БЖЗҚ алдағы жылдарда қалай жұмыс iстейдi?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзiнiң enpf.kz корпоративтiк сайтында директорлар Кеңесiнiң шешiмiмен бекiтiлген 2022-2026 жылдарға арналған жаңартылған Корпоративтiк даму Стратегиясын жариялады. Құжатпен толығырақ «Қор туралы қысқаша» бөлiмiнде https://www.enpf.kz/upload/medialibrary/282/282027271a6329d6f98ea9267f1e0347.pdf сiлтемесiне өтiп, танысуға болады.

Алдыңғы Корпоративтiк стратегия 2017 жылы бекiтiлген болатын. Онда БЖЗҚ-ның 2021 жылға дейiнгi кезеңге арналған мақсаттары мен мiндеттерi жүзеге асырылды.

Жаңа стратегияда БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақыны қалыптастыру мен жоспарлауды дербес қарастыру тәсiлiн қолданатын жоғары технологиялық қаржы институты ретiнде өз дамуын жалғастыратыны көзделген.

2022-2026 жылдарға арналған Корпоративтiк даму стратегиясы «Қазақстан-2050» мемлекеттiк стратегиясына, Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi жаңғыртудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасына, қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөнiндегi 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес әлеуметтiк саясат қағидаттарына негiзделедi.

БЖЗҚ алдағы 5 жылға арналған мiндет-мақсатын «Зейнетақы жинақтарын сенiмдi есепке алу және әрбiр салымшыға қолжетiмдi сапалы зейнетақы қызметтердi көрсету» деп белгiлейдi. Бұл миссияны орындау мынадай құндылықтарға негiзделген: адам қажеттiлiктерiне бағытталғандық, тұтынушыға назар аудару, сапаға мiндеттiлiк, технологиялылық, сенiмдiлiк, жауапкершiлiк және ашықтық.

Қор салымшылар мен алушылардың қажеттiлiктерiн зерделейдi және жинақтаушы зейнетақы жүйесiндегi әрбiр қатысушымен арадағы iс-әрекет пен дербес жұмысқа ерекше назар аударады. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын қалыптастыру тетiгiн түсiндiредi, олардың жай-күйi туралы толық ақпарат бередi және зейнетақы жарналарын тұрақты аудару қажеттiлiгiн көрсетедi. Зейнетақы активтерiн инвестициялау және болашақ зейнетақы төлемдерiн болжау қағидаттары БЖЗҚ сайтындағы «зейнетақы калькуляторын» пайдалану арқылы көрiнiс табады.

Қор қызметтердi одан әрi автоматтандырып, қызмет көрсетудiң белсендi түрлерiн дамытып, салымшылар мен алушылардың БЖЗҚ-мен өзара iс-әрекетiнiң электрондық арналарын жетiлдiредi. Бүгiнде БЖЗҚ қызметтерiнiң басым бөлiгi онлайн-форматқа көшiрiлдi. Одан әрi сайт пен мобильдi қосымшаны дамыту, биометриялық сәйкестендiрудi енгiзу, цифрлық құжаттарды пайдалану, қаржылық технологиялар саласында инновацияларды қолдану және т. б. өзгерiстер есебiнен электрондық қызметтер үлесiн бiртiндеп арттыру жоспарлануда.

Жеке мәлiметтердi қорғау, мемлекеттiк органдар және қаржы институттарымен өзара тығыз әрекет ету, кеңес беру қызметтерiн дамыту жұмыстары да жалғастырылады.

Ақпараттық-түсiндiру жұмыстары мақсатты аудиторияның қалауын ескере отырып, дербес хабарлау арналары, БАҚ, интернет-алаңдар және т. б. ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiн одан әрi дамыту бойынша ұсыныстар әзiрлеу және заңнаманы iске асыру да Қордың даму стратегиясында көзделген. БЖЗҚ мамандары ЖЗЖ одан әрi жетiлдiру бағыттары бойынша талдау жүргiзу мен ұсыныстар әзiрлеу үшiн жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң жаңа құрамдауышын — жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналарын енгiзу, зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру параметрлерi мен тетiктерiн iске асыру үшiн актуарлық модельдеу құралдарын жетiлдiруге қатысатын болады.

БЖЗҚ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердiң еңбекшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде Құзырлы орган ретiнде жұмысын одан әрi жалғастырады.

Әрине, алдағы бес жылда Қордың мақсаттарға қол жеткiзiп, мiндеттердi орындауы, ең алдымен салымшылар мен алушылар үшiн өз нәтижесiн беруi тиiс, өйткенi, олардың сенiмi мен жұмысымызға қанағат бiлдiруi — БЖЗҚ қызметi сапасының басты белгiсi болып табылмақ.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
21 декабря 2021