Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясымен күрес шараларына белсене үлес қосқан денсаулық сақтау саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсімі Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайы ғимаратында өтіп, марапат иелерін облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов құттықтады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өңір азаматтарының денсаулығын қорғауда табандылық танытып, қажырлы еңбек еткені үшін өңірдің 15 медицина маманы Парасат, Құрмет ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, сол сияқты Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ облыстың бір топ журналистері Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болды. Облыстық "Жетісу" телеарнасының директоры Серік Сарыбай ҚР Президентінің сыйлығына және төс белгісіне ие болды.
Барлық қатысушыларды алдағы Астана күнімен құттықтаған Батыржан Байжұманов облыс әкімінің атынан қажырлы еңбегі мен кәсібіне адалдығы үшін марапат иелеріне алғыс білдірді.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.