Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 2021 жылдың 1 қаңтарында 12,9 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кiредi.
2020 жылдың 12 айында салымшылардың шоттарына 1,2 трлн теңге мөлшерiнде таза инвестициялық кiрiс есептелдi. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен екi есеге жуық мөлшерге артық (01.01.2019 жылдан бастап 31.12.2019 жылға дейiн таза инвестициялық кiрiс 641,8 млрд теңге). Айта кетейiк, 01.01.2020 жылдан бастап 31.12.2020 жылға дейiн инфляция 7,5% болған кезде кiрiстiлiк 10,92% құрады.
Естерiңiзге сала кетейiк, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетiн, есебiн БЖЗҚ жүргiзетiн зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi түрлi қаржы құралдарына инвестициялайды.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерiн инвестициялау нәтижелерiне сәйкес күн сайын қайта есептеледi және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кiрiстер және т. б. кiредi.
Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтерi БЖЗҚ-ға бiрiктiрiлген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 4,7 трлн теңгеге жеттi. 2021 жылдың 1 қаңтарына зейнетақы жинақтарының жалпы көлемiндегi таза инвестициялық табыстың үлесi 34,5% құрады.
Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесi құрылған 1998 жылдан бергi кезеңдi алатын болсақ, таза инвестициялық табыс 5,5 триллион теңгеден асты. Осы уақыт iшiнде инвестициялық кiрiстiлiк өсу қорытындысымен 602,90% құрады. Ал инфляция 496,65% болды. Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерiнiң нақты табыстылығы 106,25%.
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары — бұл ұзақ мерзiмдi инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерiн кемiнде 1 (бiр) жыл кезеңiнде талдаған орынды. Қысқа мерзiмдi деректер (күнделiктi, ай сайынғы және т.б.) көрсеткiш болып табылмайды, өйткенi, олар күнделiктi нарықтық жағдайға байланысты.
Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерiн есепке алудың барлық жүйесi ашық: әрбiр салымшы өзiнiң инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегiмен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару және зейнетақы активтерi орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткiштер/Инвестициялық қызмет» бөлiмiнде жарияланып отырады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).