БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы 12,6 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстың кiретiнi белгiлi.
Естерiңiзге сала кетейiк, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетiн, есебiн БЖЗҚ жүргiзетiн зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi түрлi қаржы құралдарына инвестициялайды.
Тәуекелдердi азайту мақсатында инвестициялық портфель инвестициялау түрлерi, бағыттары, оның iшiнде валюталар бойынша әртараптандырылған. Қазiргi уақытта инвестициялардың 2/3 жуығы теңгемен және 1/3 жуығы шетел валютасымен, оның басым бөлiгi АҚШ долларымен номиналданған.
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерiн инвестициялау нәтижелерiне сәйкес күн сайын қайта есептеледi және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кiрiстер және т. б. кiредi.
Ағымдағы жылдың 10 айында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 қазанына дейiн салымшылардың шоттарына 1,1 трлн теңге мөлшерiнде таза инвестициялық кiрiс есептелдi. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңiндегi көрсеткiштен екi есе артық (01.01.2019 жылдан бастап 31.10.2019 жылға дейiн таза инвестициялық кiрiс 551,1 млрд теңгенi құрады). Айта кетейiк, 01.11.2019 жылдан бастап 31.10.2020 жылға дейiнгi бiр жыл iшiндегi кiрiстiлiк 7,1% инфляция кезiнде 10,88% болды. Бұл ретте 2020 жылдың басынан бастап кiрiстiлiк 9,94%, ал инфляция 5,5% құрады. Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтерi БЖЗҚ-ға бiрiктiрiлген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 4,6 трлн теңгеге жеттi. Есептi күнге зейнетақы жинақтарының жалпы көлемiндегi таза инвестициялық табыстың үлесi 34,5%.
Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесi құрылған 1998 жылдан бергi кезеңдi алатын болсақ, онда таза инвестициялық табыс 5,4 триллион теңгеден асты. Осы уақыт iшiнде инвестициялық кiрiстiлiк өсу қорытындысымен 596,69% құрады. Ал инфляция 485,55% болды. Осылайша 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтерiнiң нақты табыстылығы 111,14%.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтары — бұл ұзақ мерзiмдi инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерiн кемiнде 1 (бiр) жыл кезең үшiн талдау керек. Қысқа мерзiмдi деректер (күнделiктi, ай сайынғы және т.б.) көрсеткiш бола алмайды, себебi олар күнделiктi нарықтық жағдайға тәуелдi.
Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерiн есепке алудың барлық жүйесi ашық: әрбiр салымшы өзiнiң инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегiмен бақылай алады. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару және зейнетақы активтерi орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткiштер/Инвестициялық қызмет» бөлiмiнде жарияланып отырады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негiзiнде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционерi — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң «Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi. БЖЗҚ зейнетақы активтерiн сенiмгерлiкпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерiн басқару тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметi Қазақстан Республикасының Президентi басшылық ететiн Ұлттық қорды басқару кеңесiне берiлдi. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын, ерiктi зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерiн, зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат бередi (толығырақ www.enpf.kz сайтында).