Ақкөл ауданы әкімінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында халықпен кездесулер өткізуі туралы ақпарат

Ақкөл ауданы әкімінің
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында
халықпен кездесулер өткізуі туралы ақпарат

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Халықпен кездесулер өткізу туралы» Жарлығына және бекітілген кестеге сәйкес, 2026 жылғы 2-5 маусым аралығында аудан әкімінің қатысуымен халықпен 9 кездесу өткізілді.

Кездесулер өткізу кестелері алдын ала «Ақкөл Арайы» аудандық газетінде жарияланып, аудан, қала, ауыл және ауылдық округ әкімдіктерінің ресми парақшаларында орналастырылды, сондай-ақ Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен WhatsApp мессенджері арқылы таратылды.

Іс-шараларға 604 адам қатысты. Кездесулер барысында 25 қатысушы сөз сөйлеп, әлеуметтік сипаттағы 18 ұсыныс айтылды. Экономикалық және саяси сипаттағы ұсыныстар түскен жоқ.

Кездесулер аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылып, оның барысында тұрғындардың өтініштері қосымша қаралды.

Аудан тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелер жарықтандыру - 17%, жолдарды жөндеу және салу - 33%, абаттандыру, санитарлық тазалау - 6%, елді мекендердің тыныс - тіршілігінің басқа да өзекті мәселелері - 33%, білім беру объектілерін жөндеу - 11% мәселелері болды.

Бірқатар мәселелер бойынша тұрғындарға кездесулер мен жеке қабылдаулар барысында тікелей түсініктемелер берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер аудан әкімдігінің бақылауына алынып, құзыреті шегінде қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жолданатын болады.

Түскен барлық ұсыныстар қаралып, олардың 5-еуі халықтың есептік кездесулер барысында айтқан ұсыныстары мен ескертулерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Жоспардың орындалу барысы тоқсан сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күніне қарай Ақкөл ауданы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылатын болады.

Кездесулер ұйымдасқан түрде өткізілді. Аудан тұрғындарына өзекті мәселелерді ашық талқылауға және өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша түсініктемелер алуға мүмкіндік берілді. Кездесулер барысында облыс, аудан, қала, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерінің атына сын-ескертпелер айтылған жоқ.

Халықпен кездесулер өткізу жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға, өзекті мәселелерді уақытылы анықтауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Түскен ұсыныстар мен өтініштердің іске асырылуы аудан әкімінің тұрақты бақылауында.

 

Ақкөл ауданы әкімінің аппараты

Дата публикации
12 июня 2026