Уақыты сағат тiлiндей санаулы, сабақ кестесiндей айқын дағдыға үйренген еңбекке жарамды әрбiр азаматтың кейiн еңбек демалысына шыққан кезеңде ай сайын алып отыратын тұрақты табысы, күнкөрiс деңгейi үшiн алаңдайтыны белгiлi жәйт. Осындай алаңдаушылыққа жол бермеу үшiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мамандары елiмiздiң жинақтаушы зейнетақы жүйесi, зейнетақыны төлеу, зейнетақы қорына құйылатын жарна түрлерi, болашақ зейнетақыны көбейту жолдары, жалпы зейнетақы қызметтерi туралы көптеген мәселелер бойынша өз салымшыларына ақпарат беру тәсiлдерiн заман талабына сай үнемi дамытып келедi.
Осы тұрғыда БЖЗҚ-ның қарапайым халық үшiн ең қолжетiмдi тәсiлi — ұялы қосымша қызметi бойынша нақты мәлiмет бере кетудi жөн көрдiк. Ұялы қосымшаның көмегiмен зейнетақы шотыңыздағы жинақтың жай-күйi туралы үзiндi көшiрме алып, жинағыңызды толықтай басқара аласыз. Ол үшiн Сiздiң Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен жасалған шартыңызда шотыңыздан ақпарат алу тәсiлi ретiнде «интернет байланысы» таңдалған болуы керек. Егер ақпарат алу тәсiлi белгiленбеген болса, жеке басыңызды куәландыратын құжатпен Қор бөлiмшесiне барып, қосымша келiсiмге қол қойсаңыз жеткiлiктi. Кейiн логин мен құпия сөздiң немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегiмен автор ретiнде айқындалып, шоттың жай-күйiн бiлуге болады. Ал логин ретiнде жеке сәйкестендiру нөмiрi қолданылады.
Пайдаланушылар ұялы қосымшада тiркелу үшiн бiр реттiк парольдi қолдана алады. Пароль ұялы телефонға SMS-хабарлама ретiнде жiберiледi.
Осылайша ұялы қосымшада екi әдiс бойынша: жеке сәйкестендiру нөмiрi (ЖСН) мен құпиясөздi (пароль) енгiзу және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы авторлануға болады. Сонымен қатар пайдаланушы Android пен IOS операциялық жүйесiне арналған Touch ID және IOS жүйесiне арналған Face ID сканерлiк жүйесiн де қолдана алады.
Қордың ұялы қосымшасы әдеттегiдей Google Play және App Store порталдарынан тегiн жүктеп алынады. Бұл ретте пайдаланушы қазақ немесе орыс тiлдерiн таңдай алады.
Жеке зейнетақы шотынан үзiндi көшiрменi жылдам алу үшiн ENPF мобильдi қосымшасы жаңартылды. Ендi ыңғайлы жасалған интерфейс смартфон немесе планшетiңiз арқылы үзiндi көшiрменi тиiстi батырмаларды бiрнеше рет басу арқылы жылдам алуға мүмкiндiк берiлдi. Бұл үшiн «Жеке кабинет» белгiшесiн басып, одан әрi «Қызметтер» бөлiмiнен «Электрондық үзiндi көшiрме» iшкi бөлiмiн таңдау қажет. Үзiндi көшiрменi кез келген кезең бойынша қалыптастыруға да болады.
БЖЗҚ ұялы қосымшасын бүгiнгi күнге дейiн 2 миллионға жуық адам жүктеген. Бұл Қордың электрондық қызметтерiнiң салымшылар арасында заман талабына сай қызмет көрсету үлгiсi ретiнде жоғары бағаға ие болғандығын дәлелдейдi.
Бүкiл әлемге төнген қауiп — коронавирус iндетiне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезеңiнде БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы Сiздерге таптырмас көмекшi болатынына кәмiл сенемiз.