АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президентi Алмаз Шарман онлайн брифинг барысында коронавирусқа қарсы вакцинацияға қатысты жиi қойылатын сұрақтарға жауап бердi, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi. Оның айтуынша, қазiр коронавируспен күресте вакцина салу оны жеңудiң жалғыз жолы. «Ел тұрғындарына вакцинаның үш түрi салынып жатыр. Бұл мутацияға ұшырап жатқан вирусқа қарсы тиiмдi нәтиже беруде. Десекте, екпе жақсы нәтиже беру үшiн халықтың басым бөлiгi егiлу керек. Егер жеткiлiктi түрде доза салынбаса ауруды жеңу қиын болады. Адамдар қаншалықты жылдам вакцина салдырса, соғұрлым тезiрек ұжымдық иммунитет қалыптасады. Сондықтан вакцина салдыру коронавируспен күресте өте маңызды болып отыр», — дейдi Алмаз Шарман. Сонымен қатар, ол вакцина адамдарға әртүрлi сипатта әсер етiп жатқанына қатысты жауап бердi. «Вакцина салған соң оның әсерi адамның жанына бататындай ауыр болмайды. 24 сағат iшiнде дене қызуы көтерiлiп, буындар сырқырайды. Ол кезде дене қызуын түсiретiн дәрi қабылдаған дұрыс. Вакцина иммундық жүйе вируспен күресу үшiн оны жаттықтыруға арналған. Мәселен, әдетте бiз жаттығу жасаған соң ертеңiнде денемiз ауырады ғой, бұл да сол сияқты», — дедi ол. Оның айтуынша вакцина алған соң адам денесiнде бiрден антидене түзiледi, бiрақ коронавируспен күресте ол шешушi рөл атқармайды. «Бiрiншi «М» класты антидене пайда болады. Кейiн оларды «G» класының антиденесi алмастырады. Олар 14 күн болғанда шарықтау шегiне жетедi де, бәсеңдей бередi. Одан кейiн ағзадағы антидене титрының көрсеткiшiне мән берудiң қажетi жоқ. Олар коронавирусты залалсыздандыруда маңызды рөлге ие, бiрақ олар ең бастысы емес. Ол иммундық жүйенiң әскерi сияқты. Иммундық қорғаныста лимфоциттер маңызды рөлге ие. Олар баяу түзiледi, бiрақ коронавируспен күреске анағұрлым дайындалған және күшi жоғары. Оны зертханада анықтау өте қиын. Дегенмен вакцина алған соң олар түзiлiп, коронавирустың шабулын күтедi. Яғни коронавирус жұққан жасушаларды өлтiредi», — дедi Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президентi Алмаз Шарман.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсендi сiлтеменi пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/almaz-sharman-vakcinanyn-aseri-adamnyn-zhanyna-batatynday-auyr-bolmaydy_a3786489