Тағы да еңбек мигранттарының құқықтары туралы

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың басынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердiң еңбекшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келiсiм (бұданәрi — Келiсiм) күшiне ендi.

Келiсiмнiң негiзгi мақсаты — ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшiлерiнiң зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттiң азаматтары сияқты жағдай мен тәртiп бойынша қалыптастыру. Бұл ЕАЭО-ға мүше әрбiр мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердiң азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтарды өз азаматтарына берiлетiн құқықтар көлемiмен бiрдей етiп беруге кепiлдiк бередi дегендi бiлдiредi. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбiр мемлекет еңбекшiлердiң өз аумағында 2021 жылғы 1 қаңтардан кейiн жинаған жұмыс өтiлi үшiн өз заңнамасы бойынша зейнетақы төлейдi.

Қазақстанда келiсiмдi iске асыру бойынша құзыреттi орган БЖЗҚ болып табылады.

Осыған байланысты БЖЗҚ жыл басынан берi бұқаралық ақпарат құралдарында және халық арасында еңбекшiлердi жұмыс бабымен көшiп-қону жағдайындағы өз құқықтары туралы ақпараттандыру мақсатында түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп келедi. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде, оның iшiнде Қазақстанда жұмыс берушiлермен еңбек қатынастарын ресми ресiмдеу қажеттiгiне, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды мiндеттi және уақытылы жасасуға ерекше назар аударылады. Бұл келешекте еңбекшiлерге қазақстандық заңнамада көзделген зейнеткерлiк жасқа жеткен кезде өздерi қалыптастырған зейнетақы жинақтары есебiнен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу құқығын қамтамасыз етедi.

Сондай-ақ, Қор еңбек мигранттары жұмылдырылған жұмыс берушi компаниялармен жасалатын жұмысқа үлкен көңiл бөледi. Ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында Қор мамандары аудит, салық салу және республиканың жетекшi компанияларына кеңес беру саласында халықаралық көшбасшы болып табылатын «Эрнст энд Янг Қазақстан» компаниясының өтiнiшi бойынша онлайн-форматта семинар-тренинг өткiздi. Онлайн-семинар-тренинг нәтижесiнде «Эрнст энд Янг Қазақстан» компаниясының 170 қатысушы-қызметкерi қазақстандық зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiндегi соңғы өзгерiстер және Қазақстанда еңбек ететiн ЕАЭО-ға мүше елдер азаматтарының табыстарынан мiндеттi зейнетақы жарналары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу және аудару ерекшелiктерi туралы түсiнiк алды.

Мысалы, БЖЗҚ мамандары «фрилансерлер» — ЕАЭО-ға мүше елдердiң «қашықтан» жұмыс iстейтiн азаматтары үшiн еңбек шарты не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт шеңберiнде, оның iшiнде қашықтан жұмыс iстейтiн осындай жұмыскердi тартқан жұмыс берушi жарналарды ай сайын төлеуге мiндеттi екенiн түсiндiрдi. БЖЗҚ-ға аударылатын мiндеттi зейнетақы жарналарының мөлшерi еңбеккердiң ай сайынғы табысының 10% құрайды, бiрақ ең төменгi жалақының 50 еселенген мөлшерiнен аспайды.

Семинарға қатысушылар қайтыс болған салымшы — ЕАЭО-ға мүше елдер азаматының Қазақстанда жұмыс iстеген кезеңiнде қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының қажеттi құжаттарды ұсынған кезде мұраға қалдырылуы мүмкiн екенiн бiлдi.

Сондай-ақ, ЕАЭО елдерiнiң жұмыскер-азаматтарына зейнетақы жарналары есебiнен қалыптастырылған БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерiн алу құқығының туындау мерзiмi бөлiгiнде түсiнiктемелер берiлдi. Мәселен, Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасының нормаларына сәйкес, ЕАЭО елдерiнiң азаматтары үшiн бұл құқық жалпыға бiрдей белгiленген зейнеткерлiк жас басталған кезде (ерлер — 63 жас, әйелдер — 2021 жылы 60 жас, әйелдердiң зейнеткерлiк жасы жыл сайын жарты жылға, 2027 жылы 63 жасқа толғанға дейiн ұлғая бередi), сондай-ақ, егер мерзiмсiз уақытқа болса, 1 және 2-топтардағы мүгедектiк белгiленген кезде туындайды.Мұндай iс-шаралар кадрлармен жұмыс iстейтiн мамандардың ғана емес, бүкiл ел халқының қаржылық сауаттылығын арттырып, еңбек сiңiрген демалыста лайықты өмiрдi жоспарлауға көмектеседi.

Салымшыларға ыңғайлы және Келiсiм аясында зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерi туралы толық ақпарат алу үшiн БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер»- Зейнетақы қызметтерiн тұтынушыларға арналған ақпарат бөлiмiнде шағын бөлiм ашылды:- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердiң еңбекшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
10 июня 2021