Өтiнiштер, мемлекеттiк билiк органдарының жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекет етуiнiң маңызды құралдарының бiрi болып табылады. Өтiнiштi жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғаудың маңызды институттарының бiрi ретiнде қарастыру қажет. Азаматтардың өтiнiштерi орын алған уақиғалар мен үдерiстер туралы өзiнiң пiкiрiн айту, жетiлдiру бойынша ұсыныс енгiзу және қарапайым тұрғыдан алғанда өзiнiң өзге де құқықтары мен мүдделерiн iске асыру мүмкiндiгi, «керi байланыс» болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қараудың әкiмшiлiк рәсiмдерi, нақтылы регламенттелген және бiр жүйеге келтiрiлген.
Мыналар әкімшілік рәсімді козғау үшін негіздер болып табылады:
1) жолданым;
2) әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы.
Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.
Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда берілген жолданымда, хаттамада:
1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
3) жолданымның мәні;
4) жолданымның берілген күні;
5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.
Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.
Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.
Жолданым келіп түскен күні тіркеледі.
Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.
Жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.
Әкімшілік рәсімге қатысушылардың мемлекеттік органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференц-байланыс немесе бейнежолданым арқылы жолданым беру тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Жолданым осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.
Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады.
Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады.
Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.