БЖЗҚ салымшылары ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен жасалған шарт бойынша жарналарды электрондық әдiспен қалай төлейдi?
Соңғы уақытта Қазақстан азаматтары ақшасыз аударымдар жасау барысында әр түрлi банк қосымшаларын жиi пайдалануда. Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл үрдiстен қалыс қалмай, өз қызметтерiн әр түрлi электрондық сервистерге ауыстырып жатыр.Осылайша Қор өз жүйесiн мемлекеттiк органдармен ғана емес, екiншi деңгейдегi банк жүйелерiмен де ықпалдастыруды қолға алды.
Ерiктi зейнетақы шоттарына жарналарды Kaspi.kz мобильдi қосымшасы арқылыаудару — БЖЗҚ салымшылары үшiн керемет жаңалық болды. Қазiргi уақытта Kaspi.kz қосымшасын пайдаланатын кез келген азамат ерiктi зейнетақы шотына жарналардыешқандай комиссиясыз аудара алады. Бұл үшiн оның жеке сәйкестендiру нөмiрi (ЖСН) және Kaspi.kz қосымшасы жүктелген әрi интернетке қосылған смартфоны немесе планшетi болса жеткiлiктi. Әрi қарай жарнааудару өте тез, жеңiл әрi ыңғайлы.Бұл үшiн Kaspi.kz қосымшасына кiрiп, «Төлемдер» бөлiмiндегi iздеу жолағына — «Ерiктi зейнетақы жарналары»деп жазу керек. Бұдан кейiн ЖСН бағанын толтырып, қажеттi соманы енгiзсеңiз болғаны.
Айта кетелiк, өзiңiздiң ғана емес, кез келген үшiншi тұлғаның — мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тiптi жас балаңыздың да ерiктi зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшiн оның жеке сәйкестендiру нөмiрiн енгiзсеңiз жетiп жатыр. Ерiктi жарналарды кәмелетке толмағандардың атына да аударуға болады.
Бұдан басқа ерiктi зейнетақы шотын өзiне-өзi қызмет көрсетушi Halyk Bank терминалы арқылы да толықтыруға мүмкiндiк бар. Мұндай құрылғылар аталмыш банктiң әрбiр бөлiмшесiнде орнатылған. Бұл жерде төлем сомасының 0,3 пайызы көлемiнде комиссия ұсталынады (комиссия 100 теңгеден төмен болмайды).
Сонымен қатар ерiктi жарналарды дәстүрлi тәсiлмен — екiншi деңгейдегi банктердiң кассасы немесе «Қазпошта» АҚ бөлiмшелерi арқылы төлеуге болады. Бұл жағдайда да тиiстi комиссия қарастырылған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).