
Алматы облысына ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин келді. Үкімет басшысын сапар барысында облыс әкімі Амандық Баталов бастап жүрді. А. Мамин алдымен «Өскемен - Талдықорған» автожолының шығыс учаскесінің қайта жаңғыртылу жұмыстарымен, «Үшарал - Достық» автожолы құрылысының жобасымен танысты.
Премьер-Министр бұл көліктік инфрақұрылымның сапасы мен оны биылғы жылы іске қосудың маңыздылығын атап өтіп, жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды. Қайта жаңғырту жұмыстары көлік қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер мен жолға жақын аумақтардың экологиялық жағдайын жақсартады, сол сияқты жаңа жұмыс орындарын аша отырып, жол бойындағы көрсетілетін қызметті дамытуға ықпал етпек.
Талдықорғанда Премьер-министрге облыстың газдандырылу жағдайы хабар етілді. Соңғы бес жылда бұл мақсатқа бюджет қаражатынан және жеке инвестициядан жалпы сомасы 65 млрд. теңге тартылған. Соның нәтижесінде өңір тұрғындарының 56% табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Қазіргі кезде елді мекендер жоспарға сай газдандырылып, Талдықорған-Үшарал және Шелек-Кеген-Нарынқол магистралды газ құбырлары құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
2016 жылдан бері облыс орталығын газдандыру жүріп жатыр. Талдықорғанда бұл жұмыс биылғы жылы аяқталады.
Стратегиялық маңызды нысандарды табиғи газға қосудың маңызы зор. Мәселен, облыста бұрын қатты отынмен жылытылған 35 қазандық бар. Олардың барлығы да газға ауыстырылады. Бұл өз кезегінде шығынды азайтып, қоршаған ортаның тазалығына өз әсерін тигізетін болады.
Биылғы жылы республикалық бюджеттен екі қазандық қайта жаңғыртылды. Алдағы жылыту маусымынан бастап олар газға көшіріледі. Мамандардың есептеуінше, газдандыру есебінен нысандардың қуаттылығы артады, технологиялық процесі жақсарады.
Атап өтсек, биыл облысты газдандыруға әр түрлі көздерден 9,5 млрд. теңге бөлінген. Соның 1,3 млрд теңгесі өңірдің 47 елді мекені үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға жұмсалады. 2021 жылы облыстың бес ауданында құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аяқталғанда табиғи газға қосылуға 300 мың абонент мүмкіндік алады.
Үкімет басшысы Президенттің жұмыспен қамту және халықты қолжетімді баспанамен қамту туралы тапсырмаларының орындалу барысымен де танысты. Індетпен күрес кезінде халықты жұмыспен қамтудың негізгі бағдарламасы «Жұмыспен қамту жол картасы» болды. Облыс бойынша бағдарламаны жүзеге асыруға 109,2 млрд. теңге бөлініп, соның арқасында 10,2 мың орындық 8 мектеп, 5 дәрігерлік амбулатория салынуда, 41 мектеп, 14 ауылдық мәдениет үйлерінің ғимараты, 6 спорт нысаны, 9 туризм нысаны, 2 әлеуметтік қамсыздандыру ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
65 елді мекенде ауыз су сапасы жақсартылады. 500 шақырым жол жөнделіп, саябақтар мен скверлер абаттандырылады.
Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың барлығының да жоспарға сай орындалатынына сендірді. Өз кезегінде Асқар Мамин атқарылған жұмыстарды жақсы бағалап, құрылыс жұмыстарының сапасын үнемі назарда ұстауды тапсырды.
Облыс тұрғын үй салуда бірнеше жыл қатарынан алдыңғы қатарда келеді. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында несиелік және жалгерлік үйлер салынуда, жеке тұрғын үйлер де қарқынды салынып жатыр. Осының барлығы тұрғындарға өз баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары да ерекше назарда. Құрылыс қарқыны жыл сайын өсіп келеді. Бұған Асқар Мамин Талдықорғандағы жаңа 8-ші шағын ауданға барғанда көз жеткізді.
Үкімет басшысына «Бәйтерек» холдингінің көп пәтерлі тұрғын үйінің мәселесі де айтылды. Қазіргі кезде облыс бұл 9 үйдің 5-еуінің құрылысының барлық шығындарын өз міндетіне алған. Олардың біреуі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Басқасының құрылысы келесі жылы да жалғасады. Амандық Баталов өзге де ұзақ жыл бітпей тұрған құрылыстарды облысқа беруді сұрады. Премьер-Министр мәселенің шешілуіне қолдау көрсететінін айтып, ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын оң бағалады.
Атап өтсек, тек бір ғана «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында облыста жыл соңына дейін 939 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынады. Келесі жылғы меже де одан кем емес. Өңірде президенттік жаңа бағдарлама «5-10-20» жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттің мұндай қолдауына қазірдің өзінде облыстың 500 тұрғыны жүгініп отыр.
Премьер министр тұрғын үй салу қарқынын бәсеңдетпеуді және оның сапалы болуын қатаң қадағалауды тапсырды. Облыс әкімі тұрғын үйлерді салу мен пайдалануға берудің бес жылға арналған жоспары дайындалғанын, жыл сайын құрылыс көлемін 250 мың шаршы метрге арттырып отыруды межелеп отырғандарын айтты. Бұл кезекте тұрғандар санының азаюына, өз шаңырағым болса деп аңсап жүрген қаншама тұрғынның арманын орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Асқар Мамин осы сапарында Көксу ауданы Балпық би ауылында орналасқан тауарлы сүт фермасында болды. Бұл - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылған құрылымы айрықша кәсіпорын. Түгелдей автоматтандырылған ферма инновациялық технологияны қолдана отырып, сапалы да мол өнім алып отыр. Голштин тұқымды 400 бас сиыр тәулігіне 9 тоннадан астам сүт береді.
Кәсіпорын басшысы Рахим Каримов ферма жұмысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, қазір дәл осындай 300 басқа арналған роботтандырылған екінші ферма салынып жатыр. Биылғы жылдың соңына қарай іске қосылады. Құрал-жабдықтарын жеткізуге келісімшарт жасалып қойған. Бір айдың көлемінде қажетті құралдардың барлығы әкелініп, орнатылады. Алдағы уақытта ферма қуаттылығын 20 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Осы нысанда облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев Үкімет басшысына өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы жайында хабарлады. Ол өз сөзінде ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында айналымға жаңа суармалы жер алаңдары қосылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Көксу, Қаратал, Панфилов аудандарында және Талдықорған қаласында 5 ірі жоба жүзеге асырылуда. Жалпы Алматы облысында 2018 жылдан бүгінге дейін 21 су шаруашылығы нысаны күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі кезде қайта жаңғырту жұмыстары бойынша тағы 23 жоба іске асырылып жатыр.
- Жалпы 2025 жылға дейін біз суармалы жер алқаптарын 140 мың гектарға дейін ұлғайтамыз деп жоспарлап отырмыз,- деді Серік Тұрдалиев.
Сол сияқты Премьер-министрге өңірдегі әлеуетті балық өндірісі жайлы да баяндалды.
Ауыл шаруашылығындағы жоғары көрсеткіштер, жақсы жетістіктер - салаға көрсетілген үздіксіз қолдаулардың нәтижесі. Субсидия, жеңілдікпен несиелеу, арнайы техникалар сатып әперу – бұл егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға көрсетілетін көмектің бір бөлігі ғана. Премьер-Министр бұл сапарында осы бағытта Жетісу өңірінде жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатқанына куә болды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.