Заңнамада тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан бiржолғы зейнетақы төлемдерiн алу үшiн салымшылардың уәкiлеттi оператордың интернет-ресурсында электрондық өтiнiштердi толтыра отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған уәкiлеттi операторларға жүгiнетiнi көзделген.
Өз өтiнiшiнде салымшы бiржолғы зейнетақы төлемдерiн пайдалану мақсатын және мақсатты пайдалануға жiберiлетiн қолжетiмдi соманы көрсетедi. Уәкiлеттi оператор салымшылардың өтiнiштерiн қарап, оларды мақұлдау туралы шешiм қабылдайды. Сондай-ақ, бiржолғы зейнетақы төлемдерiн Қордан уәкiлеттi операторда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына аудару бойынша БЖЗҚ-мен өзара iс-қимылдар жүргiзiп, бiржолғы зейнетақы төлемдерiнiң нысаналы пайдаланылуына мониторинг жасайды.
БЖЗҚ мен уәкiлеттi операторлар арасындағы өзара iс-қимыл электрондық ақпарат алмасу арқылы және өзара iс-қимыл туралы тиiстi келiсiмдер негiзiнде жүзеге асырылады.
Қазiргi уақытта БЖЗҚ «Отбасы банкi» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ, «Қазақстан Халық банкi» АҚ, «Altyn Bank» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен өзара iс-қимыл туралы келiсiмдер жасады.
Келiсiм уәкiлеттi оператор мен БЖЗҚ арасында бiржолғы зейнетақы төлемдерiн есепке алу, аудару және қайтару мәселелерi бойынша ақпараттық өзара iс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртiбiн, сондай-ақ, ақпараттың құпиялылығын сақтау жөнiндегi шарттар мен мiндеттемелердi қоса алғанда, Келiсiм тараптарының әрқайсысының мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.
БЖЗҚ мен уәкiлеттi операторлардың ақпараттық жүйелерiнiң бiрiктiрiлуi «электрондық үкiмет» веб-порталындағы интеграциялық сервис арқылы жүзеге асырылады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).