Ең төменгі жеткіліктілік шегі қалай есептеледі?

2021 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделудің ақысын төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы берілді.

Бұл құқықты зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен (әрі қарай – ТЖШ) асатын және болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін жинақтарын қалыптастырған салымшылар пайдалана алады. Азаматтардың пайдалануы үшін қолжетімді зейнетақы жинақтары тек міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ғана емес, сондай-ақ, оларды инвестициялаудан алынған инвестициялық табысты да қамтиды.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында: «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері» деп айқындалған.

ТЖШ айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен (2021 жылдың 6 қаңтарындағы өзгерістерімен және толықтырулармен) бекітілген.

Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері әрбір жас ерекшеліктері үшін есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі.

Сондай-ақ, әдістемеге сәйкес ТЖШ анықтау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің келісімі бойынша жыл сайынғы негізде қабылданатын көрсеткіштер пайдаланылады.

2022 жылға әлеуметтік көрсеткіштер мөлшері ұлғайтылғандықтан (атап айтқанда, ЕТЖ мөлшері 2021 жылы 42 500 теңгеден 2022 жылы 60 000 теңгеге дейін (немесе 41%) өсті.) 2022 жылға ТЖШ мөлшері де көбейтілді. Аталған мәлімет төменде көрсетілген:

Жас ерекшеліктері ТЖШ, теңгемен
20 3140000
21 3250000
22 3370000
23 3490000
24 3610000
25 3730000
26 3860000
27 3980000
28 4110000
29 4240000
30 4370000
31 4510000
32 4640000
33 4780000
34 4920000
35 5060000
36 5200000
37 5350000
38 5490000
39 5640000
40 5790000
41 5950000
42 6100000
43 6260000
44 6420000
45 6580000
46 6750000
47 6920000
48 7090000
49 7260000
50 7430000
51 7610000
52 7790000
53 7970000
54 8150000
55 8340000
56 8530000
57 8720000
58 8920000
59 9120000
60 9120000
61 9120000
62 9120000

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
21 декабря 2021