Коронавирус басқа вирустарға қарағанда несімен қауіпті - вирусолог

ҚазАқпарат — COVID-19 әлемде күн санап өршiп келедi. Бұл қауiптi инфекцияның салдары мен залалы жайлы қалың бұқара бiлгенi абзал.

Осы туралы С.Асфендияров атындағы «Ұлттық медицина университетi» АҚ Микробиология және вирусология кафедрасының лекторы Зәмзәгүл Хандiлла айтып бердi, деп хабарлайды ҚазАқпарат тiлшiсi. Маманның айтуынша, коронавирус басқа респираторлық вирустар сияқты жоғары тыныс алу жолдарының зақымдану симптомдарын тудырады. Сондай-ақ пневмония және ауыр респираторлық синдромның дамуы түрiндегi асқынуларды тудыруы да мүмкiн. «Екi вирус та респираторлық топқа жатады, дегенмен вирустық қоздырғыштар мен олардың таралуы тұрғысынан маңызды айырмашылықтар бар. Короновирустың респираторлық трактiнiң зақымдануын тудыратын басқа вирустардан айырмашылығы — оның таралу қарқыны жоғары. Тұмау кезiнде жасырын (инкубациялық) кезеңнiң орташа ұзақтығы және генерация уақыты (бiр адамды жұқтыру мен екiншiсiн жұқтыру арасындағы уақыт) аз. Covid-19 кезiнде генерация уақыты 5-6 күндi құраса, ал тұмау кезiнде ол 3 күндi құрайды. Бұл дегенiмiз, тұмау COVID -19-дан тезiрек таралады деген сөз. Соңғы деректер бойынша, COVID-19 ересектерге қарағанда балаларға аз жұғатындығы анықталды. Басқа респираторлық вирустар үшiн жас ерекшелiктерiне сәйкес айырмашылықтар жоқ. COVID-19 кезiнде аурудың ауыр және өте ауыр ағымдағы клиникалық түрлерi тұмауға қарағанда жоғары. Ал ең басты көрсеткiш — COVID 19 кезiнде өлiм-жiтiм пайызы 3-4%. Маусымдық тұмау кезiндегi өлiм-жiтiм әдетте 0,1% деңгейiнде болады. Маусымдық тұмауды жыл сайын вакцина егумен алдын-алуға болатыны белгiлi, ал қазiргi таңда COVID-19 алдын алуға бағытталған, рұқсат етiлген вакциналар мен препараттар жоқ. Басқа респираторлық вирустардың да арнайы вакцинасы жоқ, алайда халық үшiн олар елеулi қауiп төндiрмейдi», — дедi Зәмзәгүл Хандiлла. Оның сөзiне қарағанда, қазiр ел арасында вирусты қолдан жасап таратуы мүмкiн деген қауесет көп. «Ғалым ретiнде зертханада кез келген вирусты жасауға болады деп жауап бере аламын. Бiрақ ондағы мақсат не ? Мiне, осыны анықап алу керек. Яғни бұл әрекет этикалық құқықты бұзу емес пе? Бұл маған және қоршаған адамдар үшiн қаншалықты қауiпсiз болады? Бұл — өлiм қаруы ретiнде пайдаланылуы мүмкiн вирусты зерттеумен айналысатын ғалымның қылмыстық жауапкершiлiгi емес пе?», — дейдi ғалым. Вирустарға кез-келген тiрi тiршiлiк иесi тәрiздi кез келген қолайсыз жағдайларда тiрi қалып, өмiр сүруге ұмтылу қасиетi тән. Оның үстiне, вирус — жасушаiшiлiк паразит, яғни тiрi қалу үшiн тiрi жасушаны қажет етедi. «АҚШ пен Қытайдан келген ғалымдар тобының (Бейжiңде белең алған) коронавирус инфекциясының жұғу қабiлетiнiң жоғарылап мутацияға ұшырағандығы туралы берген мәлiметтерi олардың аман қалуға ұмтылу эволюциясын растайды. Нуклеотидтiк құрылымның өзгеруi — бұл мутация, мысалы, дәрiлiк препараттың вирус генiне әсерi кезiнде пайда болуы мүмкiн және соның салдарынан тұрақтылық пайда болып жаңа штамм ескi «жабайы» штаммның орнын баса бастайды», — дедi ол. Маманның айтуынша, Қазақстанда адамдардың пневмониядан жаппай қайтыс болуы COVID-19 вирусынан болуы да мүмкiн. «Әрине, қорытынды диагнозды қою үшiн зертханалық растау қажет, бiрақ эпидемиологияда «ықтимал жағдай» ұғымын жиi қолданады, яғни барлық симптомдар мен мұқият тексерулер белгiлi бiр инфекцияға сәйкес келiп, бiрақ оны бiрнеше себептер бойынша зертханалық түрде анықтауға келмейтiн жағдай болады. Оның үстiне коронавирус инфекциясының патогенезi толығымен анықталған жоқ. Бiз коронавирус өкпенiң қабынуын арттыруымен альвеолды зақымдайтынын бiлемiз, бiрақ бұны зертханалық растаусыз 100% COVID-19 деп айтуға болмайды. Сонымен қатар, клиникалық хаттамаға «коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы» ұғымы енгiзiлдi. Бұл ПТР тестiнiң COVID-19 оң не терiс болуына қарамастан осы ауруға болжам диагноз қоюға және емделушiлерге ем алуға мүмкiндiк бередi», — дедi ол. Маман ретiнде Зәмзәгүл Хандiлла Қазақстанда беймағлұм қоздырғыштан туған пневмониядан адамдар қайтыс болып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкеспейтiнiн алға тартады. «Оның үстiне, эпидемиологиялық үрдiстiң заңдары бойынша бiр мезгiлде екi iндет жүре алмайды. Қоздырғыш сәйкестендiрiлмеген, себебi пневмония кезiнде материалды жинауда қиындықтар бар, ол құрғақ жөтелмен жүретiн сатысында өтiп жатыр. Сондықтан хаттамаларда аралас үлгiлердi (зерттеу материалын): мұрыннан және мұрын-жұтқыншақтан жағындыларды, қақырық пен мұрын-жұтқыншақтан жағындыларды қайта алу жазылған. Сiрә, ковидтi инфекцияның ең ауыр ағымы өтiп жатыр және бiз бұл пневмония екенiн бiлемiз. Әрине, бұл жағдайға қоғам, соның iшiнде шетелдiк БАҚ тiлшiлерi де көңiл аудармай қалмайды. Мемлекет тарапы мен тұрғындар жұмыла күш сала отырып бұл жағдайдан, пневмония салдарынан өлiм-жiтiмнiң жоғарылауынан жақын арада арыламыз деп ойлаймын. Бұл жағдайдан шығу бiрлесе отырып күресуге байланысты, әрбiр азамат бұған атсалысуы қажет, жеке басының сақтық шараларын сақтау қажет», — дедi С.Ж.Асфендияров атындағы «Ұлттық медицина университетi» АҚ Микробиология және вирусология кафедрасының лекторы Зәмзәгүл Хандiлла.

https://www.inform.kz/kz/koronavirus-baska-virustarga-karaganda-nesimen-kauipti-virusolog_a3732389

Дата публикации
22 декабря 2020