
Қазіргі жағдайда азаматтық қорғаныс ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің, сондай-ақ бейбіт және соғыс уақытындағы төтенше жағдайлар кезінде халық пен аумақты қорғаудың маңызды элементі болып табылады.
Халықты, объектілер мен аумақты қорғау, әскери қақтығыстар туындаған кезде залал мен шығынды азайту үшін жергілікті атқарушы органдар алдын ала мынадай іс-шараларды жүргізеді:
- азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылыстарының қорын салу және жинақтау, оларды жұмыс істеуге дайындықта ұстау;
- азаматтық қорғаныс мүлкін құру, жинақтау және уақтылы жаңарту.
Осы іс-шаралардың орындалмауы елдің тұтастай қорғаныс қабілетінің төмендеуіне алып келеді.
Қорғаныс құрылыстарының дайындығын бағалау мақсатында 2024 жылы облыстық комиссия облыстағы қорғаныс құрылыстарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Түгендеу нәтижелері бойынша облыс аумағында барлығы 23 азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылыстары бар екені анықталды, оның ішінде радиацияға қарсы баспаналар – 20, баспаналар – 3. Мемлекеттік мекемелердің балансында бір баспана, жеке ұйымдардың аумағында – 2 баспана бар.
Облыс әкімінің қолданыстағы басқару пункттері қолданылатын мақсаты бойынша пайдалануға дайын.
«Алматы облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына», сондай-ақ «Алматы облысының Қонаев қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес, Қонаев қаласында Азаматтық қорғаныс объектілерін салу жөніндегі іс-шаралар енгізілді.
Қалалар мен аудандардың әкімдеріне, тиісті басқармаларға, азаматтық қорғау қызметтеріне төмендегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастыруды қамтамасыз ету тапсырылды:
- облыс әкімі мен Қонаев қаласы әкімінің қалалық қосалқы басқару пункттері анықталсын және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілсін;
- басқару пункттерін жарамды күйде ұстауға және жаңғыртуға қаржы бөлу;
- барлық қорғаныс құрылыстарының кадастрлық нөмірлері мен жер учаскелерін анықтау;
- азаматтық қорғаудың аумақтық құрылымдарының жеке құрамы үшін жеке қорғаныс құралдарын орталықтандырылған сатып алу мәселесін қарастыру;
- біздің өңірді дамытудың кешенді жоспарында (оны әзірлеу кезінде) басқару пункттерін құру бөлігінде көзделген іс-шаралардың орындалуын ерекше бақылауға алу, халықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, күшті әсер ететін улы заттарды пайдаланатын әлеуетті қауіпті объектілерді қауіпсіз қондырғыларға ауыстыру немесе қорғаныш құрылыстарының қорын құру үшін күшті әсер ететін улы заттарды сақтайтын қойманы қауіпсіз қашықтыққа көшіру.