БЖЗҚ салымшыларына жыл басынан берi 15 миллион қызмет көрсетiлдi

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2021 жылдың басынан бастап 01.01.2021-01.05.2021 аралығындағы кезеңде өз салымшыларына 15 миллион қызмет көрсеттi. Бұл өткен 2020 жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 39% артық.

Электрондық форматта 11,1 миллионнан астам қызмет көрсетiлдi, бұл қызметтердiң жалпы көлемiнiң 74% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қызметтердiң танымалдығы екi есеге дерлiк өстi. Қызмет көрсетудiң екiншi танымал тәсiлi — автоматты формат (мәлiмдемесiз өтiнiштер). Оның үлесi 14,5% немесе 2,2 миллион қызмет болады.

Салымшылар 1 миллионға жуық қызметтi тiкелей Қордың қызмет көрсету кеңселерiнен алды. Елiмiз бойынша 183 қызмет көрсету нүктесiнде 2021 жылдың төрт айында салымшыларға 968,3 мың қызмет көрсетiлдi, бұл өткен жылмен салыстырғанда 321 мың қызметке (немесе 49,6% ) артық.

«БЖЗҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ-ның шалғайдағы елдi мекендерде орналасқан ұлттық пошта операторының бөлiмшелерiнде көрсетiлетiн қызмет түрлерi бойынша бiрлескен жобасының танымалдығы арта түсуде. Естерiңiзге сала кетейiк, «Қазпошта» бөлiмшелерiнде төмендегi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға болады:

· cалымшының (алушының) қосымша деректемелерiн (жеке куәлiгiнiң деректемелерi, телефон нөмiрi, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту (толықтыру) туралы өтiнiш беру);

· хабарлау тәсiлiн өзгерту (белгiлеу) (оның iшiнде «БЖЗҚ» АҚ қызметтерiне электрондық форматта қол жеткiзу үшiн) туралы келiсiмге қол қою.

Жалпы алғанда, жыл басынан берi 1 мамырдағы жағдай бойынша пошта операторының бөлiмшелерiнде осы операциялар 5,5 мың рет пайдаланылды.

Салымшылар арасында көшпелi қызмет көрсету бөлiмдерi де аса танымал. Олар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып жұмыс iстейдi. Бұл ретте алдын ала кеңес беру (оның iшiнде қызметтердi онлайн алу мүмкiндiгiн тексеру) жүзеге асырылады. Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу (оның iшiнде мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарнасы есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу туралы өтiнiштер) және халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататын салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсету (1 және 2-топтағы мүгедектiгi бар адамдар) туралы өтiнiштердi ресiмдеу үшiн барып қызмет көрсетуге қажеттiлiк туындаған жағдайда, Қордың мамандары барлық санитариялық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, сапарға шығады. Барып қызмет көрсету барысында 2021 жылдың 1 мамырына 20 043 операция жүзеге асырылды.

БЖЗҚ сапалы кеңес беру қызметтерiн ұсынуға және Қордың салымшылары мен алушылары үшiн ақпараттық арналарды дамытуға ерекше көңiл бөледi. 2021 жылдың төрт айында керi байланыс арналары арқылы салымшылардың өтiнiштерiнiң саны бiр жыл бұрынғы көрсеткiштермен салыстырғанда екi есеге артты. 2021 жылғы 1 мамырға 714 мыңға жуық өтiнiш, ал 2020 жылғы 1 мамырға барлығы 440,8 мың өтiнiш қаралды.

Естерiңiзге сала кетейiк, БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмiрi (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегiн) арқылы байланыс орталығында кеңес ала алады. Сондай-ақ, ақыл-кеңестердi www.enpf.kz корпоративтiк сайтынан, +7 777 000 14 18 нөмiрi бойынша WhatsАpp және Viber чат-боты арқылы алуға болады, түрлi ақпараттар Facebook, Instagram, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники әлеуметтiк желiлерiндегi БЖЗҚ-ның ресми парақшаларында да жарияланған.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
10 июня 2021