БЖЗҚ САЛЫМШЫЛАРЫНЫҢ 2020 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРГI ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАБЫСЫ 332 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНI ҚҰРАДЫ

2020 жылдың 20 наурызы

«БЖЗҚ» АҚ-ның зейнетақы активтерi 2020 жылдың наурыз айында 11,3 трлн теңгеден асып түстi (жыл басынан бергi өсiм 4% пайызды құрады).

Зейнетақы активтерiн әр түрлi валюталардағы сенiмдi қаржы құралдарына инвестициялау тұрақты инвестициялық кiрiстiлiктi, сондай-ақ шетел валюталарына қатысты теңге бағамының өзгеруi тәуекелдерiнен қорғауды қамтамасыз етедi. Зейнетақы активтерi құрылымының 33,7%- дан астамы шетел валютасына номинацияланған қаржы құралдарынан тұрады. Олардың басым бөлiгi (портфельдiң 30,6%- ға жуық көлемi) — АҚШ долларында.

Қоржынды валюталық әртараптандырудың, инвестициялар географиясы мен қаржы құралдары спектрiн кеңейтудiң арқасында халықтың зейнетақы жинақтарындағы таза инвестициялық кiрiс үлесi тұрақты түрде өсуде.

2020 жылдың басынан берi таза инвестициялық кiрiс 332,34 млрд теңгеден асты (2019 жылдың осы кезеңiнде 66,8 млрд теңге). Наурыз айының бiрiншi жартысында салымшылардың шоттарына аударылған инвестициялық кiрiс 192,45 млрд теңгенi құрады (2019 жылдың осы кезеңiнде 54,74 млрд теңге).

Зейнетақы активтерi бойынша жинақтардың сақталуы мен кiрiстiлiктiң теңгерiмдi деңгейiн ұзақ мерзiмге қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi БЖЗҚ зейнетақы активтерiн басқарушы ретiнде ұлттық валюта — теңгемен де, шетел валютасымен де инвестициялар қабылдайтын әртараптандырылған инвестициялық портфельдi қалыптастыру тұжырымдамасын ұстанады.

БЖЗҚ 2013жылы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
22 мая 2020