БЖЗҚ-ның 2022 жылдың 1 қаңтарындағы негізгі көрсеткіштері
2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 13,1 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Бір жыл ішінде, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл көрсеткіш 156,6 млрд теңгеге немесе 1% ұлғайды.
Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 12,7 трлн теңге болды (соңғы 12 айдағы өсім 1%). Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 361,0 млрд теңге (15% ұлғайды), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 1,7 млрд теңге.
Салымшылардың өздерінің жарналарынан басқа, зейнетақы жинақтарының едәуір өсуі таза инвестициялық табыстың арқасында қамтамасыз етілді, ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін 1,4 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 138,2 млрд теңгеге немесе 11% артық. Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік – 2021 жылдың басынан бері 11,13%, ал инфляция 8,4% болды.
Жыл басынан бері БЖЗҚ салымшыларына 2,9 трлн теңге төледі, оның басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) – 2,6 трлн теңге. Жасына байланысты төлемдер – 101,4 млрд теңге. Сақтандыру ұйымдарына аударымдар шамамен 60,5 млрд теңгені, мұрагерлік бойынша төлемдер – 57,5 млрд теңгені, ҚР шегінен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер – 41,3 млрд теңгені, жерлеуге арналған төлемдер – 5,4 млрд теңгені және мүгедектік бойынша төлемдер – 2,2 млрд теңгені құрады.
БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 471 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем сомасы 707 326 теңге болды.