Қазақстан Республикасының Президентi 2021 жылдың 12 қазанында ҚР «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңына (бұдан әрi — Заң) қол қойды, оның шеңберiнде тиiстi өзгерiстер ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына да енгiзiлдi.
Осы өзгерiстерге сәйкес 2021 жылдың 26 қазанынан бастап БЖЗҚ-да мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есепке алынатын жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) алғашқы жарна келiп түскен кезде автоматты түрде ашылатын болады.
БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйелерi зейнетақы жарналарының басқа түрлерi бойынша ЖЗШ ашу тәртiбi сияқты МКЗЖ есепке алынатын ЖЗШ ашудың жаңа тәртiбiне дайындалды.
Естерiңiзге сала кетейiк, ЖЗШ ашудың мәлiмдемесiз тәртiбi мына кезеңдерден берi әрекет етедi:
- 2019 жылғы 8 қаңтардан бастап мiндеттi зейнетақы жарналарына қатысты;
- 2021 жылғы 1 мамырдан бастап ерiктi зейнетақы жарналарына қатысты.
Пайдасына МКЗЖ аударылатын жеке тұлғаны сәйкестендiру МКЗЖ аудару кезiнде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетiлген оның дербес деректерi (аты-жөнi, ЖСН, туған күнi) бойынша жүзеге асырылады, ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелерi, тұрақты тұратын жерi, өзге де деректерi туралы барлық қажеттi мәлiметтердi БЖЗҚ мемлекеттiк органдардың тиiстi ақпараттық жүйелерiнен алады.
Жұмыс берушi МКЗЖ агентi (төлеушiсi) болып есептеледi, ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметкердiң зейнетақы жарналарын есептеу үшiн қабылданатын ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерiнде жұмыскердiң пайдасына өз қаражаты есебiнен жарналар аударуға мiндеттi.
Естерiңiзге сала кетейiк, МКЗЖ есебiнен зейнетақы жинақтарын алуға зиянды және қауiптi қызмет салаларында еңбек ететiн азаматтар құқылы. Мұндай кәсiптердiң тiзбесi «Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының салымшылары өз қаражаты есебiнен пайдасына мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндiрiстердiң, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсiптерiнiң тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекiтiлген.
МКЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ны автоматты түрде ашу жөнiндегi заңнамалық өзгерiстер агенттерге МКЗЖ аудару бойынша мiндеттемелердi орындауды айтарлықтай жеңiлдетедi. Ендi БЖЗҚ-ға 10-нан астам атауы бар белгiлi бiр құжаттар тiзбесiн ұсына отырып, МКЗЖ есепке алынатын ЖЗШ ашу туралы өтiнiштi қызметкермен бiрлесiп ресiмдеудiң қажетi жоқ.
Анықтама: мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары табыс төленген айдан кейiнгi айдың 25-нен кешiктiрiлмей, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленедi. Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруашылық жүргiзушi субъектiлер бұл жарналарды Қорға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде аударады.
МКЗЖ аударылуын салық органдары бақылайды. Егер жұмыс берушi қызметкердiң ЖЗШ-на МКЗЖ-ны уақытылы аудармаса (нақты төлем жасалып, қызметкер кiрiс алған жағдайда), жұмыс берушiден салық органдары мерзiмi өткен әрбiр күнге уәкiлеттi орган белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесiнiң 2,5 еселенген мөлшерiнде есептелген өсiмпұлмен МКЗЖ өндiрiп алып, БЖЗҚ-ға аударады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).