Алакөл ауданында "Сервистік әкімдік" ашылды

Алакөл ауданында "Сервистік әкімдік" ашылды

Бүгін Алакөл ауданында «Сервистік әкімдік» жобасы ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев пен Департамент жанында құрылған облыстық ақпараттық үгіт-насихат штабының төрағасы Серік Мұқанов қатысты.

Ғимаратта барлық жағдайлар жасалған: күту залында ыңғайлы орындықтар, кондиционер, суға арналған диспенсер мен ақпараттық теледидар орнатылған. Өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыш ұйымдастырылған. Мүгедектер үшін шақыру қоңырауы, пандус, киім шешетін  бөлме, брайль шрифтінде жазылған тақталар бар. Және мұнда Үшарал қаласы әкімінің аппараты, білім, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері орналасқан. Енді осы ғимаратта азаматтармен тығыз байланыста жұмыс жасауға және тұрғындарға елді-мекеннің әр түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ, мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан алуға мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өткен болатын. Бұл ретте Алакөл ауданының жаңа сервистік әкімдігі ашықтық пен қолжетімдік талаптарына сай және жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға ықпал етеді.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 9 сервистік әкімдік жұмыс істеуде (Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек, Іле, Алакөл аудандарында, Талдықорған қаласында).

Жыл соңына дейін облыстың барлық қалалары мен аудандарында осындай сервистік әкімдіктер ашу жоспарлануда.