Соңғы кездері елімізде рұқсат етілмеген митингілерді өткізу фактілері орын алуда.
Осындай фактілерді ескере отырып, заңсыз әрекеттерге жол бермеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жекелеген нормалары түсіндірілуде.
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға құқылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін (ҚР Конституциясының 32-бабы).
Заңда «бейбіт жиналыс», «бейбіт жиналысқа қатысушы», «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын», «бейбіт жиналысты ұйымдастырушы», «демонстрация», «жиналыс», «митинг», «өтінішті келісу», «пикеттеу», «хабарлама», «шеру» ұғымдарына нақты анықтамалар берілген, сондай-ақ бейбіт жиналыстың әрбір нысанының ерекшелігі нақтыланған.
Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген.
Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі. Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі.
Осы хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Көрсетілген 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Бұл ретте демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібі бойынша өткізіледі. Бұл үшін ұйымдастырушы олар өткізілетін күнге дейін 10 жұмыс күні бұрын өтініш беруге міндетті, ол бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті.
Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді.
Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізуге келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды.
Жоғарыда айтылғандардан заңды бұза отырып өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу заңға қайшы болып табылады және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамауға алу бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұл ретте, егер осы іс-әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықты туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.
Осыған байланысты, азаматтар қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз орындап, арандатушылыққа бой алдырмай заңсыз акцияларға қатысудан қалыс қалуы қажет.
Ақкөл ауданының тұрғындары мен қонақтарына құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесетінін, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдайтынын ескертеміз.
Ақкөл ауданының
прокуратурасы