БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтары 1 триллион теңгеге ұлғайды

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,6 триллион теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. 01.05.2020 жылдан бастап 01.05.2021 жылға дейiн зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 1 триллион теңгеге немесе 8% өстi.

Зейнетақы жинақтарының негiзгi сомасы мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебiнен жинақталды, оның мөлшерi 12,3 трлн теңге (жыл iшiндегi өсiм — 8%). Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 319,3 млрд теңге (өсiм 17%), ал ерiктi зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2,3 млрд теңгеге (өсiм 10%) жеттi.

2021 жылдың төрт айында БЖЗҚ салымшылары өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда көбiрек қаражат салған. 2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың шоттарына жалпы көлемi шамамен 412,8 млрд теңге зейнетақы жарналары аударылған, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен 65,7 млрд теңгеге немесе 19%-ға асып түстi. Жарналардың жалпы көлемiнiң 95,5%-ын БЖЗҚ-ға МЗЖ бойынша түсiмдер құрайды, олардың сомасы — 394,1 млрд теңге (өсiм 19%), МКЗЖ бойынша 18,5 млрд теңге (өсiм 14%) түстi, ЕЗЖ бойынша 216 млн теңге (өсiм 90%) аударылды.

Зейнетақы жинақтарының өсуi 2021 жылғы 1 қаңтар мен 1 мамыр аралығында 475,8 млрд теңгенi құраған таза инвестициялық табыстың арқасында орын алды. БЖЗҚ зейнетақы активтерi бойынша кiрiстiлiк жыл басынан бастап 1 мамырға 3,8%, инфляция 2,7% құрады. Соңғы 12 айдағы кiрiстiлiк 9,8%, осы кезеңдегi инфляция 7,0% болды.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 11,6 млн бiрлiктi құрады. Шоттардың ең көп саны мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша ашылды, олардың саны — 11 059 450. Одан әрi МКЗЖ есебiнен қалыптасқан шоттар — 522 080, БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ есебiнен қалыптасқан шоттар саны қазiр 45 334 бiрлiкке тең.

2021 жылдың төрт айында ғана БЖЗҚ салымшыларына 1,3 трлн теңгеден астам төлем жасалды, төлемдердiң 1,2 трлн теңге көлемiндегi басым бөлiгiн бiржолғы зейнетақы төлемдерi (БЗТ) құрады. Жас мөлшерi бойынша төлемдер екiншi орында — 32,7 млрд теңге. Одан әрi сақтандыру ұйымдарына аударымдар, олар шамамен 30,5 млрд теңгенi, мұрагерлiк бойынша төлемдер 22,7 млрд теңгенi, ҚР шегiнен тыс ТТЖ кетуге байланысты төлемдер 10,5 млрд теңгенi, жерлеуге берiлген төлемдер 1,7 млрд теңгенi және мүгедектiк бойынша төлемдер 0,8 млрд теңге болды.

Кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 28 862 теңгенi, ал ай сайынғы төлемнiң ең жоғары сомасы 522 610 теңгенi құрады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
10 июня 2021