Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрiнiң 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 50 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 2016 жылы 24 ақпанда № 13206 болып тiркелдi
«Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдар басшыларына және олардың орынбасарларына бейне-конференцбайланыс немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiну қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетi (Т.Б. Қазанғап):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн оның көшiрмелерiн баспа және электрондық түрде күнтiзбелiк он күн iшiнде мерзiмдi баспа басылымдарында және «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға, сондай-ақ тiркелген бұйрықты алған күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiне енгiзу үшiн Республикалық құқықтық акпарат орталығына жiберудi;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң интернет-ресурсында және мемлекеттiк органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Заң департаментiне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген iс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi ұсынуды қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшiлiк ететiн Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрiне жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрi Ә. Исекешев
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрiнiң
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 50 бұйрығымен бекiтiлген
Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың басшыларына
және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе
бейнеөтiнiш арқылы жүгiну қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференция байланысы немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiну қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңының 6-бабының 4-тармағына сәйкес әзiрленген (бұдан әрi — Заң) және жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiну тәртiбiн айқындайды.
Мемлекеттiк орган басшысының орынбасарларымен жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiнуiн қабылдау бiрiншi басшы болмаған жағдайда жүзеге асырылады (бұдан әрi — мемлекеттiк органның басшылары).
2. Осы Қағидалардың әрекетi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасымен, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық, азаматтық процессуалдық заңнамасымен белгiленген жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбiне қолданылмайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:
1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган — ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) бейнеконференцбайланыс — өзара қашық бiрнеше абоненттiң нақты уақыт режимiнде аудио- және бейнеақпарат алмасу мүмкiндiгiн ала отырып, интерактивтiк өзара iс-қимыл жасасуына арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметi;
3) бейнеөтiнiш — «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы жүзеге асыратын, өтiнiштi қарайтын субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлген бейне форматтағы жеке немесе ұжымдық ұсыныс, арыз, шағым, сұрау салу немесе үн қосу;
4) бейнеөтiнiш қабылдау сервисi (бұдан әрi — БӨҚС) — «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясында орналасқан жабдықталған бөлмелерде мемлекеттiк органдардың басшыларына бейнеөтiнiш беру жонiндегi ақпараттық ресурс;
5) жеке сәйкестендiру нөмiрi (бұдан әрi — ЖСН) — жеке тұлға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
6) «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтердi көрсету, «бiр терезе» қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтердi көрсетуге өтiнiштер қабылдау және көрсетiлетiн қызметтi алушыға олардың нәтижелерiн беру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған заңды тұлға;
7) мемлекеттiк органдардың электрондық құжат айналымының бiрыңғай жүйесi (бұдан әрi — ЭҚАБЖ) — Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен тиiстi мемлекеттiк органның лауазымды тұлғалары арасындағы электрондық құжат алмасуға арналған электрондық құжат айналымы жүйесi;
8) онлайн-қабылдау — Мемлекеттiк корпорация арқылы жүзеге асырылатын, субъектiнiң, лауазымды тұлғаның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтiнiштерiн бейне-конференцбайланыс арқылы қабылдау жөнiндегi әрекетi;
9) электрондық тiркеу бақылау карточкасы — электрондық құжат деректемелерiн тiркейтiн, белгiленген нысан бойынша құжат туралы есептiк деректерi бар электрондық құжат;
10) «электрондық үкiмет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрi — оператор) — «электрондық үкiмет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға;
11) «электрондық үкiметтiң» веб-порталы — нормативтiк құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкiметтiк ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк және өзге де қызметтерге қол жеткiзудiң бiрыңғай терезесiн бiлдiретiн ақпараттық жүйе;
12) «электрондық үкiметтiң» веб-порталындағы пайдаланушылардың кабинетi (бұдан әрi — жеке кабинет) — «электрондық үкiмет» веб-порталының өтiнiштердi қарайтын субъектiлерге өтiнiш беру мәселелерi, сондай-ақ дербес деректердi пайдалану мәселелерi бойынша электрондық нысанда көрсетiлетiн қызметтер мәселелерi бойынша жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдармен ресми ақпараттық өзара iс-қимылына арналған құрам-бөлiгi.
2. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың
басшыларына және олардың орынбасарларына
бейнеконференцбайланысы арқылы жүгiну тәртiбi
4. «Электронды үкiмет» порталына тiркелген өтiнiш берушi (электрондық цифрлық қолтаңбасы бар) «Бiрiншi басшыға қабылдауға жазылу» қызметiн таңдайды.
Өтiнiш берушiге «электронды үкiмет» веб-порталында орналастырылған бейнеконференцбайланысына қосылған мемлекеттiк органдардың тiзбесi ұсынылады (бұдан әрi — Тiзбе). Тiзбеден өтiнiш берушi оған қажеттi мемлекеттiк органды таңдайды.
Бұдан әрi таңдалған мемлекеттiк органның кестесi ашылады және өтiнiш берушi қалаулы күнi мен уақытын бейнеконференцбайланыс арқылы таңдайды, бұл жерде осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес үлгiсiн толтыру үшiн өтiнiш бейнеконференцбайланыс арқылы қолжетiмдi болады.
Толтырылған электронды өтiнiшке өтiнiш берушiнiң электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады және «Өтiнiш беру» нүктесi басылғасын таңдалған мемлекеттiк органға жiберiледi.
5. Жолданған өтiнiш ол мемлекеттiк органның басшыларына жеке және заңды тұлғалардың қабылдауын ұйымдастыру мәселелерiн шешу үшiн мемлекеттiк орган бекiткен «электронды үкiмет» веб-порталында таңдалған мемлекеттiк органның жауапты қызметкерiнiң «онлайн-қабылдауына жазылу (хатшы)» бөлiмiне түседi.
6. Мемлекеттiк органның бiрiншi басшылары ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның келiсуiмен бейнеконференция байланысы арқылы қабылдауды өткiзуге бөлiнген уақытты көрсете отырып, алдағы тоқсанға Заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау кестесiн (бұдан әрi — қабылдау кестесi) дербес бекiтедi.
7. «Электронды үкiмет» веб-порталына орналастыру үшiн ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органға мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi бекiтiлген қабылдау кестесiн тоқсан басталғанға дейiн күнтiзбелiк он бес күн бұрын жiбередi.
8. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган көрсетiлген өтiнiш нысанын мiндеттi түрде толтырумен өзiнiң өтiнiшiн жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкiлдерiне жолдауды ұсынумен «электронды үкiмет» веб-порталына орналастыру үшiн мемлекеттiк органның қабылдау кестесiн операторға жiбередi.
Мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi «электрондық үкiмет» веб-порталына өтiнiш түскен кезде, келiп түскен өтiнiш туралы хабарламаны жүктейдi және мемлекеттiк орган басшысының және оның орынбасарларының қарауына одан әрi жағдай жасау үшiн ЭҚАБЖ-де электрондық тiркеу-бақылау карточкасын қалыптастырады.
Мемлекеттiк органның басшысы және оның орынбасарлары өтiнiмдi қарастырады және видеоконференцбайланыс арқылы қабылдау өткiзу туралы шешiм қабылдайды. Қол қойылған жауап келiп түскен сәттеп бастап, үш күннiң iшiнде одан әрi өтiнiш берушiнiң электрондық пошта мекен-жайына және жеке кабинетiне орналастыру үшiн жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн қабылдау бойынша жұмысты ұйымдастыруға жауапты бөлiмшеге жолдайды.
9. Мемлекеттiк органдардың бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау туралы өтiнiш берушiнiң сұранысына жауаптары келесi түрлерге бөлiнедi:
1) бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау күнiн және өткiзу уақытын белгiлеу;
2) егер мәселе тиiстi мемлекеттiк орган басшысының құзыретiне жатпаса, өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту.
10. Мемлекеттiк оганның қабылдау немесе бас тартуды бекiту туралы хабарламасы өтiнiш берушiнiң электронды поштасынның мекенжайына немесе оның жеке кабинетiне «электронды үкiмет» порталы арқылы жiберiледi, сондай-ақ егер өтiнiш иесiне қабылдау бейнеконференцбайланыс арқылы белгiленсе, операторға және Мемлекеттiк корпорацияға хабарланады, бұл ретте бейнеконференцбайланыс арқылы өтiнiштi қабылдауға жабдықтар орнатылған «электронды үкiмет» веб-порталына орналастырылған Мемлекеттiк корпорацияның филиалдарының тiзбесiне сәйкес белгiленедi.
11. Мемлекеттiк орган басшыларының қабылдауына келесi айда бекiтiлген Кестенiң шеңберiнде өтiнiш иелерiн тiркеу аяқталған соң, мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау кестесiн құрастырады (бұдан әрi — кесте) және бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау жоспарланып, ай басталмас бұрын үш күннен кешiктiрмей операторға және Мемлекеттiк корпорацияға хабарлайды.
12. Оператор кесте келiп түскеннен кейiн бiр жұмыс күнiнiң iшiнде оны «электронды үкiмет» веб-порталында орналастырады.
13. Кестеге өзгерiстер енгiзiлген жағдайда мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi қабылдау басталғанға дейiн бiр жұмыс күннен кешiктiрмей өтiнiш иесiне өтiнiште көрсетiлген оның электрондық поштасының мекенжайына және ұялы байланыс нөмiрiне кестеге енгiзiлген өзгерiстер жөнiнде хабарлама жiбередi, сондай-ақ сол мерзiмде өзгертiлген кестенi операторға және Мемлекеттiк корпорацияға «электрондық үкiмет» веб-порталында орналастыру үшiн жiбередi.
14. Оператор қабылдауға бiр жұмыс күнi қалғанда мемлекеттiк орган мен Мемлекеттiк корпорацияның техникалық жабдықтарын тексередi.
15. Өтiнiш берушi мемлекеттiк органның жауабында белгiленген қабылдау уақытына он бес минуттан кем емес уақыт қалғанда, ол өтiнiш беру кезiнде таңдаған Мемлекеттiк корпорация бөлiмшесiне өзiнiң жеке басын куәландыратын құжатымен келедi.
16. Қабылдау уақыты келген кезде, Мемлекеттiк корпорация бөлiмшесiнiң қызметкерi өтiнiш иесiн бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн қабылдау жүргiзуге арналған үй-жайға алып барады және бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.
17. Мемлекеттiк органның басшысы өтiнiш иесiн жұмыс кабинетiнде немесе сол үшiн мемлекеттiк органның арнайы бөлiнген үй-жайында қабылдайды.
18. Бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау мынадай алгоритм бойынша жүргiзiледi:
1) өтiнiш иесi өзiнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын атайды (бар болған жағдайда). Заңды тұлға жүгiнген жағдайда ол заңды тұлғаның атауын атайды;
2) өтiнiш берушi мемлекеттiк органның беретiн түсiнiктемесi бойынша мәселенiң мәнiн баяндайды;
3) мемлекеттiк орган басшысы тарапынан нақтылау сұрақтары қойылады, оларға өтiнiш иесiнiң жауаптары берiледi;
4) мемлекеттiк органның басшысы тарапынан қарастырылып отырған мәселе бойынша ұсыныс енгiзiледi және оны өтiнiш берушiмен талқылау жүргiзiледi;
5) мемлекеттiк орган басшысы кездесудi қорытындылауды жүргiзедi.
19. Өтiнiш берушi мен мемлекеттiк орган басшысының онлайн-қабылдау кезiндегi әңгiмелесуi ресми-iскерлiк стильде өткiзiледi. Бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау жүргiзiлген кезде мемлекеттiк органның атына балағатты, қорқыту немесе қорлау сөздер айтуға, сондай-ақ «Мемлекеттiк құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы Заңына сәйкес мемлекеттiк құпияға жататын және өзге де заңмен қорғалатын құпия ақпаратты жариялауға жол берiлмейдi.
20. Мемлекеттiк орган басшысы онлайн-қабылдау қорытындысы бойынша қабылдаған шешiм Заңда белгiленген мерзiмде қабылдау кезiнде мәнi бойынша өтiнiш берушiге жауап дайындайтын мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi қабылдау қорытындысы бойынша мемлекеттiк орган басшысының шешiмiнде белгiленген iс-шараларды жүзеге асыру үшiн жауапты мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiне мәлiмет үшiн жазбаша түрде немесе электронды құжат түрiнде жеткiзiледi.
3. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдардың
басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеөтiнiш арқылы
жүгiну тәртiбi
21. Жеке және заңды тұлғалардың уәкiлдерiнен бейнеөтiнiштердi қабылдау «электронды үкiмет» веб-порталында орналастырылған «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының филиалдарының тiзiмiне сәйкес жеке басын куәландыратын құжатты ұсынумен Мемлекеттiк корпорацияның филиалдары арқылы жүзеге асырылады.
22. Өтiнiш берушiнiң бейне өтiнiш беру мәселесi бойынша Мемлекеттiк корпорацияға ресепшнге (анықтама бұрышы) өтiнiш бiлдiрген жағдайда, Мемлекеттiк корпорация қызметкерi өтiнiш берушi және оның жеке басын куәландыратын құжатымен сәйкестендiруiн жүзеге асырады, «Бейне өтiнiш берген азаматтарды тiркеу» журналына өтiнiш берушiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың деректерiн енгiзедi, бейнеөтiнiш берудiң негiзгi қағидаларын түсiндiредi, өтiнiш берушiнi бейнеөтiнiш беру бөлмесiне шығарып салады.
23. Өтiнiш берушi бейне өтiнiштiң жазылуының алдында өзiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (қалауынша), пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы; заңды тұлғалар — атауы, пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы туралы мәлiметтердi енгiзедi.
24. Жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өкiлдерiнiң бейнеөтiнiш жазу уақыты үш минутты құрайды. Үш минуттан артық бейнеөтiнiш жазудың қажеттiлiгi туындағын жағдайда сол адресатқа жаңа өтiнiш жазу керек.
Бейне жазудың аяқталысымен экранда жазудың күнi, жауабын қарау үшiн құпия коды және жауаптың болжалды күнi туралы мәлiметтер көрiнiп, код-штрихы бар чек шығады.
25. Жеке және заңды тұлғалардың бейнеөтiнiшi «электронды үкiмет» веб-порталында орналастырылған БӨҚС сервиске қосылған мемлекеттiк органдар тiзiмiне сәйкес онда қойылған мәселелердi шешу солардың құзырына жататын мемлекеттiк органға немесе лауазымды тұлғаға жiберiледi.
Шағым түсiрген кезде мемлекеттiк орган атауы немесе лауазымы, лауазымдық тұлғалардың аты-жөнi, аты-жөнiнiң бiрiншi әрiптерi, кiмнiң әрекетiне шағымданатыны, өтiнiштiң уәждерi мен талаптары көрсетiледi.
26. Сұрақтың дәл мәнiсi баяндалмаған жеке және заңды тұлғалардың уәкiлдерiнiң бейнеөтiнiштерi қарауға жатпайды.
27. Өтiнiш берушiнiң «Жазуды аяқтау» нүктесiн басқаннан кейiн жеке тұлғаның және заңды тұлға өкiлдерiнiң бейнеөтiнiштi мемлекеттiк органға жолдау фактiсi белгiленедi.
Осы Қағидаларға сәйкес белгiленген тәртiппен берiлген бейнеөтiнiштер Заңға сәйкес мiндеттi түрде қабылдауға, тiркеуге және жатады, есепке алуға.
28. Жеке және заңды тұлғалардың уәкiлдерiнiң бейнеөтiнiштерiн қарау мерзiмi Заңға сәйкес есептеледi.
29. Мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi бейнеөтiнiштер қабылдау БӨҚС сервисiне кiру арқылы мемлекеттiк орган басшылығының қарауына тiркеу және енгiзу үшiн ЭҚАБЖ-де тiркеу-бақылау карточкасын қалыптастыру арқылы қадағалайды және тiркейдi.
Мемлекеттiк органдарға БӨҚС-ге қолжетiмдiлiктi ақпарат саласындағы уәкiлеттi орган бередi.
30. Жеке және заңды тұлғалар уәкiлдерiнiң бейнеөтiнiштерi қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн мемлекеттiк органға немесе лауазымды тұлғаға келiп түскен өтiнiш мемлекеттiк органға, лауазымды тұлғаға келiп түскен күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тиiстi мемлекеттiк органдарға жiберiледi, бұл туралы өтiнiш берушiге хабарланады.
31. Жеке тұлғаның және заңды тұлғалар уәкiлдерiнiң бейнеөтiнiштерiн қарау нәтижелерi бойынша мынадай шешiмдердiң бiрi қабылданады:
1) өтiнiштi толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы;
2) осындай шешiм қабылдауды негiздей отырып, өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) өтiнiштiң мәнi бойынша түсiнiк беру туралы;
4) өтiнiштi қарауды тоқтату туралы.
32. Бiр тұлғаның мүддесi үшiн бiр мәселе бойынша бiрнеше жеке тұлғадан және заңды тұлғалардың уәкiлдерiнен бейнеөтiнiш келiп түскен кезде бiрiншi өтiнiш негiзгi өтiнiш ретiнде тiркеледi, ал кейiнгiлерi негiзгi өтiнiшке қоса тiркеледi және бiрiншi өтiнiш келiп түскен күннен бастап есептелетiн белгiленген мерзiм шегiнде оларды шешудiң нәтижелерi туралы арыз берушiлерге хабарлана отырып, бiр өтiнiш ретiнде қаралады.
33. Жеке тұлғаның және заңды тұлғалар уәкiлдерiнiң бейнеөтiнiштерi бойынша шешiлген жауаптар өтiнiш берушiнiң пошталық мекенжайына жолданады. Мемлекеттiк органның жауапты қызметкерi қосымша БӨҚС (жауапты құпия коды немесе штрих-коды арқылы) сервисiне жауапты орналастырады және өтiнiш берушiнiң электрондық мекен-жайына «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдардың электрондық бiрыңғай пошталық жүйесi» ақпараттық жүйесi арқылы жiберiледi (ҚР МОЭБПЖ).
34. БӨҚС-де жеке тұлғалардың және заңды тұлғалар өқiлдерiнiң бейнеөтiнiшiне жауаптар ЭҚАБЖ жүйесiнде қол қойылған және тiркелген күнi мемлекеттiк органның жауапты қызметкерiмен бекiтiледi.
Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк
органдардың басшылары және олардың
орынбасарларына бейнеконференцбайланыс
немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiну
қағидасына қосымша
Бейнеконференцбайланыс арқылы жүгiнудi толтырудың үлгiсi
