1. Сәлеметсiздер ме, менiң әкем полицияда жұмыс iстейдi және мен болашақта ол кiсiнiң зейнетақысын қалай алатынын бiлгiм келедi. БЖЗҚ-ның болашақ төлемдерде алатын рөлi қандай? Немесе төлемдердiң барлығы тек бюджеттен қамтамасыз етiледi ме?
2016 жылдың басынан бастап әлеуеттi құрылым қызметкерлерi 01.01.1998 жылға еңбек сiңiрген жылдарының бар-жоғына қарамастан толық мемлекеттiк зейнетақымен қамсыздандыруға ауыстырылды. Зейнетақы мөлшерi ақшалай қамтылымның (АҚ) 50% есебiнен белгiлендi, бұл ретте еңбек сiңiрген жылдарының әрбiр жылы үшiн (25 жылдан астам) зейнетақы мөлшерi 2% — ға, еңбек өтiлiнiң әрбiр жылы үшiн — АҚ-дан 1% — ға, бiрақ республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 109 АЕК-тен (288 959 теңге) аспайтын мөлшерге көбейiп отырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына республикалық бюджет есебiнен әскери қызметшiлердiң пайдасына бұрын жүзеге асырылып отырған мiндеттi зейнетақы жарналарының 20%-ын төлеу тоқтатылды. Осылайша 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы алу құқығына жиырма бес және одан да көп жалпы еңбек өтiлi бар, оның кемiнде он екi жыл және алты айын үзiлiссiз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарында, мемлекеттiк фельдъегерлiк қызметте өткерген әлеуеттi құрылым қызметкерлерi және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектi жасқа толуы не штаттың қысқартылуы немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарындағы қызметтен, мемлекеттiк фельдъегерлiк қызметтен босатылған тұлғалар ие.
Бұл ретте еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алу құқығы БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарынан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейiн бюджет қаражаты есебiнен аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылған жағдайда ғана туындайды. Сондай-ақ зейнетке шығып алған зейнеткерлерге бұған дейiн толық емес көлемде тағайындалған зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн қайта есептеу жүргiзiлдi. Ол еңбек сiңiрген жылдары мен зейнетақы iсiндегi қызметтен босатылған күндегi еңбек өтiлiн есепке ала отырып, сондай-ақ мiндеттi зейнетақы жарналары сомасының 50% қайтарылған жағдайда зейнетақы төлемдерiн толық көлемге жеткiзу есебiмен жасалды.
БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған жартысын (қалған 50%) пайдалану құқығы зейнетақы заңнамасының нормаларына сәйкес iске асырылатын болады.
БЖЗҚ-дан мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алу құқығына БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар төмендегi адамдар ие:
1) зейнет жасына толғанда, ерлер 63 жасқа, әйелдер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59,5 жасқа толғанда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60 жас, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап — 60,5 жас, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61 жас, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап — 61,5 жас, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62 жас, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап — 62,5 жас, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — 63 жас.
2) зейнетақы жинақтары ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес зейнетақы төлемiн қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi болған кезде сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасау жолымен ерлер — 55 жасқа және әйелдер 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 51,5 жасқа толғанда;
3) егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
Назар аударыңыз, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн, мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн тағайындауды уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады. Сiздiң әкеңiздiң, яғни полиция қызметкерiнiң жағдайында зейнетақы төлемдерiн тағайындауды Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi жүзеге асырады.
Осылайша еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемi мен мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн тағайындау тәртiбi бойынша толық ақпарат алу үшiн Қазақстан Республикасының тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органына хабарласу туралы кеңес беремiз.
2. Қайырлы күн, менiң ағамның жеке сауда-саттықпен айналысатын орны бар және ол кiсi өзiне жұмыс iстейдi. Егер ол кiсi зейнетақы қорына ақша аудармаса, болашақта зейнетақыны қалай алады? Тек бiрыңғай жиынтық төлемдi ғана төлеу жеткiлiктi ме?
Бiрiншiден, бiрыңғай жиынтық төлем (бұдан әрi — БЖТ) деген не екенiн түсiну керек. Қазақстанда өзiн — өзi жұмыспен қамтыған азаматтар үшiн салық режимiнiң жаңа түрi — БЖТ-ның қолданысқа енгiзiлгенiне де бiр жылдай уақыт болып қалды. Бұл төлем түрi азаматтардың төмендегi санаттарына арналған:
1. жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлерi;
2. отбасылық кәсiпорындардың ақы төленбейтiн қызметкерлерi;
3. жұмыскерлерi жоқ, жылына 1 175 АЕК-тен кем (3 114 925 теңгеден кем) айналымы бар кәсiпкерлер.
Бұл ретте БЖТ тек төменде көрсетiлген қызмет түрлерiне ғана қолданылады:
1. Тек жеке тұлғаларға қызмет көрсету;
2. Жеке қосалқы шаруашылықтағы өзi өндiрген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн тек жеке тұлғаларға ғана сату.
Алайда егер Сiздiң ағаңыздың бiр жыл iшiндегi табысы 1175 АЕК, яғни 3 114 925 теңге сомасынан асып кететiн болса, онда оған жеке кәсiпкер ретiнде тiркелу және басқа салық режимiн таңдауға тура келедi.
Бiрыңғай жиынтық төлемдi төлеу үшiн салық органдарында тiркелудiң қажетi жоқ; тек бiрыңғай жиынтық төлемнiң белгiленген сомасын төлеу қажет. Ай сайынғы БЖТ мөлшерi республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшiн 1 АЕК-тi (2651 тг.); басқа елдi мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшiн 0,5 АЕК-тi (1325.5 тг.) құрайды. Төлем екiншi деңгейдегi банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясының (ХҚКО) шотына бiр сомамен жүргiзiледi. Төлемдi жүзеге асыру үшiн банкте есеп айырысу шотын ашу талап етiлмейдi. Бiрыңғай жиынтық төлем сомасын Мемлекеттiк корпорация мынадай пропорцияларға бөледi: 10% — жеке табыс салығы (ЖТС); 20% — әлеуметтiк аударымдар (ӘА); 30% — мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ); 40% — мiндеттi медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС). Зейнеткерлiк жасқа толған адамдар үшiн төлемнiң барлық сомасы жеке табыс салығы болып танылады, әлеуметтiк төлемдерге бөлу жүргiзiлмейдi.
Осылайша БЖТ жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысуға және зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi мен жинақтаған қаражатына қарай зейнетақы төлемiн алуға құқық бередi. БЖТ төлеушiлерi үшiн БЖЗҚ-дағы өзiнiң зейнетақы жинақтарын толықтырудан басқа расталған еңбек өтiлiне байланысты базалық зейнетақы алу мүмкiндiгi пайда болады. Бұған қоса БЖТ төлеушi мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiнiң қатысушысы болып тiркеледi және МӘМС енгiзiлгеннен кейiн медициналық мекеменi таңдау құқығымен сомасы мен түрлерi бойынша шектеу қойылмайтын медициналық қызметтерге қол жеткiзе алады, сондай-ақ еңбекке қабiлеттiлiгiнен, жұмысынан, асыраушысынан айырылған, жүктiлiк пен босану, бала асырап алу, бала күтiмi жағдайларында әлеуметтiк төлемдер ала алады.
Сондай-ақ, болашақта лайықты зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшiн оған ерiктi зейнетақы жарналарын жүзеге асыруға болады. ЕЗЖ артықшылықтарының бiрi — Сiз жарна мөлшерi мен төлеу кезеңдiлiгiн, сондай-ақ ЕЗЖ төлемiн алу құқығы туындаған кезде жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртiбiн өзiңiз белгiлейсiз. Ерiктi зейнетақы жарналарын өз ықтиярыңыз бойынша жүзеге асыру қажет. Бұл үшiн ЖЗҚ-мен шарт жасасып, БЖЗҚ- ға ерiктi аударымдарды Шартта көрсетiлген банк деректемелерi бойынша аудару қажет. Ыңғайлы болу үшiн БЖЗҚ сайтында қолданыстағы ЭЦҚ кiлтi арқылы ерiктi зейнетақы шотын онлайн ашу бойынша қызмет iске асырылды немесе БЖЗҚ-ның көптеген филиалдарының бiрiне келу жеткiлiктi. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны банктiк сервистер — Kaspi.kz қосымшасы, Halyk Bank терминалдары арқылы төлеуге болады.
3. Сәлеметсiз бе, менiң атым Елена. Осыдан екi жыл бұрын мен Ресейге ТТЖ-ға кеттiм, тек жақында ғана БЖЗҚ-дағы өз жинақтарымды алуға болатынын бiлдiм. Шынымды айтсам, менде бiр мәселе туындап тұр — мен тұрмыс құрып, тегiмдi өзгерттiм, ал жарналар менiң қыз күнiмдегi тегiм бойынша аударылған болатын. Ендi мен ақшамды қалай алсам болады және қандай құжаттар тапсыру қажет?
Егер Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында Сiздiң мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ), мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) не ерiктi зейнетақы жарналары бойынша (ЕЗЖ) жинақтарыңыз болса, онда сiздiң Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрғылықты тұратын жерге кетуiңiзге байланысты өз жинақтарыңызды алуға құқығыңыз бар.
Зейнетақы жинақтарын төлеуге арналған құжаттарды БЖЗҚ-ға мынадай тәсiлдердiң бiрiмен ұсынуға болады:
- өзiңiз келiп өтiнiш бiлдiрген кезде;
- пошта байланысы арқылы;
- үшiншi тұлға (сенiм бiлдiрiлген адам) арқылы. Бұл ретте құжаттар сенiм бiлдiрiлген адам БЖЗҚ кеңсесiне өзi келiп өтiнiш бiлдiрген кезде ғана қабылданады.
Назар аударыңыз, өтiнiш берер алдында Сiз мiндеттi түрде ТТЖ-ға кетудi ресiмдеуiңiз керек, өйткенi, бұл заңнаманың зейнетақы төлемдерiн алу үшiн қойылатын мiндеттi талаптарының бiрi. ТТЖ-ға кетуге байланысты зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштердi қараған кезде «БЖЗҚ» АҚ қызметкерлерi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының ақпараттық жүйелерiне өтiнiш бiлдiрген шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi не шетелдiктiң Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты болуы туралы мәлiметтерге сұраныс жасайды. Жоғарыда аталған құжаттардың жарамсыздығы туралы мәлiметтер алған жағдайда, БЖЗҚ зейнетақы төлемдерiн жүзеге асырады. Айта кетейiк, БЖЗҚ-ға өзi келiп өтiнiш бiлдiрген кезде мiндеттi түрде мына құжаттар ұсынылады:
1) БЖЗҚ-ның iшкi құжатымен бекiтiлген нысандағы зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiш (бұдан әрi — өтiнiш);
2) егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмеген болса, шетелдiк паспорттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы (Ресей Федерациясы азаматының iшкi паспортын ұсынған жағдайда өтiнiш орындалуға жатпайды);
3) алушының банктегi шоты туралы мәлiметтер.
Өтiнiш үшiншi тұлға (сенiм бiлдiрiлген адам) арқылы берiлген жағдайда, жоғарыда көрсетiлген құжаттарға қосымша үшiншi тұлға:
1) нотариалды куәландырылған сенiмхаттың түпнұсқасын немесе оның нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
2) үшiншi тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы. Бұл ретте алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi нотариалды куәландырылады.
Өтiнiштi пошта байланысы құралдары арқылы берген кезде алушының жеке басын куәландыратын құжат және өтiнiштегi алушының қолы да нотариалды куәландырылады.
Айта кету керек, БЖЗҚ зейнетақы төлемдерiн деректемелерi өтiнiште көрсетiлген алушының банктiк шотына тек ұлттық валютада — Қазақстан аумағындағы екiншi деңгейдегi банктерде/банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктiк шоттарға аударған кезде; сондай-ақ АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингпен немесе Ресей рублiмен — Қазақстаннан тыс жерлердегi шетелдiк банктерде ашылған банктiк шоттарға аударған кезде жүзеге асырады.
БЖЗҚ-ға беру тәсiлiне байланысты барлық қажеттi құжаттардың өзектi тiзбесiн (өзi келiп өтiнiш бiлдiрген кезде/пошталық байланыс құралдары арқылы/үшiншi тұлға арқылы), оларды ресiмдеуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ өтiнiш бланкiлерi мен төлем валютасының түрiне байланысты оларды толтыру үлгiлерiн, сенiмхаттардың үлгiлерiн, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың түсiнiктемелерiн www.enpf.kz мекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтынан көруге болады, ондағы ақпарат үнемi жаңартылып отырады. Сонымен қатар, enpf.kz сайтындағы «Электрондық сервистер» бөлiмiнде құжаттарды онлайн режимiнде алдын ала тексеру мүмкiндiгi бар.
Шетелдiк паспортты алу кезiнде алушының деректемелерi, атап айтқанда: тегi, аты, әкесiнiң аты — бар болса, туған күнi өзгерген жағдайда, жоғарыда көрсетiлген құжаттар тiзбесiне қосымша шетелдiк құжаттарды ресiмдеуге қойылатын талаптарды сақтай отырып ресiмделген, негiзгi 4 деректеменiң өзгеру дерегiн растайтын, төменде көрсетiлген құжаттардың бiрiнiң түпнұсқасын не нотариалды куәландырылған көшiрмесiн БЖЗҚ-ға ұсыну қажет:
1) Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органының анықтамасы;
2) шет мемлекеттiң уәкiлеттi органының анықтамасы;
3) тегiн/атын/әкесiнiң атын өзгерту туралы куәлiк / анықтама;
4) неке қию/бұзу туралы куәлiк.
4. Менiң маркшейдер болып жұмыс iстегенiме 25 жыл болды. Мамандығым еңбек жағдайлары қауiптi өндiрiстер қатарына кiредi. Мен өз ақшамды БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына аударғым келедi. Сондықтан бiлгiм келетiнi, бiздiң компания мен үшiн МКЗЖ-ны БЖЗҚ-мен шарт жасалған күннен бастап аударуы керек пе әлде зейнетақы заңнамасына өзгерiстер енгiзiлген, яғни 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап аударуы керек пе едi?
Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлдi. Дәл осы күннен бастап Сiздiң жұмыс берушiңiз Сiз үшiн ай сайынғы табысыңыздың 5 пайызына тең жарна төлеуге мiндеттi болған. Айта кету керек, жұмыс берушiлер МКЗЖ-ны зиянды (аса зиянды) өндiрiс түрлерi бойынша және сол өндiрiстерде қызмет ететiн адамдарға ғана төлейдi.
Бұл ретте төлемдер нақты жүргiзiлген және қызметкер кiрiс алған жағдайда жұмыс берушi уақытылы есептемеген және аудармаған МКЗЖ сомаларын Мемлекеттiк кiрiс органдары өндiрiп алады немесе жұмыс берушi МКЗЖ төленетiн қызметкерлердiң пайдасына уәкiлеттi орган белгiлеген есептелген өсiмпұлмен әрбiр кешiктiрiлген күнге (Мемлекеттiк корпорацияға төленетiн күндi қоса алғанда) аударуға тиiс. Жоғарыда көрсетiлгенге сәйкес есептелген МКЗЖ мен өсiмпұлдың толық және уақытында төленуiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк кiрiстер органы жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкердiң пайдасына аударылған МКЗЖ қызметкердiң БЖЗҚ-да МКЗЖ есепке алу үшiн ашылған ЖЗШ-сы бар болған жағдайда, БЖЗҚ-дағы қызметкердiң жеке зейнетақы шотына аударылуы мүмкiн екендiгiне назарыңызды аударамыз. Ал МКЗЖ-ны есепке алу бойынша ЖЗШ БЖЗҚ-ның зейнетақы қағидаларында көзделген нысан бойынша салымшы жазған өтiнiш негiзiнде ашылады.
5. Мен зейнетке шықтым, бiрақ менiң зейнетақы жинақтарым тек шамамен 300 мың теңгенi құрады. Оларды мен бiржолғы төлеммен бiр-ақ алдым, ендi менiң БЖЗҚ-дағы шотым жабылды ма? Немесе солай тұра бере ме? Маған банктегi сияқты шоттың жүргiзiлгендiгi үшiн ақша төлеуге тура келiп жүрмей ме?
Жоқ, жеке зейнетақы шотын жүргiзгенi үшiн БЖЗҚ төлем алмайды. Оған қоса, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес салымшының жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары, төленген зейнетақы жинақтарының қайтарымдары, зейнетақы жарналарының түсiмдерi, өсiмпұлдар және өзге де түсiмдер болмаған жағдайда ЖЗШ зейнетақы жинақтарын төлеудi жүзеге асырған күннен бастап 12 ай өткеннен кейiн жабылады.