Денсаулық сақтау саласын техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету биыл 89%-ға жетеді

Денсаулық сақтау саласын техникалық құрылғылармен қамтамасыз ету биыл 89%-ға жетеді

Алматы облысының денсаулық сақтау саласын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі биыл 89%-ға жетеді. Ал арнайы көліктер паркі 75%-ға жаңартылады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың айтуынша, пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстарына облыстық бюджеттен қосымша 7,3 миллиард теңге бөлінген.  Бұл қаражат бірінші кезекте ауруханаларды материалдық-техникалық жабдықтауға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 10 оттегі станциясын, 150 өкпенің жасанды желдету құрылғысын, 100 оттегі концентраторын, 3 компьютерлік томографты және 3 сандық рентген жүйелерін және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Оның 500 миллионы облыстағы медициналық мекемелерге қажетті дәрі-дәрмек сатып алу үшін қарастырылған. Осылайша, ағымдағы жылы облыстық денсаулық сақтау саласына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 89% жетеді. Арнайы көліктер паркі 75% жаңаратын болады.

Айта кету керек, бүгінде облыстық денсаулық сақтау саласының балансына тағы 50 оттегі концентраторы қосылды. Оларды шетелдік компания отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп ауыстырған. Алынған оттегі концентраторлары аймақтағы медициналық мекемелерге таратылады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі