Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы

     Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Туды сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Күн, шұғыла, қыран және өрнек бейнелері алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2».
     Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының көк түсі ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға мегзейді. Геральдика тілінде көк түсті болуы адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны.
     Туымыздағы нұр шұғылалы алтын күн бейнесі, қыран көңіл халқымыздың асыл арманын арқалаған дала бүркіті мен рухани болмысымыздың жарқын бір көрінісі болып табылады.

     Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков болып табылады.


 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
     Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.
     Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі.
     Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек.

     Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнi

Мәтін авторлары: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Композитор: Шәмші Қалдаяқов

 

  Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңкымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

 

 
 
 
 
 
   
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
Дата публикации
28 июля 2020