Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі "Парыз" конкурсы туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N 523 Жарлығымен бекiтiлген ережелерге сәйкес жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» конкурсы өткізіледі. Конкурс халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.
Конкурсты өткізудің мақсаттары:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін, сол секілді тұтас алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру;
2) осы саладағы қолда бар оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату.
Жеке кәсіпкерлік субъектілері (бұдан әрі - үміткерлер) қатыса алатын конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өткізіледі. Конкурстың жеңімпаздарын айқындау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде лауреаттар атақтары жыл сайын мынадай:
1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі;
2) ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша беріледі.
Үміткерлер тұтас алғанда қоғамның және соның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін растайтын әлеуметтік бағдарламаларын ұсынуға тиіс.
Бағдарламалар мен олардың жобаларына үміткерлер дербес және/немесе азаматтық қоғам институттарымен және жергілікті атқарушы органдармен әріптестікте жүзеге асыратын және әлеуметтік салада оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кіреді.
Әлеуметтік жауапкершілік бәсекеге қабілеттілікті арттыруға тиіс.
Конкурстың ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы болып табылады. Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін болып табылады.Үміткерлер материалдарды осы ережелерге сәйкес ресімдейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарына қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынады.