
Облыс әкімі Амандық Баталов Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесті. Кездесуде коронавирус инфекциясының таралуымен күрес шаралары және шағын және орта бизнесті қолдау тақырыбы талқыланды.
Жүздесу барысында алдымен Амандық Баталов өңірде індеттің алдын алу және оның таралуын тежеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
- Қазіргі кездегі ең басты міндетіміз – халықты қорғау, денсаулығын сақтау, вирустың таралуына жол бермеу. Карантиндік шаралар жеңілдетілгеннен кейін кеселді жұқтыру деңгейі күрт артып кетті. 31 мың тұрғыны бар кіп-кішкентай Текелі қаласының өзінде 272 жағдай тіркелді, салыстыру үшін айтсақ, тұрғындарының саны 280 мың болатын Талғар ауданында 231 жағдай, ал 200 мыңдай тұрғыны бар Талдықорғанда 1022 жағдай тіркелген. Сондықтан Президенттің тапсырмасына сәйкес қатаң карантин қайта енгізіліп, ол көп күттірмей оң нәтиже бере бастады. Қазіргі кезде Алматы облысы эпидемиологиялық жағдайы бақылауға алынып, тұрақтанған алғашқы бестіктің қатарында. Қатаң карантиндік шаралардан кейін індет жұқтыру деңгейі күрт төмендеді, - деді А.Баталов.
Облыс әкімінің айтуынша, жалпы аумақта вирус жұқтырудың 4490 дерегі тіркелсе, соның ішінде 3787 адам жазылып шыққан, бұл 83% құрайды. Қабылданған шаралардың арқасында бүгінгі күні індеттің таралу қарқыны 1,2% болып отыр. Ауруханалардың жүктемесі 98%-тен 46%-ке дейін, яғни 2 есеге азайды.
- Біз Талдықорған және Алматы өңірлерінде коронавируспен сырқаттанған ауыр науқастарды емдеу үшін екі ковид орталығын құрдық. Мұнда әрбір ауыр сырқаттың жағдайы жеке-жеке қаралады, білікті мамандар тобы әр сырқатқа жеке ем тағайындайды. Соның нәтижесінде өлім-жітім азайды. Сонымен қатар жүргізілетін ПЦР-тестілеу санын көбейттік, соның арқасында ауруды анықтау көрсеткіші артты. Мұның барлығы кешенді түрде халықтың денсаулығы мен өмірін сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Себебі бізге адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ, - деді Амандық Баталов.
Облыс әкімі өз сөзінде коронавирустың таралу жағдайы шағын және бизнеске өз әсерін тигізгенін де атап өтті. Бұл орайда Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар өз нәтижесін берді, атап айтқанда салықтық ынталандырулар, несие төлемін кейінге шегеру сияқты шаралар да осы қатарда.
- Біз коронавирус жағдайында жұмыс істеп үйренуіміз керек. Карантин алынып тасталғанға дейін өңірдегі шағын және орта бизнестің барлық объектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарға сәйкестігін тексеру керек. Ол үшін әкімдіктердің жанынан арнайы мониторинг тобы құрылған. Бұл жұмыспен қазір жергілікті жерлерде аудан, қала әкімдері айналысуы керек. Олар маған қанша нысан тексерілді, оның қаншасы карантин алынғаннан кейін жұмыс істеуге рұқсат алды, соның бәрін күнделікті хабарлап отыратын болады. Шағын, орта бизнестің әрбір өкілі барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды үнемі сақтаудың маңыздылығын түсінулері керек. Бұл жалпыға ортақ талаптарды сақтасақ, біз вирусты жылдам жеңеміз, - деді облыс әкімі.
Сол сияқты Амандық Баталов коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге 30 пайыздық үстемақы беру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
- Коронавируспен күреске өңір бизнесмендері де зор үлес қосып келеді. Олар өз бастамаларымен медиктерге көмектесіп, ауруханаларға құрал-жабдықтар сатып әперуде. Сол үшін оларға рахмет айтамын. Дегенмен біз қазіргі қалыптасып отырған жағдайға шыдамдылықпен, түсіністікпен қарауымыз керек, санитарлық дәрігерлердің барлық талаптарын сақтауға тиіспіз. Бұл шағын және орта бизнеске тікелей қатысты. Егер олардың нысандары талап етілетін нормаларға сәйкес болса, карантин алынғаннан кейін жұмыстарына қайта кірісе алады. Бірақ жұмысқа кірісу туралы сөз үлкен мейрамханаларға, сол сияқты нысандарға қатысты емес, ол туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысында атап көрсетілген. Қазір бірінші кезекте шағын, орта бизнестің барлық нысандары тиісті тексеруден өтіп, жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындалулары керек, - деп А. Баталов сөзін қорытты.
Өз кезегінде «Тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қоғамдық палата өкілі Амир Газалиев сөз алып, қазіргі жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің пікір алмасуы аса маңызды екенін атап өтті. Ал облыс әкімімен өткізіліп отырған мұндай кездесулер өзекті мәселелерді талқылап, шешудің тиімді алаңы болатынын жеткізді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзуллин облыс кәсіпкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді жалғастыратындарын айтты.
Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар өңірдің 118,9 мың бизнес субъектісіне салықтық ынталандыру алуына көмектесіп, 641 субъектіге несие төлеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік жасағанын атап өту керек.
Еске салсақ, Алматы облысында барлығы шағын және орта бизнестің 123,6 мың субъектісі бар, онда 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оларда биылғы жылдың бірінші тоқсанында 260,7 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, қызметі көрсетілген, нақты көлем индексі - 106,4%. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында ШОБ субъектілерінен бюджетке 51,4 млрд. теңге түскен, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 500 млн. теңгеге артық.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.