Мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары

Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
2023 жылғы 19 маусымдағы
№ 236 бұйрығына
15-қосымша
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2020 жылғы 1 қазандағы
№ 301 бұйрығына
15-қосымша

 

"Жер учаскесін алу үшін кезекке қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы "Жер учаскесін алу үшін кезекке қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Жер учаскесін алу үшін кезекке қою" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) пайдаланушының "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен электрондық түрде қызметтер көрсету мәселелері, аталған тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша ресми ақпараттық өзара іс-қимылға арналған "электрондық үкіметтің" веб-порталының құрамдасы;

      2) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болып табылатын ақпараттық жүйе;

      3) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметті Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.

      "Жер учаскесін алу үшін кезекке қою" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.

  1. Осы Қағидаларға 2-қосымшағасәйкес нысан бойынша жер учаскесін алу үшін кезекке қоюға өтінішті және Тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдау портал арқылы жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы Тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайларда көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.

  1. Жеке басты куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы, мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін ақының төленгені туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден талап етеді.

      Көрсетілетін қызметті берушілер іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік құпиясөзді беру арқылы немесе портал хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған құжат иесінің келісуі болған жағдайда цифрлық құжаттарды алады.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған дербес деректер мен заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді өңдеуді көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының келісуімен порталда тіркеу барысында жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе және мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

  1. Жер учаскесін алуға кезекке қоюға арналған өтініштерді арнайы есепке алынуын қалыптастыруға жауапты көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері 20 (жиырма) минут ішінде:

      порталда авторландыру рәсімін өтеді;

      жер учаскесін алуға кезектілік тізіміне көрсетілетін қызметті алушының деректерін енгізеді;

      жер учаскесін алуға кезектілік тізіміне деректерді енгізгеннен кейін интеграциялық өзара әрекеттесулер жолымен автоматты түрде мемлекеттік қызметті көрсетуге қажетті барлық қажетті мәліметтерді өңдейді;

      көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне электрондық құжат түрінде көрсетілетін қызметті берушінің ЭЦҚ-сы қойылған өтінішті арнайы есепке қою туралы хабарламаны не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауапты жолдайды.

  1. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректердің енгізілуін қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторына, көрсетілетін қызметті берушіге және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.

  1. Ақпараттық жүйе істен шыққан кезде көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің жұмыскерін дереу хабардар етеді.

      Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты жұмыскер техникалық проблема туралы хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.

  1. Көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.

3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Шағым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 91-бабының 4-тармағына сәйкес келіп түскен жағдайда көрсетілетін қызметті беруші оны келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарайтын органға жібереді. Көрсетілетін қызметті беруші шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы акт қабылданған, әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

  1. Көрсетілетін қызметті алушының шағымын Заңның 25-бабының 2-тармағынасәйкес:

      көрсетілетін қызметті беруші – тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауы тиіс.

      Көрсетілетін қызметті берушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда, шағымды қарау жөнінде өкілеттік берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды берген көрсетілетін қызметті алушыға жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) ұзарту себебін көрсете отырып шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы хабарлайды.

  1. Егер заңда өзгеше көзделмесе, ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағынасәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

 

"Жер учаскесін алу үшін кезекке қою"
Дата публикации
05 июня 2024