ҚазАқпарат — Коронавирус сақтық шараларын ұстанып, дәрiгерлердiң кеңесiн мүлтiксiз орындамасаңыз, кез келген уақытта жұқтырып алуыңыз мүмкiн вирусқа айналғанын бүгiнде ешкiм де жоққа шығара алмайды.
Өйткенi, күнi кеше ғана елiмiзде 652 адамның аталған инфекцияны жұқтырғаны ПТР зерттеу арқылы дәлелденiп отыр. Не iстемек керек? Қандай сақтық шараларын ұстанған жөн? Қара басыңыздың ғана емес, қасыңызды жүрген жақындарыңыздың да денi сау болып, коронавирустен аман болғанын қаласаңыз дәрiгер мамандардың берер кеңесi де қарапайым.
Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист дәрiгерi Гүлнәр Нәжiмова ауасы үнемi алмасып тұрмайтын жабық ғимараттың iшiнде коронавирустың тамшы түрiнде таралуы жылдам болатындығын айта келе, жұртшылыққа мұндай орындарға мүмкiндiгiнше бармауға кеңес берiп қана қоймай сақтық шараларын да атап өтедi.
«Қолды спиртпен сүртiп, сабынмен жуу керек. Осылайша қолға микроб жұқпайды. Мүмкiндiгiнше көздi, аузыңызды қолмен ұстамаңыз. Азаматтар көбiнесе қолымен кез келген затты ұстағандықтан, вирус қалдықтарының ағзаға ену ықтималдығы жоғарылай түседi. Қолға қонған вирус көзге немесе мұрын, ауызға жетiп, сол арқылы ағзаға жетуi ықтимал. Түшкiргенде немесе жөтелгенде мұрныңызды қолмен жаппауға тырысыңыз. Қолданылған сулық орамалды бiрден лақтырып отыру керек. Адамдар көбiрек қол тигiзетiн заттардың, есiктiң тұтқасын, кранды, ұялы телефонның экранын әрдайым дезинфекциялап отырыңыз», — дедi ол.
Жалпы, бүгiнде коронавирус инфекциясымен күрестiң алдыңғы шебiнде жүрген мамандардың дерегiне қарағанда, науқастардың 90 пайызы инфекцияны отбасылық тойларда жұқтырып отыр. Мұндай мәлiметтi Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасының мiндетiн атқарушы Махаббат Бекбосынова алға тартқаны есте.
«Жаз айларында ковид орталығы ретiнде жұмыс iстеген кезiмiзде, короновирустың ауыр формасына шалдыққан науқастарды қабылдадық. Ем-дом алған науқастардың 90 пайызы инфекцияны түрлi iс-шараларда, яғни үйлену тойында, туған күн, құдалық секiлдi дәстүрлi жиындарда жұқтырған. Бұл — үлкен проблема. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерге бармауға кеңес беремiн. Негiзгi талаптарды ұстанып жүрген, iндет жұқтырмаған жақсы таныс адамдармен кездесуге болатын шығар, алайда отбасылық және басқа да үлкен жиындарға, сауда орталықтарына барған әлi де қауiптi. Сақтық iс-шараларына мән берiп, маска тағып, арақашықты сақтау керек. Ауырғанда көшеге шығудың қажетi жоқ», — дедi М.Бекбосынова.
«Қарағанды медициналық университетi» АҚ клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушiсi, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Шолпан Қалиева коронавирустан қорғанудың басты үш факторын айтады. Олар — маска тағу, әлеуметтiк қашықтықты сақтау, дезинфекция.
«Адамдар ауыра ма, ауырмай ма оған қарамастан көп байланысқа түспеуге тырысу керек. Адамдар ауыратынын бiлмеуi де мүмкiн. Сондықтан, маска тағу мiндеттi. Өйткенi маска вирустың 70 пайызын сүзедi. Адам жұқтырған жағдайда да вирустық жүктеме аз болады. Қоғамдық орындарға барған соң қолды санитайзерлермен тазалау керек. Жақында вирус беткi қабаттарда ұзақ тұрмайды деген пiкiр таралды. Бiрақ, оған қайшы ғылыми қорытындылар да бар. Орта есеппен вирус адам ағзасына жеткенше үш тәулiк тiрi болады. Сол үшiн қолды зарарсыздандыру маңызды. Вирус жұққан қолымызбен бетiмiздi, көзiмiздi, мұрнымызды ұстаған жағдайда ағзаға вирус 100 пайыз кiредi», — дейдi ол.
Ал Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетiнiң iшкi аурулар кафедрасының меңгерушiсi, медицина ғылымдарының кандидаты Ахметжан Сүгiрәлиевтiң айтуынша, масканы мұрын мен ауызды толығымен жабатындай етiп дұрыс киген жөн. Инфекцияның қол арқылы мұрын мен көздiң шырышты қабаттарына таралу қаупiнiң жоғары болуына байланысты, көшеде көзге және мұрынға қол тигiзбеу керек.
«Көшеден үйге келгесiн қолды сабынмен мұқият жуу керек. Егер адам аурудың алғашқы белгiлерiн сезсе немесе ол сөйлескен адам ауырып қалғанын бiлсе, өзiн-өзi оқшаулауы керек. Бiз айналамыздағы адамдардың денсаулығына жауап беретiнiмiздi түсiнуiмiз керек. Өзiн-өзi емдеумен айналысуға кеңес берiлмейдi, әсiресе антибиотиктердi, антикоагулянттарды өз бетiнше қабылдауға кiрiсудiң қажетi жоқ, өйткенi антибиотиктер вирусқа әсер етпейтiнi белгiлi, ал антикоагулянттар қан кетуiне әкелуi мүмкiн. Дер кезiнде медициналық көмек алу үшiн дәрiгерге қаралу қажет — бұл ең қауiпсiз жол. Жағдайы нашарлаған жағдайда стационарға емдеуге жатқызу. Себебi, қайтыс болған пациенттердiң көпшiлiгi — жағдайлары қиындағанға дейiн үйде болған адамдар және өлiмнiң басты себебi — ауруханаға кеш жатқызылуынан», дедi Ахметжан Сүгiрәлиев.
https://www.inform.kz/kz/koronavirustan-kalay-korganu-kerek-mamandar-pikiri_a3731958