Зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үй сатып алуға және/немесе емделу үшiн қалай пайдалануға болады?

«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне экономикалық өсудi қалпына келтiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңға сәйкес азаматтар зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үй жағдайларын жақсарту, тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiне кiрмейтiн емдеу және мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру үшiн, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшiн пайдалану құқығын алады.

Зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн мақсатты қажеттiлiктерге пайдалану құқығын:

 — мiндеттi зейнетақы жарналары (МЗЖ) және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс iстейтiн азаматтар пайдалана алады. Нысаналы пайдалану құқығы белгiлi бiр жеткiлiктiлiк шегiнен асатын жинақтары бар азаматтар үшiн көзделетiн болады. Жеткiлiктiлiк шегi әр жас үшiн жеке анықталады.

 — қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуеттi құрылымдар қатарындағы зейнеткерлердi қоса алғанда) — БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшерi (жасы немесе еңбек сiңiрген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн деңгейде (кемiнде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталмыш құқықты пайдалануға болады.

 — өмiр бойғы аннуитеттiк төлемдердi қамтамасыз ететiн сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитетi шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.

Зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн пайдалану құқығын iске асыру үшiн азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексерiп, олардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетiмдi соманың бар екенiне көз жеткiзуi тиiс.

Қордың enpf.kz корпоративтiк сайтындағы Жеке кабинетте, сондай-ақ БЖЗҚ-ның жаңартылған ұялы қосымшасы арқылы онлайн режимiнде жеткiлiктiлiк шегi мен нысаналы пайдалану үшiн қолжетiмдi сома туралы ақпаратты тексеру мүмкiндiгi берiлген.

Қордың корпоративтiк сайтындағы Жеке кабинетте және ұялы қосымшада авторланудың екi тәсiлi қолжетiмдi: ЖСН мен парольдi енгiзу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану. Сондай-ақ, ұялы қосымшаға кейiннен қайта кiретiн болсаңыз, ұялы құрылғыңызда бар болса Touch ID немесе Face ID пайдалануға болады. Ыңғайлы болу үшiн пайдаланушы қызмет көрсетудiң қазақ немесе орыс тiлдерiн таңдай алады.

БЖЗҚ-дағы ң зейнетақы жинақтарын тексергеннен кейiн зейнетақы жинақтарының бiр бөлiгiн тұрғын үйге және/немесе емделуге пайдалану туралы шешiм қабылдаған салымшылар уәкiлеттi операторға жүгiнуi тиiс. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ тұрғын үй бойынша да, емделу бойынша да уәкiлеттi оператордың функцияларын орындайды. Ол электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) бар болған жағдайда азаматтардың өтiнiмдерiн арнайы интернет-порталда электрондық форматта қабылдайтын болады.

Салымшының құжаттарын тексергеннен кейiн уәкiлеттi оператор БЖЗҚ-ға салымшының өзi айқындаған және оның уәкiлеттi операторға берген өтiнiмiнде көрсетiлген мөлшердегi зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жiбередi.

Салымшы зейнетақы жинақтарын мақсатты қажеттiлiктерге алған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсiлiн таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертемiз). Азаматтар ЖТС төлеудi кейiнге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкiлеттi операторға аударуды оның өтiнiмi бойынша электрондық хабарлама келiп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде жүзеге асыратын болады. Уәкiлеттi оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына 1 жұмыс күнi iшiнде есептейдi.

Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнiнен аспайтын уақыт iшiнде жата алады. Осы мерзiм iшiнде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиiс.

Осылайша, азаматтардың тұрғын үй және емделу мәселелерi бойынша барлық өтiнiштерi уәкiлеттi операторға «бiр терезе» қағидаты бойынша келiп түседi және қаралады. Салымшы тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтiнiш беру талап етiлмейдi.

Сондай-ақ, азаматтар түрлi инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельдi басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткiлiктiлiк шегiнен асатын бөлiгiн аудару үшiн салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етiлетiн құжаттарды қоса тiркей отырып, өтiнiш бере алады. БЖЗҚ-ға өтiнiштi БЖЗҚ-ның өңiрлiк кеңселерiне жеке жүгiну арқылы немесе enpf.kz интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қашықтықтан беруге болады. Азаматтардың зейнетақы активтерiн басқару құқығын алған ИПБ тiзiлiмiн Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттiгi айқындайтын болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының бiрыңғай есебi «БЖЗҚ» АҚ-да сақталады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

Дата публикации
25 февраля 2021