GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Әкім аппараты
Құжаттар
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Все материалы
Ішкі саясат
19 октября 2026
Алматы облысында құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Алматы облысында Құтқарушылар күні қарсаңында сала мамандарына құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлер марапатталды. Оларға «Құтқарушы», «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Құтқару операциясына белсенді қатысқаны үшін» медалі мен Алматы облысы әкімінің «Алғыс хаты» және өзге де марапаттар табысталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. 

«Құтқару қызметі – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін айрықша сала. Олар жедел көмек көрсетумен қатар, қауіптің алдын алуға бағытталған күнделікті тынымсыз жұмысымен де ерекше қадірлі. Жоғары кәсібилік, шұғыл шешім қабылдай білу және үйлесімді әрекет қатердің бетін қайтарып, адам өмірін аман алып қалуда шешуші рөл атқарады. Осы жауапты міндеттерді сапалы орындау үшін құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, олардың қызмет етуіне қажетті жағдайды қамтамасыз ету де маңызды. Бұл бағытта өңірімізде жаңа өрт сөндіру деполары мен бекеттерін ашуға, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды жаңғыртып, мамандардың кедергісіз жұмыс істеуіне көңіл бөлінуде», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Жыл басынан бері облыс бойынша 5 жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Ал өткен жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 9 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл төтенше жағдай кезінде көмекке уақытылы жетуге мүмкіндік береді. Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта да құтқару қызметінің әлеуетін арттыру, қажетті инфрақұрылымды дамыту және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру жұмыстары жалғасын табады. 

Мереке қарсаңында марапатқа ие болғандардың бірі – Әбікен Мәкетов. Ол Құтқару қызметінде 35 жыл бойы еңбек еткен. Қатардағы өрт сөндірушіден бастап, полковник лауазымына дейін көтеріліп, бүгін «Еңбек ардагері» төсбелгісін иеленді.

«Бұл – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, жоғары жауапкершілікті талап ететін сала. Басымыздан түрлі жағдай өтті. Барлық кезде намысқа тырысып, адамдардың амандығы үшін жан берісіп жұмыс істедік. Біз қызмет еткен жылдар материалдық-техникалық база әлі жетілмеген кездер еді. Ал қазір төтенше жағдай кезінде қолғабыс болатын құрал-жабдықтың бәрі бар. Құтқарушы қызметіне тек жүрекжұтқан, батыр азаматтар ғана келеді. Сондықтан барлық азаматтық қорғау саласының саңлақтарын айтулы мерекемен құттықтаймын», – деді сала ардагері.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп
17 октября 2026
Алматы облысында Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді

Республика күні қарсаңында Алматы облысында  2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді.

Бұл күні  тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылатын болады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21 – 27 қазан аралығына жоспарланған.

 Дәл осы күндері акциялардың негізгі бөлігі, арнайы бағалық ұсыныстар мен мерекелік жеңілдіктер болады.

Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпы республикалық науқанның бастамашылары - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.

Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Алматы облысы өңірінде «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда нысандарының толық тізімімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

 

 

ТКШ және абаттандыру
14 октября 2026
Алматы облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар баспаналы болды

Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында 29 отбасы баспаналы болды. Пәтерлер көпбалалы аналарға, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және асыраушысынан айырылған жандарға берілді. Түзусай ауылында өткен салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, тұрғындарды қоныстойымен құттықтады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Аймақ басшысы өз сөзінде халықты баспанамен қамтамасыз ету Президент жүктеп отырған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Оның ішінде баспана мәселесі де маңызды орын алады. Алматы облысында халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұл – өңіріміздің дамып, елдің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы аймаққа айналып келе жатқанының бір көрінісі. Баспана – кез келген отбасы үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі табысталған кілт – әр отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы. Адамның өз үйі болғанда ертеңіне деген сенімі де арта түседі.  Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, тұрғын үй қорын ұлғайтуға басымдық береміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Бүгінде Талғар ауданында тұрғын үй кезегіне 7,5 мыңға жуық азамат тіркелген. Соңғы екі жылда аудан бойынша 459 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда оның  275-і өз иелеріне берілді. Бүгін тағы 29 отбасы баспана кілтін алды. Солардың бірі ерекше қажеттілігі бар балаға күтім жасап, тәрбиелеп отырған ана – Зиягүл Ержанова.

«Үй кезегіне 2015 жылы тұрдық. 11 жыл бойы күткен сәт бүгін туып, баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Қуанышымызға облыс әкімі ортақтасып, арнайы келіп құттықтады. Үйге қажетті электр пеші мен теледидарды сыйға тартты. Бұл – бізге үлкен көмек. 2 бөлмелі үйдің жобасы, сапасы көңілімнен шықты. Терезесі – үлкен, бөлмелер – жарық, тауға қарайтын әдемі көрінісі де бар. Осындай қолдау көрсеткен Президентімізге, облыс және аудан әкімдігіне алғыс айтамын», – деді тұрғын.

Туризм
Кәсіпкерлік
14 октября 2026
Алматы облысында еліміздің ең биік нүктесінде орналасқан туристік нысан ашылды

Алматы облысының «Ой-Қарағай» тау-курортында Қазақстанның ең биігінде орналасқан туристік нысан пайдалануға берілді. «Ақтас» шыңында бой көтерген кешен 2140 метр биіктікте орын тепкен. Оның құрамына мейрамхана, іскерлік кездесулер өткізуге қолайлы конференц-зал мен демалушыларға арналған қонақүй кіреді. Екі жыл бойы жүргізілген құрылыс жұмысына 58 млрд теңге инвестиция салынды. Жоба аясында сноуборд пен шаңғы тебу алаңы 28-ден 38 шақырымға ұлғайтылды. Сондай-ақ елімізде алғаш рет 10 және 6 орынды аспалы жол іске қосылды. Осылайша, Алматы облысында халықаралық стандарттарға толығымен сай келетін жаңа туристік нысан демалушыларды қабылдауды бастады.

Өткен жылы «Ой-Қарағай» тау-курортына 660 мыңнан астам турист келді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 20 пайызға артып үлгерген. 

«Қазіргі таңда 350 адамға арналған үлкен конференц-зал мен мейрамхана жұмыс істеп тұр. Бұл әртүрлі бағыттағы қызық шараларды өткізуге өте қолайлы. Сонымен қатар меймандарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, 7 бөлмеден тұратын қонайүйіміз бар. Қысқы спорт түрлеріне арналған жолдың ұзартылуы және екі аспалы жолдың салынуы туристер санын бірнеше есе арттырады деп сенеміз. Бүгінде демалыс аймағына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келетін қонақтар саны артуда. Бұған Алматы облысы әкімдігінің туризм саласында өзге елдермен жасаған тиімді меморандумдары зор ықпал етіп отыр», – деді «Ой-Қарағай» тау-курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козлов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысының туризм саласында жалпы құны 638,2 млрд теңге болатын 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Өткен жылы Үкімет қаулысымен «2025-2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары» бекітілді. Соған сәйкес өңірде 6 негізгі бағыт бойынша 15 жобаны іске асыру көзделген.

САЙЛАУ
14 октября 2026
Мәслихат-2026

МӘСЛИХАТ - 2026

Табиғи ресурстар
09 октября 2026
Алматы облысындағы өзен-көлдерге 600 мың шабақ жіберілді

Алматы облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында су айдынын балыққа толтыру акциясы өтті. Бүгін Іле өзеніне 150 мыңнан астам шабақ жіберілді. Осылайша жыл басынан бері Іле өзені, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына жіберілген шабақ саны 600 мыңнан асты. Қазан айының соңына дейін оның көлемін 4 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бүгінгі акция барысында сенбілік ұйымдастырылып, Іле өзенінің аумағы қоқыстан тазартылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Шараға сала мамандары, мемлекеттік орган өкілдері, жастар мен еріктілер атсалысты. Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы да акцияға қатысып, оның экожүйені сақтаудағы маңызына тоқталды. 

– «Таза Қазақстан» – бұл тек тазалық шарасы емес, табиғи байлығымызды сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жалпыұлттық бастама. Оның маңызды бағыттарының бірі – су экожүйесін сақтау және балық санын молайту. Осы міндеттерді іске асыру шеңберінде Алматы облысының әкімі Шыңғыс Сайранұлының тапсырмасына сәйкес өңірдегі су айдындарына балық жіберу жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі өзенді балыққа толтыру экологиялық акциясы – аталған тапсырманы іске асыру аясындағы кезекті іс-шара, – деді Бақытнұр Бақытұлы. 

Игі бастамаға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары белсене үлес қосты. 

– Бүгін «Жасыл ел» жасақшылары өзенге шабақ жіберу шарасына алғаш рет қатысып, мұның қоршаған орта үшін қаншалықты маңызды екенін сезінді.  Сонымен қатар өзен аумағында өткізілген сенбілікте жұмыла жұмыс істеді. Өңірде қыркүйек-қазан айларындағы мұндай акцияларға 1000-ға жуық жас жұмылдырылды. Олар облыстағы түрлі бағыттағы бастамаларға белсене атсалысады. Мәселен, «Киелі мекен» акциясы аясында ескерткіштер мен тарихи орындарды ретке келтірсе, «Таза өзен», «Таза көл» жобасында жағалауларды тазартады, – деді шараға қатысқан Диляра Қабдолина. 

Мамандардың айтуынша, суға жіберілген балықтардың 80 пайызы өсіп-жетіледі. Жыл сайын өткізілетін мұндай шаралар балық қорын молайтуға елеулі үлес қосып келеді. Мұны Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зерттеу қорытындысы да дәлелдеп отыр.  
 
Осылайша, Іле өзені аумағында ұйымдастырылған акция табиғат байлығын қорғауға бағытталған қос бірдей игі шараны ұштастырды.  «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сай жалғасын табады.

Табиғи ресурстар
08 октября 2026
Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды

Алматы облысының Іле ауданында жылына 400 тонна балық өндіретін «Бақыт» кәсіпорны іске қосылды.  Инвестиция құны – 500 млн теңге. Мұхаметжан Түймебаев ауылында ашылған шаруашылықта балық өсірумен қатар, ол үшін қажетті тор қоршау мен оның бөлшектері жасалады. Кәсіпорын – аталған құрал-жабдықтарды шығаратын еліміздегі алғашқы өндіріс ошағы, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты рәсімге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтады. 

«Бұл жоба – өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Алматы облысынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан мен Жетісу облысының балық шаруашылықтарына жеткізіліп, пайдаланылуда. Бұл отандық жабдықтарға сұраныстың жоғары екенін және кәсіпорынның еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді. «Бақыт» шаруашылығы алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді Бақытнұр Бақытұлы. Сондай-ақ ол Алматы облысында бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл өңірде балық шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге субсидия бөлінді. Бүгінде облыста 53 балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Былтыр өңірде 5,8 мың тонна балық өндірілді. Биыл оның көлемін 10 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгін ашылған «Бақыт» шаруақожалығы осы мақсатты жүзеге асыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында балықтар көлдің ортасында арнайы тор қоршауда өсіріледі. Шаруақожалық басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, әуелі салмағы 200 грамм шабақ суға жіберіліп,  3 айдың ішінде 2,5-3 келі тартатын балыққа айналады. Балықтарға экологиялық таза жем беріледі. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам өнім алып үлгерді. Ол үшін 12 тор қоршау қолданылды. Келесі жылы балық көлемін 400 тоннаға жеткізіп, қоршауды 30-ға көбейту жоспарланып отыр. Мұнда кәсіби мамандардан құралған 15 адам жұмыс істейді. Олар балықтың жағдайын қадағалайды. Қазіргі таңда шаруашылыққа қажет қоршау кәсіпорынның өзінде жасалады. Ал тор шетелден импортталады. Болашақта тор тоқитын цех ашып, өндіріс орнын көбейту жоспарлануда. Сол кезде жұмысшылар саны 45-50 адамға көбейеді. 
Кәсіпорынның ашылғанына М.Түймебаев ауылының тұрғындары дән риза. Солардың бірі – Әмзе Исаев.

«Ауылымызда осындай игі жобаның іске асырылып жатқаны –құптарлық іс. Бұл елдімекен тіршілігіне жан бітіріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ауылымыздағы көлде кезінде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ кейін қиын кезеңдерде тұралап қалды. Бұл бастаманың қайта жанданып жатқанына қуаныштымын», – деді тұрғын.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
07 октября 2026
Алматы облысындағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады

Алматы облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты таулы аймақтарда жылу беру басталды. Өзге аудандарда 15 қазанға дейін кезең-кезеңімен қосылады. Ол үшін өңірде жалпы қуаты 452 Гкал болатын 18 орталықтандырылған және 84 блокты-модульді қазандық жылу таратуға толығымен дайын, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Биыл Алматы облысында жылыту маусымына дайындық жүргізуге және оны өткізуге 13,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы сұйық және қатты отын сатып алуға, жылумен және электрмен жабдықтау нысандарын жөндеуге бағытталды. Сондай-ақ энергия беруші кәсіпорындар есебінен 2,8 млрд теңге, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жылу желілерін реконструкциялауға 2,0 млрд теңге, Алатау қаласының Жетіген шағын ауданындағы қазандықты жөндеуге Үкімет резервінен 661 млн теңге бөлінді. 

Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «ДОС» қазандығын реконструкциялау аяқталды және 10 қазанға дейін іске қосылады. Одан бөлек Қарасай ауданының «Алтын ауыл» және «Қарлығаш» шағын аудандарындағы 2 блокты-модульді қазандық жөнделді. 

Өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 188 шақырым. Бүгінде оның 6,7 шақырымы жаңартылып жатыр. Бұл жылу желілерінің тозуын 40%-дан 38,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қонаев қаласында ұлттық жобасы шеңберінде жалпы ұзындығы 2,3 шақырым, құны 2 млрд теңге болатын жылу желісін реконструкциялау бойынша екі жоба тәмамдалды. 

Облыстағы 152 қосалқы станса мен 1 552,9 шақырым электр желісін жөндеу аяқталуға жақын. Ал «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ биыл 1 179,3 км электр желісін жөндеуді көздеп, жоспарды толығымен орындады. 

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде электрмен жабдықтау бойынша жалпы құны 58,9 млрд теңге болатын алты жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 66%-дан 62%-ға дейін төмендейді.

Өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін қажет 12,6 мың тонна сұйық отын және 4,5 мың тонна қатты отын мекемелерге жеткізілді. 

Бүгінде облыста 2 156 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 469-ы (71%) орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Өңір халқының көмірге қажеттілігі – 666 мың тонна. Елді мекендерге кезең-кезеңімен газ тартудың нәтижесінде көмірді тұтыну жыл сайын орта есеппен 6-7%-ға төмендеуде.

05 октября 2026
Үздік мұғалімге – жаңа автокөлік: Алматы облысында ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Алматы облысында Ұстаздар күні аталып өтіп, үздік педагогтер марапатталды. Оларға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ білім беру саласындағы облыстық байқаулардың жеңімпаздары анықталды.

Мерекелік шараға Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Бүгінде өңірде 35 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Облыс әкімі білім саласына қолдау көрсету, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.

Адамзат баласының парасат шыңына өрлеуі де, мемлекеттің өркениетті дамуы да ұстаз берген тәлім-тәрбие мен білімнен басталады. Қай салада қызмет етіп, қандай биікті бағындырсақ та, оның негізінде ұстаздың еңбегі жатыр. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Бүгінде облыс педагогтері өз шеберлігін жетілдіріп, оқушыларының түрлі білім додаларында биіктен көрінуіне жол ашып келеді. Өздері де кәсіби байқауларда топ жарып жүр. Осындай жауапты жолда жүрген барша ұстазға алғысымды білдіремін», – деді Шыңғыс Әрінов.

Мерекелік шарада ұстаздарға «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері және облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар «Үздік балабақша», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы», «Үздік сынып жетекші» және «Жылдың үздік мұғалімі» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

«Жылдың үздік мұғалімі» атанып, сужаңа автокөлікке ие болған Жамбыл ауданы, Ә. Бейсеуов атындағы орта мектептің мұғалімі Бақытәлі Дәулешияр байқаудың төрт кезеңнен тұрғанын айтты.

«Әр кезеңде жоғары балл жинап, өзін жан-жақты көрсете білген педагог жеңіске жетеді. Биыл бұл марапаттың маған бұйырғанына қуаныштымын. Бұл байқау тек бақ сынайтын жарыс емес. Мұнда педагогтер тәжірибе алмасып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренеді. Сондықтан мұндай сайыстардың ұстаздарға берері мол. Ал жақсы мұғалімнің тәлімін көріп өскен алғыр бала елдің жарқын болашағын қалыптастырады», – деді жеңімпаз.

Мұғалімдерге берілетін ең жоғары марапаттардың бірі – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісіне ие болған Қарасай ауданы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Жанар Кулиева да марапат туралы пікірін білдірді.

«Ұстаздар күнінде осындай мәртебелі марапатқа ие болып отырмын. Бұл – педагогика саласындағы 34 жылдық еңбегімнің жемісі. Дегенмен әр мұғалім үшін шәкіртінің жетістігін көргеннен асқан бақыт жоқ. Ең бастысы, педагог оқушыны жақсы көріп, оған шынайы ықыласпен жанашыр бола білуі керек. Мейірім арқылы ғана шәкірт жүрегінен орын аласың», – деді ұстаз.

Әлеуметтік өзгерістер
05 октября 2026
Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізілуде

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оларды азаматтарға ыңғайлы ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Осы мақсатта медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) жүзбе-жүз өту үшін электронды кезек енгізілуде. Жаңа сервис азаматтарға қабылдауға алдын ала жазылып, өзіне ыңғайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді. Бұл ретте кезекте ұзақ уақыт күтудің қажеті жоқ.

Электронды кезек жобасы алдымен Ақмола облысында іске қосылды. Кейін бұл сервис Алматы қаласында да енгізілді.

2026 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша электронды кезекті Ақмола облысында 2 580 адам, ал Алматы қаласында 3 030 адам пайдаланған.

Электронды кезекке Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жазылуға болады. Ол үшін бірнеше қарапайым қадамды орындау қажет.

Азамат электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы Әлеуметтік қызметтер порталына кіріп, Жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы керек. Одан кейін өзіне ыңғайлы күн мен уақытты белгілейді.

Жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне қарай тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.

Жазылу сәтті аяқталғаннан кейін азаматтың телефон нөміріне МӘС-тен өтетін күн мен уақыт, бөлімнің мекенжайы және талон нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама келеді. Белгіленген қабылдауға үш күн қалғанда жүйе қосымша SMS арқылы еске салады.

Қажет болған жағдайда азамат Жеке кабинеті арқылы жазылуын тоқтата алады немесе басқа күн мен уақытқа ауыстырады.

Егер азамат белгіленген уақытта келмесе, кезек автоматты түрде жойылады. Бұл туралы да тиісті хабарлама жіберіледі.

Электронды кезек жүйесі медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуді жеңілдетіп, азаматтардың күту уақытын қысқартуға және қабылдауды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоба екі өңірде іске асырылғаннан кейін оның нәтижелері сараланып, электронды кезекті еліміздің барлық өңіріне енгізу мәселесі қаралмақ.

Социальные сети
zhetysupress
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы