
Ауданда жаңа өндірістер ашылып, логистикалық орталықтар іске қосылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылуда. Бұл өңір экономикасының дамуына серпін беріп, бизнеске қолайлы жағдай жасайды.
Ең ірі жобалардың бірі – оңтүстіккореялық KT&G компаниясының темекі өнімдерін шығаратын өндірісін іске қосу. Зауыт жылына 177 миллиард теңгенің өнімін өндіруге есептелген. Мұнда 180 адам жұмыспен қамтылған.
Логистика секторы да қарқынды дамып келеді. «Фокус Логистик» кешенінің бірінші кезеңі аяқталды, OZON қоймасы ашылып, 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Наурыз айында іске қосылатын UNION қоймасы тағы 100 жұмыс орнын ашады. «Imagine Apple City» жобасы аясында 500 жаңа жұмыс орны құрылады.
Жалпы, ауданда 4500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қарасай ауданына шетелдік қана емес, отандық компаниялар да инвестиция салуда. Алкогольсіз сусындар өндірушісі Caspian Beverage Holding («Буратино» бренді) зауытын Алматыдан көшіруді жоспарлап отыр. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 106 жобаны қолдауға 928 миллион теңге бөлінді. Өңірде су үнемдеу технологиялары енгізіліп, өңдеу кәсіпорындары мен агробизнес дамып келеді.
Ауданда мектептер, медициналық мекемелер және мәдени нысандар салынуда:
• 2025 жылы Алмалыбақта 1500 орындық, ал Булақтыда 900 орындық мектеп ашылады.
• Жібек Жолы мен Айтейде мәдениет үйлері бой көтереді.
• Абай мен Үштеректе дәрігерлік амбулаториялар салынып жатыр.