты оны салған адам, ал мұндай адам туралы мәліметтер болмаған жағдайда өз бетінше салынған құрылыс орналасқан жер учаскесінің құқық иеленушісі бұзады.
17. Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 57-бабымен реттелетін төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде авариялық ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға байланысты Бұзу туралы шешім алу талап етілмейді.
Мүлік иесі мүліктің жылжымайтын мүлік объектісі ретінде өмір сүруінің тоқтатылуы кезінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде Көрсетілетін қызметті берушіге жазбаша хабарлайды.
Иесіз жылжымайтын мүлікті есептен шығарған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 3 (үш) жұмыс күні ішінде жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша Көрсетілетін қызметті берушіге жазбаша хабарлайды.
18. Осы Қағидалардың талаптарын сақтамағаны үшін жеке, заңды және лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20-тарауында және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 279 және 280-баптарында көзделген жауаптылықта болады.
19. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орталық мемлекеттік орган Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектендіреді және оны Бірыңғай байланыс орталығына, Көрсетілетін қызметті берушіге және «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына жібереді.
20. «Объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) шешім беру» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) Көрсетілетін қызметті беруші көрсетеді.
21. Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті Негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып береді.
22. «Объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) шешім беру» мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын талаптар, оның ішінде нысаны, көрсету нәтижесі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтер Негізгі талаптар тізбесінде жазылған.
23. Көрсетілетін қызметті беруші өтінішті және құжаттарды олар келіп түскен күні тіркеуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
24. Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды берген кезде «жеке кабинетте» мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алу күнін көрсете отырып көрсетіледі.
25. Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқық ауыртпалықтары) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжатты Көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
26. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері Негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды береді.
27. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде, Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі емес объектілер бойынша 4 (төрт) жұмыс күні ішінде, техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілер бойынша 9 (тоғыз) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың дұрыстығын және көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің Негізгі талаптар тізбесінде белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және 1 (бір) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша объектілерді постутилизациялау бойынша жұмыстар кешенін жүргізуге (ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға) шешім ресімделеді.
Негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде, Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден алдын ала бас тарту туралы шешім, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіру мүмкіндігін беру үшін тыңдау өткізілетін уақыт пен орын (тәсіл) туралы хабарлайды.
Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабарлама жіберілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.
Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті алушының порталдағы «жеке кабинетіне» Көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық құжат нысанында оң нәтиже не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту жіберіледі.
28. Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректердің енгізілуін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік рұқсаттар мен хабарламалардың ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетілген кезде мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректер мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне автоматты режимде түседі.
29. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті мәліметтер қамтылған ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда, Көрсетілетін қызметті беруші 1 (бір) жұмыс күні ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына электрондық пошта арқылы sd@nitec.kz бірыңғай қолдау қызметіне сұрау салу жіберу арқылы хабарлайды.
Бұл ретте мемлекеттік қызметтің атауы, әкімшілік құжаттың нөмірі мен коды, өтініштің немесе әкімшілік құжаттың бірегей сәйкестендіру нөмірі не рұқсат беру құжатының бірегей сәйкестендіру нөмірі, көрсетілетін қызметті алушының жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі туралы ақпарат, сондай-ақ авторизация сәтінен бастап қате туындаған сәтке дейінгі қадамдық скриншоттар қате орын алған нақты уақыт көрсетіле отырып міндетті түрде қоса беріледі.
30. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) қарайды.
Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын Көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) лауазымды адамға беріледі.
Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын Көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын Көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы шешім қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әрекет жасаса, шағымды шағымды қарайтын органға жібермейді.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.
31. Мемлекеттік қызметті тікелей көрсететін Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.
32. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.