БЖЗҚ СҰРАУСЫЗ ҚАЛҒАН 675 МЫҢ ШОТТЫҢ ИЕЛЕРIН ТАПТЫ

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлерi 2019 жылы сұраусыз қалған 675 мың зейнетақы шоттарының иелерiмен байланыс орнатты. Бұл бiр жыл және одан да көп жылдардан берi жарна түспеген «ұйқыдағы» шоттар. Олардың қатарында өзiн-өзi жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар, сондай-ақ зейнетақы жарналарын уақытша аудармағандар:үйде бiр жылдан астам уақыттан берi декреттiк демалыста отырғандар, тәжiрибе жұмысындағылар, тағылымдамадан өтушiлер, үй шаруасындағы әйелдер, мүгедектiгi бар адамдар, әскери қызметшiлер және сотталғандардың шоттары бар.

Қор мамандары ақпарат беру-түсiндiру жұмыстары аясында салымшыларға мiндеттi зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсiндiрдi. Соның арқасында 128 мың жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 4 млрд теңгеге 523 202 жарна келiп түстi.

Осылайша БЖЗҚ «ұйқыдағы» шоттарды жандандыру, соңғы жылдары шоттарына зейнетақы жарнасын аудармай жүрген салымшыларды iздестiру жұмыстарын одан әрi жалғастыруда.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
13 марта 2020