

ҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ!
Егер сіз дауыс беру күні 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз және белсенді сайлау құқығына ие болсаңыз, сіздің 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер бойынша республикалық референдумға қатысуға құқықтық негіз бар.
Сізді республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу референдумға қатысу конституциялық құқығын іске асырудың кепілі болып табылады.
Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) Сіздің дауыс беруге арналған нақты учаскенің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тұрақты тіркеуіңіз негізінде тізімдерді жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар тізімдерге берілген өтініш негізінде енгізіледі.
Дауыс беруге арналған учаскелер тиісті әкімдердің шешімдерімен құрылады, олардың шекаралары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Өз сайлау учаскеңізді біліп, тізімге енгізілгеніңізді жергілікті атқарушы органға хабарласып тексере аласыз. Тізімде болмаған жағдайда, сіз әкімдікке тиісті өтініш беруге құқылысыз.
2022 жылғы 20 мамырдан бастап өз учаскеңізде сізге республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізіміндегі өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, сіз дереу учаскелік референдум комиссиясына жүгіне аласыз.
Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытуға және республикалық референдумға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз!