
Алматы облысында жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр. Ал 1 сыныпқа 48 мың бала қабылданады. Бұл туралы бүгін брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты балаларды төрт бағытта оқыту жоспарлануда.
Бірінші, оқушылардың 70% немесе 299 653 оқушы білім беру платформасы интернет желісі арқылы жүргізіліп, оқумен қамтылатын болады. Екінші, 20% немесе 84 471 оқушы «Аль-Фараби», «Еларна» республикалық телеарналары мен облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білім алады. Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда (15 баладан) 7721 немесе 2% оқушы штаттық режимде оқиды. Төртінші, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5214 кезекші сыныптарда 34 792 (8%) бала білім алатын болады.
- Штаттық режимде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Кіре берістерде залалсыздандыру төсеніштері, тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа 226,9 млн. теңге қаралып отыр, - деді А. Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.