
Құрметтi Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкiмет мүшелерi!
Парламенттiң кезектi сессиясының жұмысы күрделi кезеңде басталып отыр.
Елiмiзде жер-жаһанға зор қауiп төндiрген пандемияға қарсы күрес әлi де жалғасуда. Бiз азаматтардың өмiрiн және денсаулығын қорғау үшiн бар күш-жiгерiмiздi бiрiктiрдiк. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды.
Iндетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердiң арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тiлеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екенi анық байқалды.
Дәрiгерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ерiктiлерге, кәсiпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сiздер айрықша табандылықтың және зор жауапкершiлiктiң жарқын үлгiсiн көрсеттiңiздер.
Бұл Отанға деген шынайы сүйiспеншiлiктiң көрiнiсi деп санаймын.
Қазiргi күрделi жағдайда алдымызда тұрған басты мiндет — әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.
Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екi топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерiнде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршiлес елдерде, тiптi, басқа iрi мемлекеттерде берiлген жоқ.
Миллионнан астам адамға азық-түлiк және тұрмыстық заттар қоржыны берiлдi. Елбасы — «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Бiргемiз» қорының қолдауымен бiр жолғы қаржылай көмекке ие болды.
Пандемия барлық мемлекеттер үшiн сынақ кезеңiне айналды. Олар iндетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бiр жерде ахуал тұрақтанса, екiншiсiнде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.
Үкiмет жiберiлген қателiктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя бiлдi. Ең бастысы — бiз азаматтардан ешнәрсенi жасырмай, iндеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл — кейбiр мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.
Алайда, ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауға тиiс. Күрес әлi жалғасуда. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшiн кем дегенде 2 жыл қажет.
Алдағы айларда күш-жiгерiмiздi барынша жұмылдыра жұмыс iстейтiн боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс iстеуiмiз керек. Барлық шешiмдер мұқият тексерiлген болжамдарға негiзделуге тиiс.
Үкiмет нақты шектеулер мен бейiмдi карантин әдiсiн енгiзуде. Пандемиямен күрес жөнiнде кешендi бағдарлама әзiрленедi.
Мемлекет тарапынан әлеуметтiк саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық мiндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлiнуде. Әлеуметтiк төлемдердi индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейiн шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Бiз қазiргi қиындықты мiндеттi түрде еңсеремiз. Дегенмен, елiмiздiң жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзiмдi дамуын естен шығармауымыз керек.
Қазiр әлем соңғы 100 жыл iшiнде болмаған аса күрделi дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтiру үшiн кемiнде 5 жылға дейiн уақыт қажет.
Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердiң бәсекеге түсу қабiлетi дәл осындай дағдарыстар мен iргелi өзгерiстер кезiнде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзiнiң лайықты орнын алуға тиiс.
Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшiн берiк негiз қаланды, әлемдiк аренада абырой-беделге ие болдық.
Сондықтан, әлемнiң жаңа болмыс-бiтiмi қалыптасып жатқан шақта бiз реформаларға тың серпiн беруiмiз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негiзгi бағдар етiп ұстануымыз қажет.
Бiз азаматтарымыздың лайықты өмiр сүруiне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдiгiн қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күрестi күшейтуге мiндеттiмiз.
Ендеше, iс-қимыл жоспары қандай болмақ?
I. МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГIСI
Бұл саладағы реформаларды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет.
Ең алдымен, мемлекеттiк басқаруға, кадр саясатына, шешiм қабылдау жүйесiне және оларды орындау жауапкершiлiгiне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек.
Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттiк басқару жүйесi бар күш-жiгерiн жұмылдырып жұмыс iстеуде. Жедел шешiмдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етедi. Бiрақ, алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан, мен тiкелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттiгiн құру туралы шешiм қабылдадым.
Бұрын мұндай орган болды және өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Ендi осы агенттiк қайтадан тұтас мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң негiзгi орталығына айналады. Агенттiк ұсынған реформалар нақты, iске асатын және, ең бастысы, барлық мемлекеттiк органдар үшiн орындауға мiндеттi болуға тиiс.
Реформалар жөнiндегi жоғары президенттiк кеңес құрылады. Бұл кеңестiң шешiмдерi түпкiлiктi болады. Тез өзгерiп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшiн Статистика комитетi Агенттiк құрамына берiледi.
Дәстүрге сай, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнде жоспарлау, орындау және бағалау қызметiн негiзiнен мемлекеттiк аппарат атқарады. Бұл — дұрыс емес.
Мемлекеттiк жоспарлау жүйесi адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиiс, яғни жеке сектор мен қоғам өкiлдерiн толыққанды серiктестер ретiнде жұмыстың барлық кезеңiне — жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек.
Сан алуан көрсеткiштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлеудi тоқтату қажет. Барша азаматқа түсiнiктi, қысқа әрi нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негiзгi мақсат — жұмыстың барысы емес, нәтижесi болуға тиiс.
Осындай түбегейлi реформаны жүргiзу үшiн мемлекеттiк аппараттың қызметiн қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесiмдiлiгi аса маңызды.
Мемлекеттiк қызмет жүйесiн ретке келтiрiп, қайта құру керек. Пандемия кезiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң басым бөлiгiнiң қашықтан жұмыс iстеу режимiне көшуi мемлекеттiк аппаратты қысқарту керектiгiн және бұған толық мүмкiндiк бар екенiн көрсеттi.
Мемлекеттiк аппарат және квази-мемлекеттiк сектор қызметкерлерiн қысқарту мерзiмiн жеделдетудi тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесi жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша, бiз 2021 жылы шенеунiктердiң санын 25 пайызға қысқарту мәселесiн шешетiн боламыз. Соның нәтижесiнде және цифрландыру үдерiсiн ескере отырып, одан әрi қысқарту туралы шешiм қабылдаймыз.
Үнемделген қаражаттың есебiнен қалған қызметкерлердiң жалақысын көбейтетiн боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттiк қызметтiң қоғам үшiн пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау керi кетуге, бiлiктiлiк пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ, ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады. Сондықтан, 2021 жылғы 1 шiлдеден бастап баллдық-факторлық жүйе енгiзiлуге тиiс. Мұндай жоба мемлекеттiк қызметшiлердiң құлшынысын арттырып, жауапкершiлiгiн нығайта түседi.
Бiзге жаңа кадрлар, яғни кәсiби бiлiктi, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттiк қызмет қол жетпейтiн жабық кастаға айналмауға тиiс.
Сонымен қатар, кәсiби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәстүрдiң сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұста жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталғым келедi.
Бұл институтты енгiзген кезiнде жауапты хатшылардың жиi ауыспай жұмыс iстеуi министрлердi әкiмшiлiк-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етедi деген ой болған. Алайда, iс жүзiнде олай болмай шықты. Тiптi, министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсiнiспеушiлiк туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигiзедi.
Негiзгi жауапкершiлiк бiр адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуге тиiс. Сондықтан, жауапты хатшылар институтын жойып, олардың мiндеттерiн министрлiктiң аппарат басшыларына жүктеген жөн.
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшiн осы жылдың соңына дейiн мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаға тиiстi түзетулер енгiзудi тапсырамын.
Норма шығару мәселесiн де қайта қарау қажет.
Карантин кезiнде құқықтық жүйенiң қасаңдығы қолбайлау болып, жұмысты қатты тежегенi жасырын емес. Сол себептi, төтенше жағдай режимiн енгiзiп, «Төтенше жарлық» шығаруға тура келдi.
Бiрақ, мұндай шаралар дағдарыс жағдайында мәселенi түбегейлi шешпейдi.
Негiзгi проблема атқарушы билiктiң әр қадамының заңмен шектелiп, адымының ашылмауында болып отыр. Бiз министрлер мен әкiмдерге зор талап қоямыз, бiрақ олардың өкiлеттiктерi заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледi. Бұл жағдай мемлекеттiк аппараттың ғана емес, Парламенттiң де жұмысын қиындатады. Парламент палаталары атқарушы органдардың құзыретiне беруге болатын егжей-тегжейлi баяндалатын нормаларды да қарастыруға мәжбүр болып отыр.
Алмағайып дүниеде жедел шешiм қабылдай алмау ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiруi мүмкiн. Сондықтан, Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлерiнiң арасындағы теңгерiмдi қамтамасыз ету керек. Мұны кейiнге қалдыруға болмайды.
Тағы бiр маңызды мiндет — квазимемлекеттiк компанияларды корпоративтiк басқару iсiн жақсарту мәселесiн шешу.
Елiмiзде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттiк кәсiпорын бар. Бұл ретте, iрi квазимемлекеттiк мекемелер акционерлiк қоғам ретiнде жұмыс жүргiзедi, яғни олардың мақсаты — пайда табу. Егер мемлекеттiк қызметтердiң бiр бөлiгi оларға берiлсе, мұндай компаниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуға тиiс.
Көптеген акционерлiк қоғамда қалыпты түсiнiктер ауысып кеткен. Корпоративтiк басқару қосымша бюрократиялық рәсiмге айналып отыр.
Тұтас квазимемлекеттiк секторды реформалау iсiн жалғастыру қажет. Кейбiр шешiмдер бүгiн жарияланады, ал қалған мәселелер бойынша Үкiмет маған ұсыныс бередi.
II. ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ
Ұзаққа созылған мұнай дәуiрi аяқталған сияқты. Әлемдiк нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек.
Әртараптандырылған және технологияға негiзделген экономика құру — жәй қажеттiлiк қана емес. Бiз үшiн бұдан басқа жол жоқ.
Сонымен қатар, экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың өсiмiнен түсетiн игiлiктердi әдiл бөлу, тиiмдi әлеуметтiк «лифтiлердi» орнықтыру жөнiндегi қоғамның өткiр талабы мiндеттi түрде орындалуға тиiс.
Сондықтан елiмiздiң жаңа экономикалық бағдары басты жетi қағидатқа негiзделуi керек:
1. Игiлiктер мен мiндеттердiң әдiл бөлiнiсi.
2. Жеке кәсiпкерлiктiң жетекшi рөлi.
3. Әдiл бәсекелестiк, кәсiпкерлердiң жаңа буыны үшiн нарық ашу.
4. Өнiмдiлiктi көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.
5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгiдегi бiлiм саласына инвестиция тарту.
6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.
7. Мемлекет тарапынан дәйектi шешiмдер қабылдау және сол үшiн қоғам алдында жауапты болу.
Бұл ретте бiз бәсекеге қабiлеттiгiмiздi көрсететiн артықшылығымызға және нақты мүмкiндiктерiмiзге сүйенiмiз керек.
* * *
Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды мiндет — өнеркәсiптiк әлеуетiмiздi толық пайдалану.
Осы саладағы табыстарымызға қарамастан, iшкi нарықтың зор мүмкiндiктерiн әлi де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келемiз. Өңделген тауарлардың үштен екiсiне жуығы шетелден әкелiнедi.
Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшiн тез арада қайта өңдеу iсiнiң жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түстi металлургия, мұнай химиясы, көлiк құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлiк өндiру және басқа да салаларды қамтиды.
Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшiн жаңғыртылған заңнамалық негiз қажет.
Өнеркәсiптi реттеу және оған қолдау көрсету мәселелерi түрлi заңнамалық актiлерде көрiнiс тапқан. Бiрақ, ортақ мақсат көрсетiлмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ.
Сондай-ақ, жекелеген секторларды немесе салаларды реттейтiн көптеген заң бар.
Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлiк туралы» заң.
Өңдеу өнеркәсiбiн дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен мiндеттерiн белгiлейтiн «Өнеркәсiп саясаты туралы» бiрiздi заң жыл соңына дейiн әзiрленуге тиiс.
Өнеркәсiпке қолдау көрсетудiң нақты шараларын да жетiлдiру керек. Бiзде жүйелi әрi бiртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етiп отырмыз.
Әрине, өнеркәсiпке қолдау көрсетудiң кең көлемдi қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бiрге, Үкiмет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндiрiстердi, негiзгi экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек.
Стратегиялық жобалар үшiн заттай грантты, қаржыландыру жеңiлдiгiн, жекелей кепiлдiктi, экспорттық қолдау тәсiлдерiн топтап ұсыну жолын қарастыру керек. Инвесторлардың қаржылық шығынының бiр бөлiгiн салық төлеуден босату арқылы өтеуге болады.
Мемлекеттiк, квазимемлекеттiк секторлар және жер қойнауын пайдаланушылар үшiн кепiлдi сатып алу талабын қарастыру қажет.
Ең басты нәрсе — жобаның жүзеге асырылатын бүкiл кезеңiнде заңнамалық шарттардың тұрақты болуы.
Әрине, тек бұл шаралармен ғана шектелмеймiз. Нақты қолдау деңгейi жобаға салынған қаражаттың көлемiне және оның басымдығына байланысты болады.
Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекiту үшiн стратегиялық инвестициялық келiсiм жасалады. Бұл — жаңа тәсiл.
Осы бастаманы жыл соңына дейiн экономикалық өсiмдi қалпына келтiру жөнiндегi заң жобасы аясында жүзеге асырған жөн. Үкiмет стратегиялық келiсiмдерге енетiн жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуiр айына дейiн әзiрлейдi.
Өңдеушi кәсiпорындардың отандық шикiзатқа қолайлы бағамен толық қол жеткiзу мәселесi де жүйелi түрде шешiлуге тиiс.
Үкiметке жыл соңына дейiн елiмiздiң өңдеушi өндiрiс орындарын шикiзатпен толық қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн реттеу тәсiлдерiн әзiрлеудi тапсырамын.
Өнеркәсiптiң дамуына реттелетiн сатып алу жүйесi тiкелей әсер етедi. Оның көлемi 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы iшкi өнiмнiң бестен бiр бөлiгiн құрайды. Үкiмет пен әкiмдердiң мiндетi — осы әлеуеттi барынша пайдалану.
Менiң тапсырмам бойынша, мемлекеттiк органдардың сатып алу жүйесiн жақсарта түсетiн жаңа заң қабылданды. Бiрақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесi әлi де болса ашық емес және оған қатардағы кәсiпкерлердiң қолы жете бермейдi.
Жыл соңына дейiн квазимемлекеттiк сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтiн бiртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетiн барлық сатып алулар барынша ашық және «Бiр терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиiс.
Егер тиiстi құқық қолдану тәжiрибесi болмаса, заңнаманы жетiлдiргеннен ешқандай пайда жоқ.
Шетелдiң арзан әрi сапасыз тауарлары отандық өнiм ретiнде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңiп шығатын кездерi жиi болып тұрады. Отандық өнiм өндiрушiлердiң тiзiмi де, индустриалды сертификаттар да жалған өндiрушiлерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр.
Үкiмет «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп, жыл соңына дейiн Қазақстанның қамту үлесiн арттыру үшiн нақты ұсыныстар әзiрлейдi.
Осы салаға қатысты ортақ мiндет — өңдеу өнеркәсiбiнiң өндiрiсiн бес жыл iшiнде кем дегенде 1,5 есе арттыру.
Алайда, бiр ғана өнеркәсiп саясатының арқылы индустриаландыру iсiн айтарлықтай iлгерiлетуге қол жеткiзе алмаймыз. Ақша-несие, салық және басқа да негiзгi салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуiнiң маңызы зор. Бұған әлi толығырақ тоқталамын.
* * *
Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабiлеттi экономика құру мүмкiн емес.
Бұл салада шешiмiн таппай келе жатқан өзектi мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткiзе алмауы, ұзақ мерзiмге берiлетiн «арзан несиенiң» болмауы, кәсiби мамандардың тапшылығы.
Өнiмдiлiктi арттырып, шикiзат өндiрумен ғана шектелмеу үшiн, сондай-ақ қойма және көлiк инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.
Елiмiзде ет, жемiс-жидек, көкөнiс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнiмдерiн өндiру және өңдеу үшiн 7 iрi экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегi саналатын iрi жобалар маңызды рөл атқаруға тиiс.
Вертикальдi кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетiн пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкiндiк бере алады. Оларды өңiрлiк азық-түлiк хабтарын құруға жұмылдыру керек.
Бiз горизонтальдi кооперацияның әлеуетiн де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсiп кешенiнде қарқынды даму болмайды. Басы бiрiкпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнiнде, өлместiң күнiн көрiп отыр. Бұл ретте, сапалы әрi мол өнiм өндiру, үздiксiз тауар жеткiзу туралы сөз қозғаудың өзi орынсыз. Бәсекеге қабiлетсiздiк пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебi де осыда.
Кооперация кезiнде жер және басқа да мүлiкке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикiзат сатып алу, өнiм өндiру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкiндiк бередi. Ауыл еңбеккерлерiнiң ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл — жасырын емес. Табыстың басым бөлiгiне алыпсатарлар кенелiп жатады. Сондықтан, субсидия және салық жеңiлдiктерiн беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегi кооперацияны ынталандыру үшiн тиiстi шаралар топтамасын әзiрлеу қажет.
Тағы бiр маңызды мәселе. Келесi жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердi пайдалану мәселесi бойынша Жер кодексiнiң кейбiр нормаларына қатысты енгiзiлген мораторий күшiн жояды.
Жерiмiз шетелдiктерге сатылмайды. Бiрақ, Үкiмет ауыл шаруашылығы жерлерiн толыққанды экономикалық айналымға енгiзудiң өзге әдiс-тәсiлдерiн әзiрлеуге тиiс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет.
Кәсiби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы — бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билiк тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.
Технологиялық тұрғыдан ескiрген суару жүйесi үлкен кедергi келтiрiп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетiп жататын кездерi болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған елiмiз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтiк-құқықтық тұрғыдан реттелуiн қамтамасыз етiп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгiзу үшiн экономикалық ынталандыру шараларын әзiрлеу қажет.
Агроөнеркәсiп кешенiн дамыту жөнiндегi қолданыстағы мемлекеттiк бағдарлама келесi жылы аяқталады. Үкiметке бизнес өкiлдерiмен бiрлесiп, Агроөнеркәсiп кешенiн дамыту жөнiндегi жаңа ұлттық жобаны әзiрлеуге кiрiсудi тапсырамын.
Негiзгi мiндеттерiмiз:
әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларымен өзiмiздi толық қамтамасыз ету;
миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;
еңбек өнiмдiлiгiн екi жарым есе көбейту;
агроөнеркәсiп кешенi өнiмiнiң экспортын екi есе арттыру.
* * *
Өзектi мәселенiң бiрi — көлiк-логистика кешенiн дамыту.
«Нұрлы жол» бағдарламасының бiрiншi кезеңi табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңiрлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкiндiк туды. Көлiк жүйесiнiң жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Елiмiздiң жаһандық көлiк дәлiздерiмен интеграциялануы қамтамасыз етiлiп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесi қалпына келтiрiлдi.
Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестiк өте күштi. Орталық Азия өңiрiнде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлiк әлеуетiн төмендетуi мүмкiн.
Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екiншi кезеңi елiмiздiң көлiк-транзит секторының жетекшi рөлiн бекемдеуге арналуы керек.
Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен компанияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттiк бағдарлардағы жылдамдықты арттыру есебiнен өсуге тиiс.
Алдымызда тұрған мiндет — 2025 жылға дейiн 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрiн, қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету.
* * *
Шағын және орта бизнес күрделi кезеңдi бастан өткеруде. Шын мәнiнде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тидi.
Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшiн 700 мыңнан астам кәсiпкерге салық жеңiлдiктерi берiлдi. Төлем мерзiмi кейiнге шегерiлдi, несиенi жеңiлдiкпен қайта қаржыландыру мүмкiндiгi ұсынылды. Бiрақ, ахуал әлi де болса күрделi.
Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретiнде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсiпкерлердiң қазiргi барлық несиелерiнiң 6 пайызға дейiнгi жылдық мөлшерлемесi бойынша мемлекеттiк субсидия берудi тапсырамын. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңдi қамтиды.
Ұлттық банк көбiрек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестiң айналым қаражатын көбейту үшiн арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұған дейiн бұл бағдарлама биыл аяқталады деп жоспарланған едi.
Қазiргi күрделi ахуалға байланысты аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзiмiн 2021 жылдың соңына дейiн ұзартуды және оның аясын кеңейтудi тапсырамын. Осыған орай қосымша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарламаның жалпы құнын 800 миллиард теңгеге дейiн жеткiземiз.
Сондай-ақ, мемлекеттiк органдар мен квази-мемлекеттiк секторға тиесiлi жылжымайтын мүлiк нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкiлдерiн жыл соңына дейiн жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырамын.
Қазiргiдей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау — басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбiрек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкiлдерiнiң еңбекақы қорына түсетiн ауыртпалықты жеңiлдету маңызды болып отыр. Бизнестiң осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттiк емес қорларға аударылатын төлемдердi жыл соңына дейiн тоқтатуды тапсырамын.
Келесi мәселе — бизнес ахуалы. Бұл саланы реформалау керек. Өйткенi реттеу жүйесi әлi де болса қолайсыз, тiптi жазалаушы сипатынан арыла алмай отыр.
Реттеушiлiк саясаттың негiзгi қағидаттарын өзгерту қажет. Мемлекеттiк реттеуге азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғау үшiн ғана жол берiледi.
Заң бойынша да, тәжiрибе жүзiнде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенiн, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкiндiгiн ескерген жөн. Тексеру жүргiзуге тыйым салған үш жылдық мораторий осындай реттеу жүйесiн жаңадан енгiзуге жол ашады.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мейлiнше жиi туындайтын сәулет-құрылыс қызметi, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Шағын және орта бизнестiң қызметiн реттейтiн жаңа нормативтiк-құқықтық базаны келесi жылы әзiрлеудi тапсырамын.
Қайталап айтамын: мемлекеттiк құрылымдардың кәсiпкерлiк қызметке кез-келген заңсыз араласуы, бизнесмендердiң жұмысына кедергi келтiру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретiнде бағалануы керек. Кәсiпкерлер шенеунiктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бiрден прокуратура органдарына жүгiнгенi жөн.
Кәсiпкерлiкке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткенi нарықта табысты болудың негiзгi көрсеткiшi орта бизнестiң өркендеуiмен өлшенедi. Мұндай компаниялар iшкi нарыққа қана емес, сыртқы нарыққа да бейiмделуге тиiс. Олардың экспорттық әлеуетiн арттыру үшiн қолдауды күшейту керек.
Үкiметке шикiзаттық емес орта кәсiпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейiн мақсатты түрде қолдау көрсету үшiн қажет.
Шағын және орта бизнестiң жалпы iшкi өнiмдегi үлесi 2025 жылға қарай 35 пайызға дейiн, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейiн көбеюi керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесi болмақ.
* * *
Жұмысымыздың табысты болуына жол ашатын маңызды фактор — «өзектес» мемлекеттiк саясаттарды қайта құру.
Ақша-несие саясатын қайта қараған жөн.
Бiз ұлттық және халықаралық инвесторлардың теңгеге сенiмсiздiк бiлдiретiнiн көрiп отырмыз.
Экономиканы әртараптандыру iсiнiң жеткiлiксiздiгi және бағамның тым құбылмалылығы шетелден инвестиция тартуға кедергi келтiрiп отыр. Бұл, әсiресе, шикiзаттық емес секторда айқын сезiледi.
Валюта нарығын реттеуге және капитал қозғалысына қатысты проблемалар да терiс ықпалын тигiзуде. Экспорттан түсетiн табыстың елеулi бөлiгi iшкi валюта нарығына түспей, шетелде қалып қояды. Үкiмет пен Ұлттық банк экспорттаушыларды валюталық табысты сатуға ынталандыруға тиiс.
Ақша-несие саясатының ынталандырушылық рөлiн де күшейту қажет. Қазiргi таңда бұл саясат көбiнесе валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейiп кету қаупiне байланысты тежелуде. Банктер валюта нарығы және Ұлттық банктiң мүмкiндiктерi арқылы пайда таба алатын болған соң, нақты экономиканы несиелендiруге құлықты емес.
Осы өтiмдiлiктi қайта бағдарлап, бизнеске несие берiп, валюталық алыпсатарлықты тоқтату iсiне бейiмдеу үшiн шаралар қабылдауды тапсырамын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттiгi мен Ұлттық банктiң осы мiндеттi шешу үшiн өкiлеттiгi мен құзыретi толық жеткiлiктi. Жыл соңына дейiн жағдай түзеледi деп үмiттенемiн.
Қаржы секторындағы тағы бiр жағымсыз фактор — тұтыну сегментi мен бизнеске несие беру iсiндегi теңгерiмсiздiк. Тұтынушыларға тоқтаусыз, тiптi жауапсыз несие беруге нормативтiк тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай әлеуметтiк зардабы болуы мүмкiн. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендiгi оларға түрлi несиенi жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек.
Биыл менiң тапсырмам бойынша заңнамалық және нормативтiк база өзгертiлiп, қарыз алушының төлем қабiлетiн бағалауға қатысты талаптар едәуiр күшейтiлдi. Бұрын тұтыну несиесiн оңды-солды таратып келген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар мен өзге де қаржы мекемелерiнiң қызметi мемлекет тарапынан реттелетiн болды. Алайда бұл түйткiл әлi толық шешiлген жоқ. Әсiресе, дағдарыс кезiнде елдiң табысы азайған тұста қарызға бату қаупi арта түстi.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттiгi мен Ұлттық банк несие беретiн ұйымдардың жауапкершiлiгiн арттыру, сондай-ақ несие бойынша шектi мөлшерлемелердi саралап-жiктеу және азайту үшiн қосымша реттеу шараларын қабылдау керек.
Бiз ақша-несие саясатына деген сенiмдi арттыруға тиiспiз. Сол себептi Ұлттық банктiң құрамынан Ақша-несие саясаты комитетiн құру туралы шешiм қабылданды. Оның құрамына тәуелсiз мүшелер де кiредi.
Егер ұлттық табысты әдiл бөлудiң маңыздылығы туралы айтар болсақ, барша азаматтарға дәл сондай ұғынықты болатын салық саясатын әзiрлеуiмiз керек.
Бүгiнде салықтар мен алымдардың 40-қа жуық түрi бар. Оны басқару iсi тым күрделi және негiзiнен мәжбүрлiк сипатқа ие болып отыр.
Үкiметке «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп және депутаттық корпусты тарта отырып, Салық кодексiн және заңға сәйкес актiлердi егжей-тегжейлi қайта қарауды тапсырамын. Мақсатымыз — салықтық мiндеттемелердi орындауды барынша жеңiлдету және салықтар мен өзге де төлемдердiң санын азайту.
Бюджеттi әртараптандыру мен толықтырудың қосымша тетiгi ретiнде салықтық мөлшерлемелердi жiктеу жөнiнде де ойлану керек.
Шағын және орта бизнес секторы бойынша пандемиядан көп зардап шеккен кәсiпкерлерге бөлшек сауда салығын айналым есебiнен төлеуге мүмкiндiк беру қажет деп есептеймiн.
Халықаралық салық салу жүйесiнiң нормаларына да ерекше назар аударған жөн. Бұл нормалар шетел инвестициясын тартуға және тапқан табысты Қазақстанға қайта құюға барынша ынталандыруы керек.
Сонымен қатар, трансферттiк баға белгiлеудi және капиталдың елiмiзден шығарылуын қатаң бақылауға алу қажет. Сарапшылардың айтуынша, елiмiздiң жалпы iшкi өнiмiнiң үштен бiрiне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келедi. Бұл бюджет табысын арттыруға мол мүмкiндiк берер едi.
Салық және кеден саласын цифрландыру «көлеңкелi экономиканың» кез-келген көрiнiстерiмен күресуге айтарлықтай көмектеседi. Тiптi, «көлеңкелi экономика» сыбайлас жемқорлыққа жол ашып болып отырғаны жасырын емес.
Сондықтан Қаржы министрлiгiне қарасты Экономикалық тергеу қызметiнiң жұмысын негiзiнен «көлеңкелi экономикамен» күресуге бейiмдеудi тапсырамын.
Бiз үнемдi әрi жауапты жаңа бюджет саясатын әзiрлеуiмiз керек. Басым бағыттар мен жобаларға ғана қаржы бөлген жөн. Қаржыны оңды-солды жұмсайтын заман келмеске кеттi. Негiзгi бюджеттiк коэффициенттер мен ережелердiң жинағын әзiрлеу қажет.
Тұтас ахуалды бiлу үшiн «кеңейтiлген бюджет» ұғымын енгiзу қажет. Онда мемлекеттiк бюджеттен бөлек, бюджеттен тыс қорлардың да қаржысы есепке алынуға тиiс.
Бюджеттi жоспарлаудың жаңа жүйесi ұлттық басымдықтарды қамтамасыз етiп, ұлттық жоспарлау жүйесiнiң құрамдас бөлiгiне айналуы керек.
Мемлекеттiк органдарға бюджеттiк дербестiк берген жөн. Бұл мiндеттердi шұғыл шешуге және ұжымдық жауапсыздық пен әуре-сарсаңнан құтылуға мүмкiндiк бередi.
Бiрақ қойылатын талап та күшеюге тиiс. Осыған орай Есеп комитетiнiң құзiретiн күшейтудi тапсырамын.
Мүдделер қайшылығына жол бермеу үшiн Есеп комитетiн қаржыландырудың өзгеше тәртiбiн белгiлеу керек. Оны Үкiмет жанындағы республикалық бюджеттiк комиссия арқылы емес, Парламенттiң салалық комитеттерi арқылы жүзеге асырған жөн.
Бәсекелiк саясаттың маңызы арта түстi. Бәсекелi ортаны айтарлықтай түрлендiрiп, әр кәсiпкер үшiн шын мәнiнде тең мүмкiндiк қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополизациялауды тоқтату керек.
Нарықтағы көптеген салалар нарықтық емес әдiс-тәсiлдер арқылы «тас қамалға» айналғаны жасырын емес. Кәсiпкерлер нарыққа кiре алмайды, ал егер кiре қалса, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр болады.
Бәсекеге қарсы әрекет барлық салада — көмiр, электр энергиясы, мұнай өнiмдерi, байланыс, дәрi-дәрмек, әуежай қызметтерi, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтерi, логистика нарықтарында. белең алып отыр. Бұл тiзiмдi жалғастыра беруге болады.
Өңiрлiк деңгейде көбiне әкiмшiлiк ресурс коммерциялық табыстың кiлтi саналады.
Мемлекеттiк және жекеменшiк саладағы «монополистердiң» жұмысын ретке келтiру керек. Нақты ережелердi бекiткен жөн: олар қандай жағдайда және қандай нысанда құрылады, түскен табыс қайда жұмсалады. Қатаң қоғамдық мониторинг жүргiзу қажет.
Биржадағы сауда-саттықты тәртiпке келтiру керек. Бұл, ең алдымен, мұнай өнiмдерi, электр энергиясы, көмiр саудасына қатысты. Бұл саладағы iрi компаниялардың көзбояушылығына жол беруге болмайды.
Сондықтан бәсекелестiктi қорғайтын және дамытатын мықты әрi тәуелсiз орган керек. Президентке тiкелей бағынатын Бәсекелестiктi қорғау және дамыту агенттiгiн құруды тапсырамын.
Тең құқылы бәсекелестiктi дамыту үшiн мемлекеттiң экономикаға араласуын азайту маңызды рөл атқарады.
Орталық мемлекеттiк органдардың, әкiмдiктер мен холдингтердiң меншiгiнде әлi де болса жетi мыңға жуық әлеуметтiк емес нысан бар.
Мемлекет шаруашылықты тәуiр жүргiзе алмайды деген қағида аксиомаға айналды.
Үкiмет Жаңа жекешелендiру жоспарын қабылдауға тиiс. Мемлекет меншiгiнде тек әлеуметтiк нысандар, сондай-ақ мемлекеттiң қауiпсiздiгi мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететiн нысандар ғана қалуы керек.
Квазимемлекеттiк секторда әкiмшiлiк-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердiң санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншiлес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиiс.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерiнiң рөлiне арнайы тоқталғым келедi. Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту iсiне елеулi үлес қосып, бұрын бiр-бiрiмен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметiн ретке келтiрдi.
Ал, қазiр бiз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту — уақыт талабы. Сондықтан, осы екi ұйымды бiрiктiрiп, қаржылық мүмкiндiктерi анағұрлым зор даму институтын құрған жөн.
Бұл ретте, портфельдi компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиiс.
Елiмiздiң халықаралық аренадағы экономикалық мүддесiн белсендi түрде iлгерiлетiп, ұлттық мүдденi қорғауда сындарлы ұстаным және кәсiби бiлiктiлiк таныту керек.
Қазақстанның игiлiгi үшiн Еуразия экономикалық одағының және «Бiр белдеу — бiр жол» жобасының зор мүмкiндiктерiн барынша пайдаланған жөн.
Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалда елге инвестиция тартып, отандық тауарлар мен қызметтердi экспортқа шығару Үкiмет үшiн ерекше басымдыққа ие болып отыр.
Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетiн тиiмдi пайдаланған жөн.
Қаржы орталығы тiкелей және портфельдi инвестициялар тартудың негiзгi құралына айналуға тиiс.
* * *
Түйiндей келе айтарым, жалпы iшкi өнiмнiң абстрактiлi өсiмiмен жұртты қуанта алмаймыз. Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлiк керек.
Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзiн-өзi ақтап, қолдауға ие болады. Осыны әрдайым есте ұстауымыз қажет.
III. ТЕҢГЕРIМДI АУМАҚТЫҚ ДАМУ
Елiмiздi аумақтық және кеңiстiк тұрғысынан дамыту тәсiлдерiн түбегейлi өзгерту керек.
Өңiрлерiмiз арасында экономикалық және өндiрiстiк бағыты, тұрмыс деңгейi, мемлекеттiк қызмет сапасы жағынан айырмашылықтар бар. Сондықтан аумақтық даму жолында әр өңiрдiң бәсекелi артықшылығын ескеру қажет.
Елiмiздiң оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығыс аймағының өнеркәсiптiк әлеуетiн барынша пайдалану керек. Осы өңiрлерде елiмiздiң еңбек ресурсының жартысы шоғырланған. Сапалы жұмыс орындары бұл аймақтарды дамыту үшiн өте өзектi.
Аграрлық секторға дәстүрлi қолдау көрсетумен қатар, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн тереңдетiп қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндiрiсiн дамытуға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнеркәсiптiң өзге де салаларына баса назар аудару қажет.
Индустриаландыру әлеуметтiк мәселелердi шешiп, табысты арттыру үшiн ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жаңа ментальдiгiн қалыптастырып, заман талабына бейiмдеу үшiн де маңызды. Ал бұл — ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыратын негiзгi фактордың бiрi.
Iрi металлургиялық кәсiпорындар орналасқан өңiрлердi дамытуға қатысты тың көзқарас керек. Бұл, ең алдымен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына қатысты. Осы өңiрлер жоғары технологиялы, ғылымды қажет ететiн өндiрiстiң және техникалық қызмет көрсетудiң орталығы бола алады.
Қазақстанның батыс өңiрлерi мұнай-химия кешендерiн салып, жоғары деңгейдегi қайта өңдеу iсiнiң жаңа өндiрiстiң циклдарын құру үшiн инвестиция тартатын орталыққа айналуға тиiс. Бiзде осы күнге дейiн мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесiнiң жоқтығы — ақылға қонбайтын қисынсыз нәрсе.
Әсiресе, моноқалаларымызды дамыту iсiне тың серпiн беру аса маңызды. Бұл ретте, қала құраушы кәсiпорындарға зор жауапкершiлiк жүктеледi. Олар барынша атсалыспаса, бұл мiндет орындалмайды.
Қазақстан мен Ресейдiң шекаралас аумақтарында 30 миллионға жуық адам тұрады. Миллионнан астам тұрғыны бар бiрнеше қала орналасқан. Отандық тауарларды сату және инвестиция тарту үшiн Ресей билiгiнiң өкiлдерiмен және мекемелерiмен тығыз қарым-қатынас орнату — елiмiздiң шекара маңын дамытудың аса маңызды факторы.
Ауылдың әлеуетiн толық пайдалану — стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлiнше өзектi мәселелердi шешуге арналған «Ауыл — ел бесiгi» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады.
Өңiрлердi дамыту iсiне қатысты тың тәсiл урбанизация үдерiсiн басқаруға, «миграция толқынын» кезең-кезеңмен жүргiзуге, iрi қалалардағы халықтың тығыз орналасуы мен әлеуметтiк шиеленiс мәселелерiн шешуге мүмкiндiк бередi.
IV. АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТIК ӘЛ-АУҚАТЫ — БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Азаматтардың әлеуметтiк әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесiне тiкелей байланысты.
Нарық жағдайында тұрғын үйдiң қол жетiмдiлiгi адамдардың табысына және осы мiндеттi өздiгiнен шешу алу қабiлетiне орай жүзеге асады.
Менiң тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бiр бөлiгiн пайдалану мәселесi пысықталды. Бұл, әсiресе, қазiр ерекше маңызды.
2021 жылдың өзiнде Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бiр бөлiгiн тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелiгiне бередi.
Үкiметке Ұлттық банкпен бiрлесiп, осы жылдың соңына дейiн барлық қажеттi нормативтiк-құқықтық актiлердi қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргiзудi тапсырамын.
Бұл реформа сондай-ақ, еңбек қатынастарын ашық әрi заңды жүргiзiп, зейнетақы жүйесiне қатысуға ынталандыратын пәрмендi құралға айналады.
Өз бетiнше баспана мәселесiн шешуге табысы жетпейтiн азаматтарға тиiмдi әлеуметтiк көмек көрсетiлетiн болады.
Биылдан бастап «5-10-25» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлiндi. Үкiмет осы бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемi қадағалап отыруы керек.
Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесiн тезiрек шешу керек.
Қазiр әкiмдiктер оларға арнап жалға берiлетiн тұрғын үйлер салып жатыр. Бюджеттiк және сатып алу рәсiмдерiне байланысты бұған ұзақ уақыт кетедi.
Бұл тәртiпке өзгерiс енгiзетiн кез келдi. Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөлген жөн. Оның ауқымы осы шараның арқасында алғашқы жылдың өзiнде-ақ 10 есе өсiп, жүз мыңнан астам отбасыға нақты көмек көрсетiледi. Бұл жұмысты реттеудi «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» негiзiнде құрылып жатқан «Отбасы банкiне» тапсырдым. Банк басшылығы тiкелей жауапты болады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу iсi баяу жүрiп жатыр. Мұның басты себебi — үй салынатын аумақты дайындау iсiнiң қарқыны төмен. Өйткенi заң бойынша су және электр желiлерi жүргiзiлген аумақтан ғана жер берiледi.
Жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсiресе көп балалы отбасылардың экономикалық тiрегi де бола алады. Үкiмет пен әкiмдiктер әлеуметтiк жер үйлер салынатын учаскелердi инфрақұрылыммен қамтамасыз ету iсiн жеделдетуi қажет. Бұл ретте, мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiктi де қолданған жөн.
Депутаттардың осы маңызды мәселенi шешуге тiкелей атсалысуын сұраймын. Ауыл еңбеккерлерiн қол жетiмдi баспанамен қамтамасыз ету үшiн жұмыс берушiлердiң шығындарын субсидиялау арқылы жалдамалы үйлер салуға мiндеттеп, көптеген отандасымыздың тұрмыс сапасын неге жақсарта алмаймыз?!
* * *
Отбасылық-демографиялық ахуал — зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе.
Өкiнiшке қарай, Қазақстанда әрбiр алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негiз болатын елеулi себеп деп санайды.
Бiрiккен ұлттар ұйымының елiмiздегi халық санының өсiмiне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршiлес мемлекеттермен салыстырғанда көңiл көншiтпейдi.
Үкiметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральдi ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлiнетiн квота санын 7 мыңға дейiн, яғни 7 есе көбейту қажет.
Балалардың қауiпсiздiгi мен құқығын қорғау мәселесiне ерекше назар аудару керек.
Бiз кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттерi үшiн қылмыстық жазаны едәуiр қатаңдаттық. Алайда, бұл проблема әлi де ушығып тұр.
Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзiмiнен ерте босау құқығынан айырылып, мейлiнше қатаң жазалануы керек. Оларды қауiпсiздiгi барынша жоғары түзеу мекемелерiнде оқшаулаған жөн.
Мұндай әрбiр iстi прокуратура органдары ерекше бақылауға алуға тиiс. Әлеуметтiк және құқық қорғау органдарының әрекетсiздiгi немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады.
Жалпы, бiзге әлеуметтiк саясаттың жаңа парадигмасы керек.
Әлеуметтiк қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актiмен реттеледi. Бұл реттеу iсiнiң күрделенуiне және жүйесiздiгiне әкеп соқтырды. Соның салдарынан мемлекет жауапкершiлiгi айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсiнбей жүр. Үкiметке елiмiздiң Әлеуметтiк кодексiн әзiрлеу жұмысын бастауды тапсырамын.
Әлеуметтiк төлемдердi цифрландыру үшiн шаралар қабылдау керек. Осыған орай азаматтың «әлеуметтiк цифрлық әмиянын» енгiзiп, тиiстi тауар өткiзушi жүйе қалыптастыру қажет.
Бiздiң қоғам еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгертуi керек. Жас буынға еңбектi бағалауды, оны абыройлы және абыройлы емес деп бөлмеудi үйреткенiмiз жөн.
Өкiнiшке қарай, жастарымыз әп-сәтте байып кеткiсi келедi. Олардың лотереяға, бәс тiгуге және букмекер агенттiктерiне жаппай әуестiгiнiң себебi осында. Күнделiктi өмiрде гастарбайтерлер туралы орынсыз қалжың айту және олардың еңбегiн менсiнбеушлiк кеңiнен етек алды.
Алаңдаумен өткен соңғы айларда еңбек етудiң баға жетпес қадiр-қасиетiн жете түсiндiк. Кiшi медицина қызметкерлерi, коммуналдық және қызмет көрсету саласында еңбек ететiн азаматтар қыруар жұмыс атқарды. Бұл — нағыз еңбектегi ерлiктiң жарқын үлгiсi. Мұндай адамдар мемлекет назарынан тыс қалмайды.
V. ҚОЛЖЕТIМДI ӘРI САПАЛЫ БIЛIМ
Коронавирус iндетiнiң салдарынан дүние жүзiндегi мектеп оқушылары мен студенттердiң басым көпшiлiгi қашықтан оқуға көштi. Бұл жұмыстың тәсiлi мен мазмұнын түбегейлi өзгертуде.
Қашықтан оқыту iсiн ұйымдастыруда Үкiметтiң жiберген қателiктерiн жақсы бiлемiз. Ашығын айтқанда, әлi күнге дейiн нақты бiр онлайн-платформа жоқ. Мұғалiмдер, оқушылар және ата-аналар күндiз-түнi «WhatsApp»-тан бас көтермейтiн болды. Толыққанды оқу үдерiсi үшiн қажеттi барлық функциялары бар бiрыңғай онлайн бiлiм беру платформасын шұғыл әзiрлеу қажет.
Дегенмен, сапалы бiлiм алу үшiн әдеттегiдей сабаққа қатысып, мұғалiмдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, бiлiм алудың қалыптасқан дәстүрлi тәсiлiне қайта көшудiң тәртiбiн әзiрлеген жөн. Бұл, әсiресе, мектептер үшiн маңызды.
Күнделiктi мәселелердi шешумен қатар, балалардың бәрiне бiрдей мүмкiндiк туғызу үшiн жүйелi шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тiлде оқыса да сапалы бiлiм алуы керек.
Бiлiм саласындағы басты мәселенiң бiрi — ұстаздар жалақысының аздығы.
Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалiмдердiң еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнiнде шешiм қабылдадым. Жалақы мөлшерi алдағы уақытта да арта бередi. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлiнедi.
Бiз балалардың мектепке дейiнгi жан-жақты даму мәселесiн шешуiмiз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етудi мiндеттеймiн.
Бұл түйткiл мемлекеттiк балабақша салумен ғана шешiлмейдi. Осы iске жеке бизнестi тартып, қолдаудың жаңа түрлерiн, соның iшiнде қаржыландырудың ваучерлiк тәсiлiн ойластыру қажет. Ата-аналар кез-келген балабақшаны немесе мектептi таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.
Мамандардың негiздеуiнше, мемлекеттiң тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтiк ара-жiктi ұлғайтуы мүмкiн. Бұған жол беруге болмайды.
Осыған орай, мемлекет кәдiмгi қарапайым мектептерге қолдау көрсетедi. Сонымен бiрге, бұл қадам қала мен ауыл арасындағы бiлiм беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады.
Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында Үкiметке Үздiксiз бiлiм беру тұжырымдамасын әзiрлеудi тапсырамын. Бұл құжатта бейресми бiлiм берудiң баламалы нұсқаларын көптеп енгiзу, өз бетiнше оқу нәтижелерiн мойындау, кәсiби дағдыларды сертификаттау мәселелерiн қарастыру қажет.
Сонымен бiрге, бiз кәсiби бiлiм берудiң бүкiл жүйесiн еңбек нарығында сұранысқа ие бiлiктi мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн.
Кәсiпкерлердiң жаңа буынын қалыптастыруға басымдық берiледi. Сол себептi «Кәсiпкерлiк негiздерi» атты пән мектептен бастап жоғары оқу орнына дейiнгi барлық бiлiм беру сатысында оқытылуы керек.
Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетiне аса назар аудару қажет.
Қаржы тапшылығы кезiнде мемлекет бюджетi есебiнен кәсiби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудiң қажетi жоқ. Мемлекеттiң және квазимемлекеттiк компаниялардың бюджетiнен миллиардтаған теңге тиiмсiз жұмсалуда.
Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесiне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, iрi аудан орталықтарында спорт үйiрмелерiн ашу қажет.
«Балалар үйiрмесi» қызметiн қайта қалпына келтiрген жөн. Онда жастарымыз қолөнердiң және шығармашылықтың бастапқы негiздерiмен танысар едi.
Балалар үшiн қатерлi бүгiнгiдей аумалы-төкпелi жағдайда олардың күш-жiгерi мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетiмiздiң болашағы емес пе?! Әкiмдердiң жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз.
Бiлiм беру сапасы туралы бiрер сөз. Былтыр мен дипломды оңды-солды үлестiрумен айналысатын бiлiм мекемелерiн жабуды тапсырған болатынмын.
Бiлiм берудi табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты бұл жұмыс баяу жүруде. Бiрақ, проблеманы шешу керек. Премьер-Министр бұл мәселенi ерекше бақылауға алуға тиiс.
Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келедi.
Бұл мәселе бойынша бiзге тың көзқарас пен жаңа тәсiлдер керек, сондай-ақ, халықаралық тәжiрибеге арқа сүйеуiмiз қажет.
Үкiметке жыл сайын әлемнiң жетекшi ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуiн қамтамасыз етудi, сондай-ақ, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргiзу үшiн 1000 грант бөлудi тапсырамын.
Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзi — iрi кәсiпорындардың, әсiресе шикiзат саласындағы компаниялардың қаражаты.
Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың iшiнде бөлiнiске түсiп кетедi. Үкiметке осы қаражатты жинақтау iсiн орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлiнуiн қамтамасыз етудi тапсырамын.
Iрi бизнес өкiлдерi өңiрлiк университеттердiң ғылыми қызметiн қамқорлыққа алса, нұр үстiне нұр болар едi.
Бiзге елiмiздi ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөнiндегi арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты мiндетi ұлттық деңгейдегi нақты мәселелердi шешуге ғылымның әлеуетiн пайдалану болмақ.
VI. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ
Пандемия туындатқан дағдарыс бiздi көп нәрсеге үйреттi. Мәселен, дәрiгердiң еңбегiн бағалай бiлетiн болдық. Бiр кезде медицина қызметкерлерiнiң мемлекет назарынан тыс қалғаны рас едi.
Дәрiгер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджеттi таяудағы нақтылау кезiнде екiншi жартыжылдықта медицина қызметкерлерiн ынталандыратын қосымша төлем үшiн 150 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.
Мұны бiз қазiргi дағдарыс кезiнде қолға алып жатырмыз, ендi оны жүйелi түрде жүзеге асыруымыз керек.
2023 жылға қарай дәрiгерлердiң жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екi есе артық болады.
Дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерi шешiлдi, бiрақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тiк тұрғызу керек. Барлық негiзгi дәрi-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндiрiлуге тиiс. Бұл — ұлттық қауiпсiздiк мәселесi. Келесi жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемiн.
Тағы бiр мәселе — медициналық инфрақұрылымды дамыту.
Жыл соңына дейiн елiмiздiң аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берiледi. Бұл — осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.
Елбасының бастамасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 көпсалалы медициналық орталық салынады. Бұл орталықтар елiмiздiң бетке ұстар мекемелерiне айналып, инновациялық өсiмге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпiн беретiн болады.
Үкiметтiң алдында алғашқы дәрiгерлiк көмектi ұйымдастыру тәсiлдерiн түбегейлi қайта қарау мiндетi тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсiресе ауыл тұрғындары үшiн мейлiнше жедел әрi қолжетiмдi болуға тиiс.
Шалғайдағы өңiрлерге көлiк арқылы дәрiгерлiк қызмет көрсету iсiн қайта қалпына келтiру шараларын жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау iсiнiң тиiмдi моделiн құру арқылы үш жыл iшiнде барлық ауылдық елдi мекендi фельдшерлiк-акушерлiк пункттермен және дәрiгерлiк амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет.
Пандемияға орай эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетiн дәрiгерлердi даярлау мәселесi өткiр қойылып отыр.
Үкiметке медицина мекемелерiн кадрлармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзiмдi (он жыл) болжам әзiрлеудi тапсырамын.
Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрi дамыту жөнiндегi шаралар барлық медицина мекемелерiн қажеттi құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескiрген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмiр ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейiн жеткiзуге мүмкiндiк бередi.
VII. ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИОЛОГИЯЛЫҚ ӘРКЕЛКIЛIКТI ҚОРҒАУ
Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — елiмiз үшiн алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкiл өркениеттi әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бiзге де мұндай жаппай үрдiстен шет қалуға болмайды.
Бiрқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстiң жобасы әзiрлендi. Парламенттiң бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейiн қарап, қабылдауын сұраймын
Үкiметке экологиялық ахуалды жақсарту жөнiндегi шараларды нақты жүзеге асыруға кiрiсудi тапсырамын. Биологиялық әркелкiлiктi сақтау және тиiмдi пайдалану жөнiндегi ұзақ мерзiмдi жоспарларды бекiткен жөн.
Бес жыл iшiнде орман алқабында 2 миллиард, елдi мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл елiмiздегi көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септiгiн тигiзедi.
Елорданың айналасындағы жасыл желектiң ауқымын ұлғайту мәселесi өте маңызды.
Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтiк тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкiмшiлiк жауапқа тарту тәртiбiн қатайту керек.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру iсiне жеткiлiктi назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтiн «Birge — taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелi түрде өткiзiп тұрған жөн.
Ел iшiндегi экологиялық туризм мәдениетiн белсендi дамыту — маңызды мiндетiмiз.
Орта мерзiмдi кезеңде экономиканың өсiмi мейлiнше «жасыл экономика» жағдайында iлгерiлеуге тиiс. Сондықтан қазiрдiң өзiнде көмiртегiнiң үлесiн барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкiметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бiрлесiп, «жасыл өсiм» жөнiндегi ұсыныстар жиынтығын әзiрлеудi тапсырамын.
Үкiмет азаматтық сектормен бiрлесiп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзiрлеуi қажет. Жануарларға көзқарас — кез-келген мемлекеттiң өркениеттiлiгiнiң өлшемi. Ал бұл жағынан бiздiң жағдайымыз мәз емес.
VIII. ӘДIЛЕТТI МЕМЛЕКЕТ АЗАМАТТАРДЫҢ МҮДДЕСIН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА
Заң үстемдiгi орнықпаса және азаматтардың қауiпсiздiгiне кепiлдiк берiлмесе, әлеуметтiк-экономикалық дамудың бiрде-бiр мiндетi табысты жүзеге асырылмайды.
«Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» — бұл, шын мәнiсiнде, «Әдiлеттi мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерiн тыңдап, көрiп қана қою жеткiлiксiз. Ең бастысы — дұрыс және әдiл шешiм шығару қажет.
Азаматтар мүддесiне қызмет ететiн мемлекеттiң жаңа стандарттарын әзiрлеу үшiн көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелерiне негiзгi рөл жүктеледi. Бұл салаға реформа аса қажет.
Жағдай жедел өзгеруде. Күштiк құрылымдар жұмыстың озық әдiстерiне көбiрек ден қойған сайын олардың халықаралық тәжiрибелерге бейiмделу мүмкiндiгi арта түседi.
Елiмiздегi бүгiнгi ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиiс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда.
Бiрақ құқық қорғау жүйесiнiң жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейiмдiлiк басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауапкершiлiкке негiзсiз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейдi.
Қылмысты анықтайтын жедел қызмет өкiлдерi мен процессуалдық шешiм қабылдайтын тергеушiлер қылмысты ашып, iстi сотқа жiберудi басты мақсат санайтын бiр басшының қарамағында бiрге жұмыс iстейдi. Алайда, көрсеткiш қуалау азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтiрмеуге тиiс!
Прокурорлық қадағалауға келсек, бұл жұмыс үнемi кешеуiлдеп жататынын көремiз. Прокурорлар iстiң мән-жайымен тек сотқа жiберер алдында ғана танысады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерiнiң тәжiрибесi бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бiзге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететiн және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретiн үлгi керек. Қазақстанда өкiлеттiктердiң ара жiгi нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын.
Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиiс.
Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсiз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кiнәсiз адамдардың қылмыс үдерiсiне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға мiндеттi.
Сот органдардың әрекетiне қатысты шағымды қарайды және iс бойынша ақтық үкiм шығарады.
Мұндай тәсiл тежемелiк және тепе-теңдiк жүйесiн нығайтып, әр кезеңде тиiмдi саралау жүргiзiп отыруға мүмкiндiк бередi.
Тағы да қайталап айтамын, заңдылық пен әдiлеттiлiк сөзсiз қамтамасыз етiлуге тиiс. Қылмыстық iстегi қателiк адам тағдырын өзгертетiнiн естен шығармау керек.
Қылмыстық iстер бойынша 2021 жылдан бастап прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негiзгi процессуалдық шешiмдердi келiсу мiндетiн заң арқылы жүктеген жөн.
Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Оған жиi өзгерiстер енгiзу құқық қолдану iсiне әсерiн тигiзедi және бiрыңғай тергеу және сот тәжiрибесiн қалыптастыруға мүмкiндiк бермейдi.
Заңнаманы қолдануға қатысты шешiм қабылдау кезiнде көбiне тиiстi талдау мен болжам жасалмайды. Шешiм заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкiмшiлiк» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшiн жаза белгiлеудiң қисыны түсiнiктi болады.
Барлық озық елдерде полиция институты сервистiк модель негiзiнде дамып келедi. Бiз де мұндай үлгiге көшетiнiмiздi мәлiмдедiк. Бiрақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткiзiлдi.
«Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергiлiктi полиция қызметiнiң мейлiнше тұтас реформасын жасау қажеттiгi пiсiп-жетiлдi. Осыған орай учаскелiк инспектордың ролiне баса мән берiлетiн болады.
Учаскелiк инспектордың мәртебесiн заңнама арқылы арттырып, оның өнiмдi жұмыс iстеуiне мол мүмкiндiк берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қол жетiмдi әрi беделдi болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиiс.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерiн жұртпен ашық әңгiме жүргiзуге үйретудiң маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және iрiктеу жүйесiнде басымдыққа айналуы қажет.
Бейнебақылау жүйесiн дамыту жөнiнде көп айтылады. Бiрақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбiнесе өздерiнiң ғимараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелерiне және полицияның қызметтiк ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын.
Iшкi iстер министрлiгi құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ мiндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиiмдiлiгiн арттырады.
Бiздiң табиғи және техногендi апаттар дәуiрiне қадам басқанымызды ескерiп, Төтенше жағдайлар министрлiгiн қайта құру қажет деп санаймын.
Қылмыстың алдын алу жұмыстарында да кемшiлiктер бар. Прокуратураның қадағалауын азаматтарды және бизнес саласын толғандыратын проблемаларды тиiмдi шешуге бейiмдеп қайта бағдарлау керек.
Бiзге ауқатты инвестор келсе болды, күштiк құрылымдар мен бақылаушы органдар соны тексеруге асығады. Үкiмет пен Парламент күштiк құрылымдардың бизнес iсiне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қоюы керек.
Салыққа байланысты құқық бұзғаны үшiн бизнес өкiлдерiн қылмыстық жауапкершiлiкке тартудың қазiргi тәртiбiн қайта керек.
Тiркелген кәсiпкерлерге қатысты кез-келген тергеу әрекеттерi тек сот немесе прокурор санкциясы арқылы ғана жүзеге асырылуға тиiс. Бұл мәселенi де қарау керек.
Құқықтық мемлекеттiң маңызды шарты — туралықтан танбайтын әдiл сот төрелiгiнiң болуы. Сот жарыспалы қағидат бойынша жүруге және судья айыптаушы жаққа тәуелдi болмауға тиiс. Сол үшiн адвокат пен прокурордың теңдiгiн қамтамасыз ету қажет.
Қоғамның соттарға деген сенiмiн орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерiн жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткiзуге болады.
Сот жүйесi ешкiмге есiк ашпайтын меңiреу мекемеге айналмауға тиiс. Жоғары сот кеңесi мен Жоғарғы сот жаңа кәсiпқой кадрларды сот төрелiгiн жүзеге асыруға тарту жұмысын белсендi жүргiзгенi жөн. Сот жүйесi салық салу, жер қойнауын пайдалану, зияткерлiк меншiк, корпоративтiк құқық саласының мамандарына зәру болып отыр.
Судьяларды iрiктеу бұқаралық ақпарат құралдарының көмегiмен жүргiзiлуге тиiс. Үмiткердiң қандай еңбегi арқылы жұмысқа қабылданғанын жұртшылық бiлiп отыруы керек.
Дау-дамайды шешудiң баламалық тәсiлдерiн де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттiң қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзiн-өзi таныта бiлуде.
Он жылдай жуық уақыт бұрын бiз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бiрақ қазiргi кезге дейiн бiрде-бiр мемлекеттiк орган оның даму мәселесiмен айналысқан емес. Айқын мемлекеттiк саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателiктi жөндеу керек.
Президент Әкiмшiлiгi жанынан Құқық қорғау мен сот жүйесi реформасы жөнiндегi өкiлдiк комиссия құрылады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелi сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептерiне көбiрек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргiзiлуде.
Ендi жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшiн мемлекеттiк органдар мен квазимемлекеттiк сектордың нормативтiк актiлерi мен жұмыс үдерiсiне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргiзген жөн.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеунiктердi дербестiк, бастамашылдық және жедел әрекет ету қасиеттерiнен айырмауға тиiс.
Бiз мемлекеттiк бақылауға балама ретiндегi қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиiстi құқықтық негiз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттiк органдардың, квазимемлекеттiк сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептiлiгiн қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзiрлеп, қабылдауды тапсырамын.
Қоғамдық кеңестердiң рөлiн арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет. Сондай-ақ, квазимемлекеттiк секторда қоғамдық кеңестер құру мүмкiндiгiн қарастыру керек. Парламент қарауындағы тиiстi заң жобасын жыл аяғына дейiн қабылдаған жөн.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердiң құрамына түрлi әлеуметтiк топ өкiлдерiн кеңiнен тарту қажет. Мысалы, бiз мүмкiндiгi шектеулi адамдар осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерiн жеткiзуi үшiн қолайлы жағдай жасауымыз керек. Олар әрқашан мемлекеттiң ерекше назарында болуға тиiс.
Квазимемлекеттiк құрылымдардың қаржы-шаруашылық қызметiн, бюджет қаражатын пайдалану жөнiндегi мәлiметтердi және басқа да құнды деректердi бүкiл қоғамға қолжетiмдi ету үшiн бiрыңғай ақпараттық ресурс құру аса маңызды болып отыр.
Мемлекеттiк органдардың шешiмi жөнiндегi ақпараттың ашықтығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септiгiн тигiзедi. Ақпаратқа қол жеткiзу мәселелерi жөнiндегi заң жобасын мүмкiндiгiнше осы сессияның аяғына дейiн қабылдау керек.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң жаңа тәсiлдерiн енгiзген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттiк қызметшiлердiң, депутаттардың, судьялардың шетел банктерiнде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгiзу керек.
Мемлекеттiк қызметшiнiң немесе квазимемлекеттiк мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметiнен босатылады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң, судьялардың, пара берушiлердiң және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшiн жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерiстер енгiзу керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттiк қызметте және квазимемлекеттiк секторда жұмыс iстеуiне өмiр бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Бiз сыбайлас жемқорлық деректерi туралы хабарлаған адамдарды заң жүзiнде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет.
Адам құқын қорғау жөнiнде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшiн бұл мәселенiң мәнi зор.
Бүкiл әлемдегi сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегi ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоқының әсерiнен қатты қиналады. Өкiнiшке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсiресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөнiндегi заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келдi.
Балалар құқын қорғау жөнiндегi басқа да шараларды күшейту керек. Атап айтқанда, Бала құқы жөнiндегi конвенцияның хабарлау рәсiмiне қатысты факультативтiк хаттамасына қосылу қажет.
Азаптаумен күрес жөнiндегi ұлттық заңнаманы жетiлдiру мәселесi маңыздылығын жойған жоқ. Азаптағаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiк белгiлейтiн бұл құжатты Азаптауға және басқа да қатiгез, адамгершiлiкке жатпайтын iс-әрекеттерге қарсы конвенцияның ережелерiне сәйкестендiру керек.
Адам саудасына қарсы күрес мәселесi де күн тәртiбiнен түспейдi. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес. Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды тергеу рәсiмiн жетiлдiре түсуi керек. Осыған орай сот тәртiбiмен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды мiндет мемлекеттiк органдардың үйлесiмдi iс-қимылын талап етедi.
Парламенттегi заңдар тезiрек қабылданады ден үмiттенемiн.
IX. ЦИФРЛАНДЫРУ — БАРЛЫҚ РЕФОРМАНЫҢ НЕГIЗГI ЭЛЕМЕНТI
Цифрландыру — сәнге айналған үрдiске iлесу емес, ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырудың негiзгi құралы.
Ең алдымен, цифрлық теңсiздiктi жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгiнде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негiзгi қажеттiлiкке айналып отыр.
Әлеуметтiк жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлiк техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиiс. Осы жылдың соңына дейiн 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргiзiледi.
Бiз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есiктi тоздыруға мәжбүр болып жүргенiн көрiп отырмыз.
Мұның бәрiн толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәлiметтер «зыр жүгiруге» тиiс.
Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезiнде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн. Жыл соңына дейiн ең қажеттi анықтамалардың қағаз түрiнде талап етiлуiн тоқтатып (47-ден 30-ы), мәлiметтi цифрлық түрде растау тәсiлiн қамтамасыз етудi тапсырамын.
Бiзде мекенжай, мүлiктiк және өзге де анықтамалар бойынша оң тәжiрибе бар. Мемлекеттiк органдар жеке куәлiктi, дипломды, жүргiзушi куәлiгiн электронды түрде қабылдауға тиiс.
Халыққа электронды сервистердi қолдануды ыңғайлы ету үшiн мемлекеттiк қызмет көрсету iсiнде де, бизнесте де биометрияны кеңiнен пайдаланған жөн.
«Деректермен» жұмыс iстеудi жаңа деңгейге көтеру керек. Мәлiметтер базасының бiрыңғай жүйесiмен қамтамасыз ету және оны ары қарай дамыту — Үкiметтiң басты мiндетiнiң бiрi.
Әзiрге бұл жұмыс тиiстi деңгейде реттелмеген. Оның бiр себебi ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттiк және олармен үлестес бiрнеше компания басымдыққа ие болып отыр.
Министрлiктер мен әкiмдiктердiң де ақпараттық-сараптамалық немесе IT-құрылымдары бар. Мұндай құрылымдар ортақ стратегиямен санаспай, мекеме деңгейiндегi мүдденi ғана қорғайды.
Ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтiк және басқа да жоғары технологиялар қызметiн дамыту — елiмiзде қосымша құн қалыптастырып, жұмыс орындарын ашып қана қоймай, осындай қызметтердi шетелге экспорттауға да жол ашады. Осы әлеуеттi толық пайдаланған жөн.
Ақпараттық технологиялар саласы мен ұлттық бизнес ынтымақтастығының болашағы зор.
Мемлекеттiк және жекеменшiк iрi компаниялар шетелде жасалған әзiрлемелер мен қосымшаларды сатып алуға ондаған миллиард теңге жұмсайды.
Үкiмет өнеркәсiп пен ақпараттық технологиялар саласының арасында өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға атсалысуға тиiс. Бұл әр саланың цифрлық экожүйесiнiң қозғаушы күшi бола алатын цифрлық технология платформаларын құруға мүмкiндiк бередi.
Бiз Қазақстанның «мәлiметтердi» өңдеу және сақтау жөнiндегi халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылдадық. Былтырдың өзiнде цифрлық майнинг iсiне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бiрақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елiмiзге әлемдiк алпауыт цифрлық компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымызды орап кетедi.
Бес жыл iшiнде осы салаға салынатын инвестиция көлемiн 500 миллиард теңгеге дейiн жеткiзуi қажет.
Х. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТI БАСҚАРУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ
Бiз «Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейiн айтқанымдай, бұл — мемлекеттiк органдар тек азаматтардың күнделiктi мәселесiне байланысты жауап қатуы тиiс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билiк пен қоғам арасындағы тұрақты диалог.
Ұлттық қоғамдық сенiм кеңесi азаматтық диалогты дамыту iсiне тың серпiн бердi. Кеңес елiмiздегi жалпыұлттық диалог үдерiсiн орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесiнде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заңдарға өзгерiстер енгiзiлдi. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстiң 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-шi бабын iзгiлендiру үшiн өзгерiстер қабылданды. Жұмысты сапалы әрi жедел атқарғаны үшiн Парламентке ризашылығымды бiлдiремiн.
Бұл — саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту iсi жалғаса бередi. Мемлекеттiк билiктiң барлық дерлiк институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негiзгi мақсаты — тұтас мемлекеттiң тиiмдiлiгiн арттыру.
Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнiнде жақсартқымыз келсе, олардың өздерiн осы iске белсендi түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару iсiне кеңiнен қатыстыруға бағытталуы керек.
Мысалы, қоғамдық пiкiр сауалнамалары ауыл әкiмдерiнiң сайлау арқылы қызметке келуiне қатысты сұраныстың артқанын көрсетiп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйектi түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенiң қалай жұмыс iстейтiнiн нақты бiлуiмiз керек. Алайда, бұл мәселенiң шешiмiн кейiнге қалдыруға болмайды.
Келесi жылы бiрқатар ауылдық округ әкiмдерiнiң өкiлеттiк мерзiмi аяқталады. Ауыл әкiмдерiнiң тiкелей сайлауын өткiзуге болады деп ойлаймын.
Жергiлiктi билiк өкiлдерiнiң сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттердi бөлу және жергiлiктi өзiн-өзi басқару iсiн айқындап алуымыз қажет.
Аса маңызды мәселенiң бiрi — аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделiн әзiрлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңiр» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңiр iшiнде бөлiнуiне айрықша назар аудару керек.
Жергiлiктi бюджеттердi бекiту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебi, бөлiнген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттiлiгiне жұмсала бермейдi. Бiр-екi көшенi жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждiк iс-шараларға жұмсалатын тиiмсiз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл — орынды.
Инфрақұрылымдық және әлеуметтiк бастамаларға аудандар мен елдi мекендердiң бюджетiнен қаражат бөлу үшiн қоғамдық сараптама жүргiзiлуге тиiс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың қаржылық мүмкiндiктерiн арттыру керек. Ол үшiн ауылдық округ бюджетiнiң мүлiктiк құқығын кеңейтiп, кiрiсiн арттыру қажет. Бұл «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесi кезеңi болғаны жөн. Үкiмет бұл маңызды мәселенi шешу үшiн осы жылғы 1 желтоқсанға дейiн нормативтiк база мен тиiстi ұсыныстарды әзiрлеуге тиiс.
Мәслихаттар өкiлдi орган ретiнде өңiр қаражатының тиiмдi жұмсалуын бақылауға жауапты. Бiрақ, көп жағдайда олардың пiкiрi ескерусiз қалады. Бұл — барып тұрған саяси анахронизм.
Осы орайда мәслихаттарға өңiрдi дамыту және ондаған жылдар бойы шешiмiн таппай келе жатқан жергiлiктi түйткiлдi мәселелердi шешу үшiн қол жинау және петиция жасау құзыретiн беруге болады деп ойлаймын.
Мәслихаттардың тексеру комиссияларын да күшейткен жөн. Үкiмет пен Есеп комитетiне заңдарға енгiзiлетiн тиiстi түзетулер топтамасын әзiрлеудi тапсырамын.
Мәслихат отырыстарының мiндеттi онлайн-көрсетiлiмдерiн енгiзу қажет. Халық қалаулыларының өзара пiкiрталасы, олардың қоғамдық-саяси келбетi жұртшылық үшiн қол жетпес құпия болмауға тиiс.
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары құзыреттерiнiң ара жiгiн кезең-кезеңмен ажырату қажет.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары болып саналатын жиындар мен жиналыстардың мәртебесiн арттырған жөн. Аудандық мәслихаттар нақты шешiмдер қабылдаған кезде олардың өзектi мәселелер туралы пiкiрiн ескеруге тиiс.
Қалалардағы өзiн-өзiн басқару мәселесiне жеке-дара тоқталған жөн.
«Мүлiктiк меншiк иелерiнiң бiрлестiгi» институтын енгiзу жөнiндегi реформа басталды. Тиiстi заң да қабылданды. Ендi барлық көппәтерлi тұрғын үйлер кезең-кезеңмен осы басқару нысанына көшедi.
Бұл реформа меншiктi басқару iсiнде тұрғындар пiкiрiнiң ескерiлуiн, сондай-ақ, тұрғын үйдi пайдалану және жөндеу жұмыстарына бөлiнген қаражаттың ашықтығы мен есептiлiгi болуын көздейдi.
Үкiмет пен әкiмдер осындай маңызды реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиiс. Себебi, мұндай бiрлестiк — өзiн-өзi ұйымдастыру және басқару институтының бастау негiзi.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзiрлейтiн кез келдi. Парламент соның негiзiнде тиiстi заңдар қабылдайды.
Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттiк органдарда әлi де болса формализм мен жайбасарлық кеңiнен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерiнiң жергiлiктi деңгейдегi мәселелерiмен орталық мемлекеттiк органдарға жүгiнiп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр.
Сол үшiн, жергiлiктi жердегi басшылардың құзыретi мен жауапкершiлiгiн арттыру керек.
Әлеуметтiк желiлердiң арқасында өңiрлерде шешiмiн таппаған мәселелер бүкiл елге белгiлi болып жатады.
Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшiн онлайн-петициялардың бiрыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бiр бұрмалау әрекеттерiнен толық қорғалуға тиiс.
Үкiмет азаматтық қоғаммен бiрлесiп, осы маңызды жобаның нормативтiк-құқықтық базасын әзiрлеуге және оның барлық техникалық мәселелерiн шешуге тиiс.
Ел азаматтарының мүддесiн қорғау жөнiндегi маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара бередi.
«Nur Otan» партиясы өзiнiң iс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекшi саяси күш екенiн дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзiнiң әлеуетiн толықтай пайдаланатын болады.
Сонымен бiрге, мен, Мемлекет басшысы ретiнде, шын мәнiндегi көппартиялық жүйенi дамытуға күш салуға мiндеттiмiн.
Бiз бiр орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемiздi жаңа жағдайға бейiмдеп, оны бiртiндеп жетiлдiрiп келемiз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар мiндеттi түрде өз жалғасын табады.
Демократияның басты жауы — бiлiмсiздiк пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау бiлдiредi деп сенемiн. Олар жаңа саяси мүмкiндiктердiң арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейдi деп үмiттенемiн.
Айтылған барлық реформалардың, өзгерiстердiң табысты жүзеге асуы баршамыздың бiрлiгiмiзге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершiлiгiмiзге байланысты.
ХI. ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ
Қазiргi мiндет — халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.
Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетiлдiру қажеттiгiн өмiрдiң өзi көрсетiп отыр.
Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдiң жетiстiгiн жаһан жұртына таныта алады.
Мен халқымыздың әлем үлгi тұтарлық жақсы қасиеттерiнiң көбiрек болғанын қалаймын.
Ұлтымыз жаңа сапаға көшуi үшiн бiздiң күнделiктi өмiрлiк ұстанымдарымыз да өзгеруi керек.
Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиiс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бiлiмдi болуға оқу керек. Бай болуға кәсiп керек. Күштi болуға бiрлiк керек. Осы керектердiң жолында жұмыс iстеу керек» дейдi.
Бұл көзқарас бүгiнгi күнi өте маңызды.
Бiрiншiден, жиырма бiрiншi ғасырдың ұрпағы терең бiлiмдi болғаны жөн.
Екiншiден, жас буынды ерiнбей еңбек етуге бейiмдеу қажет.
Үшiншiден, кез-келген iстi кәсiби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртiншiден, темiрдей тәртiп және жоғары жауапкершiлiк баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесiншiден, әдiлдiктен айнымаған жөн. Әдiлдiк — қоғам дамуының маңызды шарты. Әдiлеттiлiк — әсiресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшiн аса қажет қасиет.
Алтыншыдан, бiзге керегi — адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәрiмiз нағыз қазақты дәл осындай кейiпте көргiмiз келедi. Бiз сонда ғана бәсекеге қабiлеттi мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегi мiндетi — ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу.
Жаңғырған қоғам жат әдеттерден бiртiндеп арылуы керек.
Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгедi. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкiл елдi қасiретке ұшыратады. Ал, бос сөздiлiк пен бөспелiк, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейдi. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетiн бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгiнгi күнi де өзектi болып отыр.
Биiк мұратқа жетелейтiн еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сiңiргенiмiз жөн.
Бiздiң елiмiзде «Жауапты мемлекет — жауапты қоғам — жауапты адам» жүйесi берiк орнығуы керек.
Құрметтi отандастар!
Алдымызда ауқымды әрi күрделi мiндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшiн тың тәсiл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет.
Бiздiң стратегиялық бағытымыз — айқын. Түйткiлдi тұстарымыз бен кемшiлiктерiмiздi жақсы бiлемiз.
Бүгiн мен бүкiл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын iс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемiстi жүзеге асуы әрқайсымызға байланысты.
Баршамыз өз-өзiмiздi дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бiзден үздiксiз қозғалысты, мықты күш-жiгердi және табанды еңбектi талап етiп отыр.
Сондықтан, елiмiздiң бақытты әрi жарқын келешегi әр азаматтың қажырлы қызметiне байланысты болмақ.
Әр буынның маңдайына түрлi сынақ жазылған.
Бiз төл тарихымызда тағдырдың түрлi сынынан әрдайым сүрiнбей өттiк. Елiмiз ең күрделi деген мiндеттердi шеше алады. Бiз бұған дайынбыз.
Бiз — халқымыздың Тәуелсiздiк жолындағы сан ғасырлық арман-тiлегiне қол жеткiзген ұрпақпыз.
Келер жылы Тәуелсiздiгiмiзге 30 жыл болады. Бұл мерейлi дата — Егемен елiмiз үшiн аса маңызды меже. Бұл — жаңа тарихи кезеңнiң басы.
Бiзге мемлекеттiң болашағы үшiн зор жауапкершiлiк жүктелiп отыр.
Бiрлiгiмiз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңiп, мақсатымызға жетемiз.
Бұл бiздiң қолымыздан келедi.
Мен бұған кәмiл сенемiн.
Елiмiз әрқашан аман болсын!