Наградалар тапсырылды

Наградалар тапсырылды

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі, облыстың бас санитарлық дәрігері болған Қайрат Баймұхамбетов пен №28237 әскери бөліміне қарасты «Медициналық қызмет бөлімінің» басшысы Бегалдин Алашбаевтың отбасыларына наградалар тапсырды.

Өз сөзінде Амандық Баталов азаматтардың ерлікпен пара-пар еңбектерін ерекше атап өтті.

- Ел Президентінің Жарлығымен біздің жерлестеріміз қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік наградалармен марапатталуда. Олар өмірдерінің соңына дейін кәсіби антына адал бола жүріп, халықтың денсаулығын сақтау мен өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жолында өз өмірдерін құрбан етті. Олардың жарқын өмірлері әлі де алда еді, бірақ қауіпті індеттің кесірінен ажал құшты. Олар өз кәсібінің адал иесі, жауапты да абзал азаматтар ретінде біздің жадымызда сақталады. Марқұмдардың топырағы торқа болсын..., - деген А.Баталов, марапаттарды тапсырды.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетовке берілген ІІ дәрежелі «Барыс» ордені оның зайыбы Гүлжан Кәмелқановаға, ал «Құрмет» ордені №28237 әскери бөліміне қарасты «Медициналық қызмет бөлімінің» басшысы Бегалдин Алашбаев үшін жұбай Дамира Нұритдинқызына берілді.

Ресми кездесуде сөз алған мерт болған азаматтардың жесірлері өздеріне көрсетілген қолдауларға, ерлеріне берілген марапатқа ризашылық білдірді.

- Менің жолдасым Қайрат Қажыманұлы 30 жылдай санитарлық-эпидемиологиялық салада жұмыс істеді. Бүкіл саналы ғұмырын жұмысқа арнады, індетпен күреске бар күш-жігерін жұмсады. Алайда енді ортамызда жоқ... Өзінің азаматтық парызын, кәсіби міндетін адал орындағаны елеусіз қалмағаны көңілімізге демеу. Оны ұмытпай, еске алып жүріңіздер. Өздеріңізді, жақын жандарыңызды күтіп, сақтаңыздар. Сақ болыңыздар. Қауіпсіздік шараларын сақтап жүріңіздер, - деді Гүлжан Кәмелқанова.

Еске алу сөзінде Дамира Нұритдинқызы: «Менің күйеуімнің әскери дәрігер болсам деген арманы орындалды. Бұл саланың ауырлығына қарамастан ол өз кәсібін қатты жақсы көрді. Ел азаматтарына, облыс тұрғындарына мықты денсаулық тілеймін. Бір-біріңізге қамқор болыңыздар, - деді ол.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.