
Алматы облысының Талғар ауданында аула ішілік алаңдарды абаттандыру үшін 1 млрд. 246,5 млн. теңге бөлінген. Барлығы 123 көп пәтерлі тұрғын үйлердің 39 ауласы көркейтіледі. Осы абаттандыру жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы 119 адамның жұмысқа орналастырылғанын да айта кету керек. Ал аудан бойынша бағдарлама аясында 1601 жұмыс орны құрылса, соның 801-і Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылмақ, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талғар ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахунның баяндауынша, мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 46 нысан салынып, жөнделеді. Бұл мақсаттарға 6,3 млрд. теңге бөлінген. Аймақта 1601 жұмыс орны құрылса, соның ішінде 801 адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылады.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының арқасында Талғар қаласында жер асты су көздерінің бастоған желісінен № 1 алаңға дейінгі магистралды су құбырының қайта жаңғыртылуы мен құрылысы жүргізіліп, Бесқайнар ауылының ауыз су жүйесі жасалса, Талдыбұлақ ауылында кәріз жүйесі де қайта жаңғыртылып, құрылысы жасалады. Осы бағдарлама бұлардан өзге көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарда да құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне ықпал етіп отыр.
Сол сияқты Талғар қаласындағы «Бозторғай» мен «Мелиоратор» ықшам аудандарындағы көп жылдан бері қолға алынған көп қабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу жұмысы да басқа аудандарға үлгі боларлық. Аудан орталығында соңғы екі жылда 21 блокты-модульді қазандық орнатылып, бұл өз кезегінде 129 көп қабатты үйдің немесе 3887 пәтердің оралықтандырылған газбен жылыту жүйесіне қосылуына мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасып, осы жылы тағы 13 көп қабатты үй үшін 11 БМҚ орнату жоспарланған.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.