Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төлемдердi кiмдер ала алады?

1 мамырдан бастап ЕЗЖ есебiнен зейнетақы жинақтарын алушылардың тiзiмi кеңейдi

Ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) — бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшiншi тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшерi мен төлеу кезеңдiлiгiн жеке немесе заңды тұлға дербес белгiлейдi.

ЕЗЖ төлеудiң артықшылықтарының бiрi — жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебiнен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерiмiнiң көзделгендiгi. Бұдан басқа, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап салық агентi (жұмыс берушi) өз қаражаты есебiнен қызметкердiң пайдасына төлейтiн ЕЗЖ корпоративтiк табыс салығын есептеу кезiнде шегерiмге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушiнiң қызметкердiң пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердiң табысына салық салу кезiнде ескерiлмейдi.

Айта кетейiк, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшiн БЖЗҚ-ға келiп түскен алғашқы ерiктi зейнетақы жарнасы да негiз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қордың кеңсесiне барудың қажетi жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелiнетiн жеке тұлғаны сәйкестендiру ЕЗЖ аудару кезiнде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетiлген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күнi) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелерi, тұрақты тұратын жерi туралы барлық қажеттi мәлiметтердi БЖЗҚ мемлекеттiк органдардың тиiстi ақпараттық жүйелерiнен алады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;

4) бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерiктi жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерiктi зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кiрiс сомалары шегiнде кемiнде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Аталған баптың 1-тармағының 4) тармақшасы 2021 жылғы 1 мамырдан бастап күшiне ендi. Осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдердi ерiктi зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесiнде кемiнде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебiнен қаражат жинауды мысалы, 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиiсiнше 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерiнiң алғашқы төлемдерiн ала бастайды.

Естерiңiзге сала кетейiк, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеудi екiншi деңгейдегi банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимiнде (мобильдi қосымша немесе өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкiндiгiн де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушiге өтiнiш беру мүмкiндiгi тағы бар, оның негiзiнде жұмыс берушi БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтiнiш берушiнiң не үшiншi тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
19 мая 2021